Түркістан облысының тұрғыны Нұрдәулет 6 жыл бойы құмар ойынға салынған. Мектеп жасынан ақшаға карта ойнаған ол студент кезде спорт ойындарына бәс тігуді әдет еткен. Өз өтірігім шындай көрінді деген ол анасын алдап, ақша алғанда өзіне қол салғысы келгенін жасырмайды. Stan.kz тілшісі ойыннан өмірім ойран болды деген Нұрдәулеттің оқиғасын тыңдады.
Әкесіз өстім ...
Түркістан облысы Сарыағаш қаласында туғанмын. Кейін отбасылық жағдайларға байланысты Қазығұртқа көштік. Қазір анам және әпкем үшеуміз тұрып жатырмыз. Әкем 4 жасымда қайтыс болған. Анам сол кезден бастап екі баласын өзі асырап отыр. Қазығұрттағы мектеп-интернатта 9-сыныпқа дейін оқыдым. Мектеп кезінде тәртіпті, үлгілі оқушы болдық. Одан кейін ауылға келіп, 10-11 сыныпты оқыдым. Осы кезде ақшаға карта ойнау басталды.
Жұмыс істемей-ақ бай-қуатты болғым келді
Нақты бір адам осы жолға тарты деп айта алмаймын. Жұмыс істемей-ақ ақша тауып, бай-бақуатты болуды көздедім. Жеңіл ақшаға қатты қызықтым.
Мектеп бітіргеннен кейін Қостанай қаласына оқуға грантқа жіберді. Осы кезден бастап спорт ойындарына бәс тігу, кейіннен ойын автоматтарына ақша салу менің күнделікті әдетіме айналды. Басында онша қызықпайтынмын, сосын аз ақшадан үлкен көлемде ақша ұтуға деген құмарлық басталды. Айналамдағы достарым тартты, ойна деп айтты демеймін, футболды жақсы көретін болған соң, оның қыр-сырына қанық болған соң бәрін білемін деп ойладым.
Тез-тез байып, жұмыс істемей-ақша тауып жүре беруді көздедім. Басында ойынға салынып бара жатқанымды байқаған жоқпын, кейінен үйдегілерден жиі-жиі ақша сұрай бастадым. “Өзіме ақша жетпей жатыр”, “оқуға керек”, “ауырып қалдым” деп түрлі сылтау айтып ақша алатынмын. Үйде дүкен болған соң, ақша жіберетініне сеніп алғанмын. Анам мен ағаларым ақшалай көмектесті.
Кәсіп ашамын деп алдап ақша алып, ойынға салдым
Үлкен ақша тіге бастағанда, қарыз да ұлғая түсті. Айналама айтатын сылтау қалмады. Үйдегілерден ақша алудың жолын іздестірдім. Ең соңында кәсіп бастаймын деп үйдегілердің жинап отырған ақшасының бәрін алдым. Оның бәрін апарып ойынға салдым. Анам маған қалтқысыз сенетін, қандай жағдай болсын менің сөзімді сөйлейтін. Кәсіп ашамын деп өтірік айтып алған ақшаны есептегенде, ойынға 6 жыл көлемінде 10 млннан жоғары ақша қарыз болдым. Бұл аз сомма емес. Ойынға салынғанымды алғашқыда үйдегілер білмейтін. Кәсіп ашамын деген ақшаны ойынға ұттырған соң, кім көрінгеннен ақша сұрап, иттен бір сүйек болдым. Ақыр соңында досым үйдегілерге хабарласып, менің құмар ойынға салынғанымды айтып берді. Ешқандай да дүкен ашпағанымды оның ақшасын ойынға тігіп жібергенімді айтты. Оны естігеннен кейін үйдегі ағам Қостанайға келіп, менен дүкен ашам деп алған ақшаны қайда жұмсағанымды сұрады. Мен басқа дүкенді көрсетіп, өзім аштым сендірдім.
Үйден қашып шығып, өзімді пышақтап өлтіргім келді
Үйдегілер кәсібі бар, оқып жүр, менде бәрі жақсы деп ойлады. Бірақ шын мәнінде мен ешқандай магазин ашқан жоқпын. Бәрін алдап жүрдім. Ойын ойнасам, өзімді бақытты сезінетінмін. Үйден алыста болған соң олар не айтсам да сенетін. Ең соңында көп ақша ұтыла бастадым. Барар жерім қалмады. 4 курс оқып жүргенде денсаулығыма байланысты үйге бардым. Бірақ сол әдетті тастамадым. Достарым арасында да сенімнен айырылдым.
Ең соңында үйден қашып кеттім. Вокзалға барып уақыт өткенін күтіп отырдым. Ал бұл кезде үйдегілер полицияға хабарласып, мені іздестіріп жатыр екен. Туыс бауырыма телефон шалып ақша керегін айттым. Ол полиция іздеп жүргенін, үйдегілердің қатты алаңдап жатқанын айтқан соң өзім үйге қайта бардым.
Үйге барғанда анам: “өлтіретін болдың ғой” деп күйінді. Енді ойнамаймын деп талай рет сөз берсем де, қоя алмадым. Шындық пен өтірікті ажырата алмай қалған кездерім болды. Өтірік айтып тұрып, мен шын айтып жатырмын деп ойлайтынмын. Ең соңында өмірге деген қызығушылығым болмай өзіме қол жұмсағым келді. Өзіме пышақ салғым келді. Бірақ жеме-жемге келгенде досым құтқарып қалды. Досымды шақырып, өлгім келетінін, үйдегілерден кешірім сұрап хат жазып кететінімді айттым. Ол сабырға шақырып, дұрыс жолға түсуге болатынын, үйдегілердің түсінетінін айтты.
Маған сенетін адам қалмады
Анам арнайы орталыққа барып емдетпесе болмайтынын, психолог мамандардың көмегіне жүгіну керегін айтты. Мен басында қарсы болдым. Бірақ маған сенетін адам жоқ, достарым қалмады. Өзімнің де алға қойған мақсаттарым жоғалды. Ешкім сенбейтін, тіпті жақын араласып жүрген достарымның өзі “сен өтірікшісің” дегені қатты батты. Содан орталыққа емделуге бардым.
Орталықта өз ойымды қорықпай жеткізіп, мақсаттарымды айқындап түзу жаңа өмірге қадам бастым. Айналамдағы адамдардың ешқандай кінәсі жоқ екенін, мұның бәрі тек өз қателігім екенін түсіндім. Бір жылдан асты, құмар ойындарды доғардым.