Өз қолыммен істегенді мойныммен көтерем...
Сәлеметсіздер ме кыз-келіншектер. Мен бүгін сіздерге өзімнің сырыммен, мұңыммен бөліскім келеді. "Өз қолыңмен істегенді мойныңмен көтер" демекші, жас өмірімді өзім құртып алып, енді міне, өкініп жүрмін.
Тұрмыс құрғаныма 2 ай ғана болды. Жасым болса 19-да. Жолдасым өзімнен 10 жас үлкен. Жолдасымды сүйген де, тіпті ұнатқан да емеспін. Сүйіп қосылғанға не жетсін, шіркін! Қыр соңымнан қалмаған соң қызық көріп кездесіп жүрдім. Ол үнемі маған телефон шалады, үйге келетін, Мен онымен сөйлесіп, уақыт өткізіп жүрдім. Бірақ ұнаттым деп айта алмаймын. Ол маған ұнататынын айтатын. Оның осы сөзіне алданып қалдым ба, әйтеуір кет демедім.
Сөйтіп сөйлесіп жүргенімізде бір күні ол мені алып қашты. Босаға аттап қойған соң кетіп қалуға батылым жетпеді. Енді қазір ерте тұрмысқа шығып, ақымақтық жасағаныма өкінемін. .Кейде бәрі түсім болса екен деп армандаймын. Ажырасып үйіме кетіп қалғым келеді, әттең болмайды, ата-анамды ойлаймын. "Қайтып келген кыз жаман" дегендей. Қайта үйіме барғаннан не шығады деп ойлаймын да қоямын. Не істерімді білмеймін, осы үйде амал жоқ журмін.
Күйеуіммен арамыз суып барады, қазір бөлек жатамыз. Бір-бірімізге сөйлемейміз де. Ол менің ұнатпайтынымды сезді ме, менен алыстай бастады. шынымды айтсам, оныың жақындағанын өзім де қаламаймын. Осылай жүре берсек, ары қарай не болмақ? Ақылдарыңыз айтыңыздаршы. Сырласатын дос та керек екен. Құрбыларымның көбі тұрмысқат шыққан жоқ. Оқу оқып, қыдырып, өз үйлерінде еркелеп жүр. Олар менің жағдайымды түсіне қоймас.
Аноним