Өз күйеуіме өзім тоқал болдым
Менің басымдағы жағдайды айтсам, ешкім сенбейтін шығар, бірақ өмір болған соң, адам басына салғанына көнеді екен. Жас кезде махаббаттың шырмауына оралған адамның жүрегінің азат болуы соншалықты қиын деп ойламаппын. Үнемі сезімге немесе өзіңнің арыңа бағыныштысың. Менің өмірім бәлкім ешкімге қызық емес те шығар. Дегенмен біреуге болмаса, біреуге сабақ болар деп басымнан өткен жағдайды «Алаш айнасындағы» «Отбасы – ошақ қасы» айдарына жазуды ұйғардым.
Мен де жас болдым, махаббатқа мас болдым. «Қыз құлағымен сүйеді» емес пе, өзіңді ғана сүйемін, өмірлік жарым етемін, ешқашан жылатпаймын, көзіңнен аққан жас тек қуаныштың жасы болады деп уәдені үйіп-төккен жігіттің етегінен ұстап, 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Ол жігіт өзіменнен 5 жас үлкен болатын. Сонымен балалықпен қоштасып үлгермей жатып, бір әулеттің келіні атанып үлгердім. Өзім 4 ұлтың арасында ерке өскен біреудің жалғыз қызымын. Екі аға мен екі інімнің ортасында ата-анама еркелеп, айтқанымды істетінмін. Осы шолжаңдығымды күйеуім көтереді деп ойлаппын-ау. Бірақ отбасылық өмірдің оңай емес екенін енемнің маған қабағы түйілген кезде, күйеуім әр нәрсеге зекіген кезде түсіндім.
Күйеуім үйінің кенжесі, ол ата-анасымен бірге тұруға міндетті, оның үстіне оңтүстіктің заңы да келінге қиындау ғой. Бәлкім мен өмірдің бұл сынынан сүріндім бе, әйтеуір ата-енемнің көңілінен шыға алмадым, күйеуім де бұрынғысынан өзгеріп кетті. Бірақ мен оны жақсы көрдім, одан бас тартқым келмеді, шыдауға тырысып-ақ бақтым.
Ол жұмысынан бос уақытында тойларда асабалық ететін өнері бар еді. Түнделетіп үйге келмеуді жиілетті. Маған мүлде көңіл бөлмейтін болды. Әрі-сәрі күй кешіп жүргенімде жүкті екенімді білдім, қатты қуандым, күйеуім де қуанған сыңай танытты, бірақ ол түнгі жүрістерін тыймады. Жүктілігімнің жеті айлық кезінде мен оның өзге қызбен кездесіп жүргенін біліп қойдым. Тойларда ән шырқайтын әдемі қызбен күнін де, түнін де бірге өткізіп жүр екен. Мен мұны енеме айтып ем, ол маған өзіме ұрсып берді. «Бір байыңа ие бола алмасаң, несіне қатын болып жүрсің, менің балам сенімен бірге тұра алмайды, пысық емессің, аузыңды ашып жүресің» деп айқайлады. Өзім көңілім жарым болып жүргенде енемнің бұл сөздері маған қатты батты. Бір сәтте жиналдым да, Алматыдағы төркініме кетіп қалдым.
Үйге қайтып келгеніме әкем де, анам да қуана қоймады, әрине. Екі ағам күйеуіммен сөйлеспек болды. Бірақ мен олардың күйеуіммен сөйлесуіне қарсы болдым. Байғұс анам әкем мен ағаларымды сабаларына түсіріп, маған қолдау білдірді. Сөйтіп тұғышымды төркінімде босандым. Босанғанымды күйеуіме, ата-енеме хабарладық, бірақ олар былқ етпеді, ешқайсысы тіпті жағдайымызды сұрап хабарласпады да. Біраз уақыттан кейін күйеуімнен екінші рет үйленгенін естідім. Сол баяғы әнші қызды үйіне әкеліп, беташар жасапты. Сонымен күдерім үзілді. Ата-анаммен, аға-жеңге, бауырларыммен бір шаңырақтың астында тұру оңай болмаса да, амал жоқ ұлым үшін шыдауға тырыстым.
Бірде ұлымның әкесі хабарласып, баласын көргісі келетінін айтты. Мен ойлана келе келістім. Әкесін баласымен қауыштырдым. Ол баласына келіп тұратын болды. Тараздан Алматыға баласын көру үшін келетін болған соң, қарсы болмадым. Біраз уақыттан соң екінші әйелінен қыз бала дүниеге келді. Оның енді басқа отбасы бар екенін біле тұра мен оның ұлымен араласқанын қаладым. Бар батылымды жинап, оған өзім хабарлама жазатынмын. «Балаңа келіп тұршы, ол әкесін көріп өссінші, біз сенен басқа ештеңе сұрамаймыз» дейтінмін. Ол менің бұл өтінішімді жерге тастаған жоқ, келіп тұрды. Келген сайын маған көңіл бөлмейді, тек баласымен қыдырады, сыйлығын алып береді. Уақыт өте келе үшеуміз бірге қыдыратын болдық, ол маған жылы жүзбен қарай бастады.
Бірде баламның әкемсі күтпеген жерден маған ұсыныс жасады. Ол қазіргі әйелін тастай алмайтынын, бірақ бізге де қарайласып тұратынын, Тараздан үй алып беретінін, екі отбасына теңдей қарайтынын айтты. Мен басында оның ойын дұрыс түсінбедім. Сөйтсем ол маған қайта қосылайық, тоқалым бол деп тұр екен. Ал қазіргі әйелі оның ата-анасымен тұрады. Мен бірден келсе алмадым. Бірақ үйге келіп көп ойландым. Ата-анамның абыройын ойладым, басқа әйелге үйленіп алған күйеуіме қайта қосыламын десем олар не ойлайды деген ой мазалады. Бір жағынан өз баламның әкесімен бірге тұрғанда не тұр, аға-жеңгемнің қас-қабағына қарап, баламды жаутаңдап өсіргенше, өз әкесімен қосылсам ба екен деген ойға келдім. Бұл ойымды анама айттым. Анам жайлап әкеме, ағаларыма жеткізді. Күйеуім ата-анамның алдына келіп кешіріп сұрап, алдағы уақытта шариғатқа сәйкес екі отбасын асырай алатынын, баласын өзі тәрбиелегісі келетінін айтып, рұқсатын сұрап, бізді алып кетті. Таразда бізге үлкен жер үйді жалға алып берді. Өзі бізге аптасына 2-3 рет келіп тұратын. 2-3 айдай бәрі жақсы болды. Бірақ уақыт өте келе әйелі қызғанатынды, бізге жібермейтінді шығарды. Біздің үйде отырған кезде телефонына хабарласып, қызының ауырып қалғанын айтып, әр нәрсені сылтауратып шақырып алатын.
Бірде ол әйелін біз тұрып жатқан үйге де алып келді. Мен оның жанында өзімді қор сезіндім. Бәріміз бір үйде түнедік, күйеуіме бөлек бөлмеге төсек салдым, бірақ таңертең тұрсам, әйелі қасында жатыр.
Менің ұлым үнемі менің қасымда өскендіктен әкесіне айтарлықтай жақын емес, анда-санда бір көретін ғой. Ал оның қызы әкесінен айрылмайды. Мен бұрынғы күйеуімді әйелі мен қызының жанында көргенімде оны бұлай бөліске салуымызға болмайтынын түсіндім. Өз күйеуіме өзім тоқал болам деп өзімді жоғалтып алғандаймын. Не істерімді білмей әбден басым қатты. Баламды әкесіз өсіргім келмегені рас, бірақ жарыңды өзге әйелмен бөлісудің осыншалықты қиын екенін білсем де, бәріне төзем дегенім артықтау болған сияқты. Бәлкім мені шыдамсыз, тұрақсыз дерсіздер. Мүмкін солай да шығар, бірақ мен мұндай өмірге де төзе алмадым. Ата-анамның артымнан салып жіберген жиһаздарын, көрпе-жастықтарын, киім-кешектерімізді де қалдырып, тек ұлымыды жетектеп Алматыға тартып кеттім. Күйеуім тіпті қайда кеттің де демеді. Қара бет болып төркініме қайта оралдым. Ең сорақысы, үйге келген соң екінші балама аяғым ауыр екенін білдім. Қазір 3 айлық қызым бар. Әкесімен мүлде арамызды үздік, тіпті хабарласпаймыз да. Айта берсем, арамыздағы әңгіме жетерлік. Бірақ тоқетері, қазір мен екі балам үшін өмір сүремін. Алланың қалауымен екі балам бір ана, бір әкеден туылуы қажет болған шығар. Осы ғана көңіліме медеу. Бір түсінгенім, сынған кесе қайта бүтінделмейді екен. Отбасы үшін дер кезінде күрсепсе, қолыңды кеш сермегеннен пайда болмайды екен, қыздар! Ерінбей оқып шыққандарыңызға рахмет! Барлықтарыңызға бпақыт тілеймін.
Аноним