Отбасын ойрандаған әйелдерді жазалайтын заң болса...

ladyeah.ru

Таяуда редакцияға орта жастан асқан келіншек келді. Отбасын сақтап қалу үшін әділдік іздеп жүргенін айтқан ол «Шындықты шыңғыртып жаза аласыңдар ма?» – деп сұрақты төтесінен қойды. Шаңырағында соңғы жылдары болып жатқан шырғалаңды айтқан ол: «Менің айтқан сөзімді өзгертпестен сол күйі жазсаңыздар», – деді. Біз оның жанайқайын түсінуге тырыстық. Бірақ қолымызда дәлелді деректер жоқ болғасын ондай қадамға бару дұрыс болмас еді. Сонда да «Алаш айнасы» бұл материалда кейіпкерлердің аты-жөнін өзгертіп, болған оқиғаны барынша шынайы баяндауға ұйғарды. Ал болған жайға төрелік етіп, басты кейіпкерімізге ақыл-кеңес айтуды көзіқарақты оқырманның өзіне қалдырдық. Сонымен Айнұрдың әңгімесі былай басталады.
Олар агентпен танысқан
«Жұбайым екеуіміздің арамызға бір әйел түскелі бір жылдан бері отбасымыздан береке кетті. Олар 2013 жылдың тамыз айында агент арқылы танысқан. Ол келіншектің есімі – Әлия, бір қызы бар. Бірақ менің білуімше қызы да онымен бірге тұрмайды. Жаныма бататыны – Әлия білім саласында қызмет атқарады. Әділдік іздеп ол әйел қызмет жасайтын мекеме басшыларына да бардым. Мекеме басшылары: «Біз ол адамның жеке өміріне араласа алмаймыз, оның құқын бұзуға қақымыз жоқ», – дейді. Жазбаша берілген жауапта да «Арыз бойынша көрсетілген адамның іс-әрекеттері туралы мән-жайды шешу жолдары тараптардың өз құзіретіне жатады» делінген. «Сонда күндіз балалар мен мұғалімдерге тәрбие туралы әңгіме айтып, түнде ойнас жасауға болатын болғаны ма? Шаңырағым шайқалудың аз-ақ алдында тұрған менің құқығымды кім қорғайды?» – деп ашынады біздің кейіпкеріміз.
«Күйеуіңіздің теріс әрекетін қалай байқап қалдыңыз? – деп сұрадық біз одан. «Ұйықтап жатқанда телефонына СМС келді. Дыңылдап қайта-қайта қоймағасын ашып қарадым. Онда «Танысар-таныспастан маған көмек қолын создың. Мен сені сүйемін! Саған рахмет» деп жазыпты. Бұған дейін ол үйге түн ортасында, таңда келіп жүрді. Сосын жолдасымнан жайлап сұрадым. Басында мойындамай жүрді. Кейіннен ол бәрін айтып берді. Күйеуім: «Ол әйелге бармаймын деп отырып, қалай барғанымды өзім де білмей қаламын. Екі аяғым мені сол әйелге алып барады. Есіл-дертім сол әйел» деп жасырмай айтты.
Басында ортада өсіп келе жатқан балаларымыз бар ғой деп мән бермей жүрдім. Бірақ олардың арақатынасы қаңтар айында тіпті күшейіп кетті. Ақпан айының әр сенбісінде ол үйге қонған жоқ. Баламыздың сыныптасы көршіміз еді. Сол бала үйіне «Жасұлан ағаны күнде кешкілік «Школьник» аялдамасынан көремін. Ол бір машинаға мініп кетіп бара жатады, шофері әйел адам» деп айтып келіпті. Осындай жағдайлардан кейін қазір балаларым да біледі. Екі ер балам бар, үлкені 11 бітірді, кішісі 7 сыныпта оқиды. Жұбайым 30 желтоқсан күні екі баласын екі жағына отырғызып, жақын-жуықтың алдында: «Мен қойдым. Енді жанұяммен боламын» деп сөз берді. Сол күні ол әйелге «соңғы рет барып, бәрінің біткенін айтып келемін» деп кетті. Мен шығарып салдым. Сол барғанда «Менің аяғым ауыр. Сен кетсең өлемін» дегесін арақатынасын үзбей қайтып келіпті. 31-желтоқсан күні бәріміз жанұямызбен Жаңа жылды қарсы алдық. Бірінші қаңтар күні қайтадан сол әйелге кетті. Содан үйге 8 қаңтарда әрең оралды. Сөйтіп олар жасырын кездесулерін қоймады.
Мамырдың 11-і күні балам 18 жасқа толып, достарымен отырамын дегесін біз кіші баланы алып досымыздың үйіне бардық. Олардың өз дүкені бар еді. Күйеуім: «Мен Арманның қасында боламын, сендер үйге бара беріңдер, шай дайын болған кезде айтарсыңдар» деді. Ойымда түк жоқ. Жайбарақат жүрмін, шай дайын болғанда хабарластық, «Мен футбол көріп отырымын, шай іше беріңдер» деді. Түнгі он екі жарым болды, телефонына хабарластым: «Қазір барамын» деді. Сөйтіп жатып ұйықтап кетіппін. Сағатқа қарасам, таңғы төрт болған, күйеуім әлі келмепті. Досымызға қоңырау шалсам: «ол баяғыда кетіп қалды ғой, барған жоқ па?» деп қарап тұр. Ұялы телефоны сөндірулі, сол әйелге кеткенін бірден білдім. Таңғы жетіге дейін ұйықтай алмадым.
Дүкенге, досымызға келіп: «Шыныңды айтшы, ол соған кетті ме?» деп сұрадым. Ол: «Менің қасымда отырғанда әлгі әйел қайта-қайта звандады. Жасұлан көпке дейін телефонды көтермеді. Қайта-қайта звандап қоймағасын телефонның дауысын шығарып сөйлесті» – деді. Содан Әлия машинасымен алып кетіпті. Үйімізден береке кете бастағасын мен Әлияға звандадым. Бірақ ол телефон көтермеді. Ызаланып: «саған жұмыс керек пе, әлде менің күйеуім керек пе? Мен қазір төрт жерге арыз жазып отырмын, телефон алмасаң арыздарды тиісті жеріне апарамын» деп смс жаздым. Әлгі хаттан кейін ол менің телефоныма өзі шықты. Сондағы маған айтқаны: «Менің өзімнің жолдасым, үш қызым бар. Жаңа телефон алмаған себебім мен отбасыммен қыдырып жүрдім» деді. Ол әйелдің бұл сөзінен кейін менің жұбайымның өзі кінәлі шығар деп қайта басылып қалдым. Бірақ күн өткен сайын олардың арақатынасының күшейіп бара жатқанын білген соң мен білім мекемесіне ол әйелді іздеп бардым. «Қазір шығып менімен сөйлесіңіз, сөйлеспесеңіз бастығыңызға кіремін» деп едім, ол кісі «мен алтыншы шағын аудандамын, сондағы №51 үйге кел» деді. Жазған құлда шаршау бар ма уәделі жерге бардым. «Маған біреудің жолдасы керек емес, мен одан бақыт таппаймын, өзімнің кездесетін адамым бар» деп ағынан жарылды. Мен оған «Адамның жазасынан қорықпасаң да, Алланың жазасынан қорық. Өсіп келе жатқан қызыңның тағдырын ойла. Сен менің балаларымның балалық шағын жойып отырсың. Үйдегі айқай-шудан олар да шаршады. Менің жолдасым бәрін мойындап отыр. Сен енді оны мазалама» деп, мән-жайды ашық айттым. Ол мені түсінгендей болды. Осымен бәрі біткен шығар деп ойладым. Бірақ біздің үйдегі айқай-шу жалғаса берді. Жолдасым адам танымастай өзгерді. Телефонды ұстап алып, бүрісіп отырады. Тіпті ағайын – туыс, дос-жарандарымызға дейін оның өзгергенін айтып, таңданып жүрді».
Сәбиімді түсіріп алдым...
«Жұбайыңызды үйіріп алған жанмен кездескенде қандай әсер алдыңыз? Оның сізден қандай артықшылығы бар екен? Мүмкін, жолдасыңыз ол кісіге ғашық болып қалған шығар? Сіз ол әйелді кінәлап отырсыз. Бәлкім жұбайыңыздың өзі кінәлі шығар» – дедік біз көкейге келіп қалған ойды іркіп қала алмай:
– Мен жолдасымды жақтамаймын. Оның да кінәсі бар. Бірақ мені ашындырып тұрғаны – Әлия білімді әйел, үлкен білім мекемесінде қызмет жасайды. Күйеуімнің отбасы, екі баласы, жылап-еңіреп жүрген әйелі бар екенін білді ғой. Жасы болса 43-те, менің жолдасым-39-да. Әлияның агенттегі фотосы өте әдемі. Жас қыз сияқты. Бірақ өзімен кездескен кезде мен ешқандай артықшылық сезінген жоқпын. Бойы кішкентай, қара торы әйел.
Осы әйелдің кесірінен көтеріп жүрген баламды да түсіріп алдым. Кіші балам 12-жаста. Ұлдан қайыр ма, қыздан қайыр ма, кім біледі? Бірақ өзім қызым болса деп армандаймын. Сегіз жылдан бері бала көтере алмай жүр едім. Осы сәуірде аяғым ауыр екенін білдім. Өзім қаралып, ем алып жүрген емші апам бар еді. Ол кісі: «22 мамырға дейін сақ болшы» деп ескерткен. Өкінішке қарай, дәл сол күні баламды түсіріп алдым. Жасұлан негізі Атырауда вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Бірақ үйде демалған кезде қосымша ақша табатын. Сол жұмыстарымен шығып кетіп еді. Оның үйге келе жатырмын деген сөзіне сенбей Әлия тұратын үйдің аялдамасына барып отырдым. Бір қарасам, күйеуім зулап әлгі әйелдің үйіне кіріп барады екен. Шыдай алмай, тұра жүгірдім. Әлияның мекен-жайын ғаламтордан біліп алғанмын. Адасып жүріп таптым. Екеуі де жалма-жан ұялы телефондарын өшіріп тастаған, алмайды. Бір кезде күйеуім телефонды көтерді. «Мен есіктің алдында тұрмын аш» дедім. Күйеуім үйден шыққасын «ана әйелді алып шық, сөйлесемін» дедім. Сонда маған Әлия: «Кешір, біз болдық. Мен бұған айтып жүрмін. Енді ол маған келсе, саған звандаймын» деді. Сол күнгі ашу-ыза маған қатты әсер етіп, баламды түсіріп алдым. Сол күннен кейін күйеуім түн ортасында ол әйелдің машинасының терезесін сындырып, айқай-шу шығарған. Таңғы төртте «Мен Әлияның есігінің алдында тұрмын, ол есік ашпайды» деп звандады. Өзі ішіп алған. Әлияның апа-жездесі келген. Такси ұстап барып, үйге алып келдім. Таңқалдыратыны сол кезде ол әйел неге полиция шақырып, күйеуімді ұстатып жібермеді. Заң бар емес пе? Себебі, өзінің бүлдіргені көп болғасын, сол ашылып қала ма деп қорқады. Әйтпесе білімді адам заңды түрде қадам жасауына сауаты жетеді ғой.
Әлия 6 шілде күні үйге келді. Үйде балалар бар еді. Тасалау жерге барып, кездестік. Әшейінде, ешкімге сөз бермейтін жұбайым үндемейді. Мен сосын мүмкін араларында шынымен махаббат бар шығар деп ойлап, жұбайыма: «Қажетті киімдеріңді алып, сол әйелмен екі ай тұрып қара. Мен балаларға өзім түсіндіремін. Егер үйлесіп, жақсы болып кетіп жатсаңдар маған хабарлас. Ажырасуға арызды өзім жазып беремін. Ал егер жараспай жатсаңдар, үйге қайтып кел, есігім ашық, мен сені қабылдаймын. Тек екі айдың ішінде бір шешім қабылда» дедім. Бірақ жұбайым: «Мен отбасымды тастамаймын» деп азар да безер болады. Бір жыл бойы осы сергелдеңнен қатты шаршадым. Осындай әйелдердің кесірінен қаншама отбасы ажырасып жатыр. Мен барынша өз жанұямды сақтап қалғым келеді. Былай қарасаңыз, мен өз етегімді өзім ашқан адам сияқтымын. Бірақ мен отбасымды сақтап қалу үшін күресіп жүрмін. Біреудің отбасын ойрандаған әйелдерді жазалайтын заң болса ғой.
Мен тіпті Әлияның білдей бір мектептің директоры болып қызмет жасайтын апасына да іздеп бардым. Ол кісі менің күйеуімді «Ана колхозник пе?» деп кекесінмен қарсы алды. «Әлия 43-тегі ақыл-есі дұрыс адам, ол өзі біледі» дегендей әңгіме айтты.
Анам да алданудың құрбаны болған
Анам 1951 жылғы еді, мектепте мұғалім болған. Әкемнің көңілдесі бар екенін біліп қалғаннан кейін өз-өзіне қол жұмсапты. Өйткені ол кезде ажырасу ұят еді. Мен сол кезде бір жаста болыппын. Есейе келе «анам неге олай жасады екен?» - деп жылайтынмын. Жастайымнан аға-жеңгемнің қолында өстім. Орта мектепті ғана бітірдім. Жеңгем кішкентайымнан жұмсап өсіргендіктен үй шаруасына мығым болып өстім. Өмірде соның пайдасы тиді. Қазір бір ауқатты шаңырақта он жылдан бері үй қызметшісі болып жұмыс жасап келемін. Кішкентайымда «неге мені жұмсай береді» деп жыласам қазір жеңгеме рахмет айтамын. Өйткені мен өмірлік нанымды адал еңбегіммен тауып жеп жүрмін. Жұмысым өзіме ұнайды. Тып-тыныш, тату-тәтті біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей тұрмыс кешіп жатқанбыз. Жұбайым жанұясын төбесіне көтеріп жүретін. Әсіресе екі баласына келгенде, шығарға жаны бөлек еді. Достарымыздың, ағайын-туыстың басын қосып жүретін алтын көпір сықылды еді. Қазір бәрі өзгерді. Бізге жаны ашыған бір досымыз Әлияға звандап, сөйлесті. Сонда оның айтқаны: «Оның үйі де, басқасы да керек емес, маған оның өзі керек. Мен оны сүйемін» депті. Бәрінен де жұбайымның күн өткен сайын жүдеп, өз-өзін жоғалтып бара жатқаны жаныма батады. Біреулерден дуа салған дегенді естіп, емшілерге бардық. Қазір бір емшіге барып, қаралып жүрміз. Ол кісі: «Талай дуаны көріп жүрмін, мынау бөлек, қатырып тастаған екен» дейді. Емші апай Құран оқыған соң құсады. Сонымен дуа шығып жатыр дейді. Бірақ күйеуім оны әлі іздейді. Осы жақында екі-үш рет үйіне іздеп барыпты. Ол есік ашпапты. «Мен оны ұмытқым келеді, бірақ ұмыта алмаймын, соны ойлай беремін» деп маған бәрін жасырмай айтып, жылайды. Он сегіз жыл отасқан жарымнан мұндай сөз есту маған да ауыр. Өзім де қатты қиналамын. Бірақ уақытша қиындық шығар деп өзімді жұбатып жүрмін, – деді егіліп жылаған Айнұр.
Біз Айнұрдың рұқсатымен күйеуі Жасұланмен телефон арқылы сөйлестік. Ол былай деді: «Соңғы бір айдан бері мен Әлиямен байланыста емеспін. Мен ол туралы жаман пікір айта алмаймын. Ең жаманы осы болды. Сегіз емшіге бардым, сегізі де сізге дуа алған, – деген әңгімені айтады. Мен оны кінәламаймын, өзімді кінәлаймын. Егер агентке кірмей, ешкіммен таныспай, тыныш жүрсем, бәрі жақсы болар еді. Алдағы жоспарым – әйел, бала-шағаммен бірге болу».
***
Біз материал дайындау барысында Әлияның үй, ұялы телефондарына бірнеше рет хабарластық. Алайда оның ұялы телефоны сөндірулі болды. Үй телефонын ешкім көтермеді. Жұмыс орнына хабарласқанымызда оның жұмыстан шығып кеткені туралы мәлімет алдық.

Дарын ДАРАБОЗ 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста