Отбасылы адам көңілдесі үшін отбасын тастап кетпейді
Астаналық бойжеткен отбасылы адамның көңілдесі болудың қандай екенін айтып, жас қыздарды әйелі бар адамға жоламауға шақырды.
Оның айтуынша, қазір отбасылы адамдармен көңілдес болуға дайын тұратын қыздар өте көп. Бірақ, олардың 90 пайызы әйелін тастап, көңілдестеріне кетіп қалмайды. Жеңіл өмірге қатты қызығатын жігіттер бар жауапкершілікті әйелдің мойнына артып қоюға құмар деді Аружан есімді астаналық қыз.
Ол Ерболмен бұдан бес жыл бұрын танысқан. Бастапқыда оның құрбысымен жүріп жүрген Ерболды көріп ұнатып қалған Аружан онымен қалай да жақындасқысы келеді. Өзінің Ерболға деген сезімін құрбысына айтқан соң, құрбысы өзінің жігітін Аружанға «беруге» келіседі. Сөйтіп екі құрбы отбасылы адамды қалай қолға түсіреміз деген мәселеге бас қатыра бастайды.
Отбасылы жігітті ақыры өзіне қаратқан Аружан сүйіктісін қалай арбап алғанын айтып берді.
«Оны өзімнің үйіме шақырдым. Жалғыз оны ғана емес, жанына ортақ достарымызды да қостым. Бірақ Ербол елден бұрын, ерте келді. Бастапқыда оны қатты ұнататындықтан, қысылып, басқа бөлмеде дастархан жайып жүріп алдым. Қысылдым, ұялдым. Бір кезде ол өзі жаныма келіп, маған жақындай түсті. Осылайша, біз төсектес болдық. Бір кезде достарымыз келді. Оларға ешнәрсе білдірмедік. Олар біраздан соң кетіп қалды. Ал Ербол сол түні жанымда қалды», - дейді ол.
Айтуынша, Ерболдың жары аса ауқатты, еліміздегі танымал тұлғалардың қызы болып шыққан. Ербол ата-енесінің зәулім сарайында еш қиындық көрместен өмір сүрген. Сол кезде оның бір баласы да болған.
Бірақ жары, әлбетте, Ерболдың басқа қызбен жүргенін білмеген. Уақыт өте келе Аружан Ерболдың қарапайым отбасынан шыққанын білді. Бірақ оған ақшасы емес, сезімі маңызды болғандықтан оған мән бермеген.
Өзінің қызметі жоғары әрі айлығы да көп болғандықтан, ол Алматыдан 170 мыңға үш бөлмелі пәтерді жалдап, Ерболдың бар жағдайын жасауға тырысқан. Осылайша Ербол екі әйелдің ортасында шалқып өмір сүре береді. Күн өткен сайын Аружанның сезімі ұлғая түсіп, ол оны әйелінен қызғана бастады.
Кейде барлық шындықты әйеліне барып айтып, Ерболды отбасынан ажыратқысы да келген екен. Бірақ, өзін сабырға шақырып, әліптің артын бағуды ойлапты.
Осылайша, Аружан Ерболдың казиноға деген құмарлығын да байқап қояды. Ол тапқан таянғанын құмар ойындарға жұмсап, ақшасын шашатынын білген. Тіпті бір кездері ол біреулерге миллиондаған қаражат қарыз болып, әйеліне үйімнен жырақта бола тұрайын деп алдап, Аружанның үйіне мүлдем көшіп келіп алады. Не ішем, не киім демеген жігітті енді Аружан асырауға мәжбүр болады.
«Осылай мен нағыз альфонс жігітке тап болдым. Мен оның шығындарын, кафе-мейрамханалардағы есептерін түгел өзім төлеп жүрдім», - дейді одан көңілі қалған қыз.
Бірақ, Ербол отбасын тастауды мүлдем де ойламаған. Әйеліне қарызымнан құтылып алған соң келем деп уәде етіп жүріп, ол көңілдесінің үйінде уайымсыз тұра береді. Аружан одан тіпті жүкті болып, оны бала арқылы өзіне үйлендіргісі де келген екен. Бірақ, неге екенін белгісіз, ол бала көтере алмаған.
Бірде отбасылық мейрамдардың бірінде Аружан құрбыларын шақырып, Ерболға арнап дастархан жаяды. Бірақ Ербол қоңырау шалып, «Баламмен боламын, саған келе алмаймын», - деп тұтқаны қоя салады. Аружан онда да Ерболдан бас тарта алмайды.
Сезімнің құрсауында жүріп жүріп, ол ар-ұятты да ұмытып кеттім дейді. Бірақ басынан өткен тағы бір оқиға оның есін бір-ақ жидырады.
«Бір күні түнде оянсам, жігітім орнында жоқ. Телефоны өшірулі. Бір кезде оның бар жиған-терген ақшамды алып кеткенін көрдім», - дейді ол.
Аружан өзінің шалыс басып, қанша жылын зая кетіргеніне қатты өкінеді. Себебі, Ерболды екі әйелді қойып, тіпті үшіншісіне де барып жүргенін біліп қояды. Әрең дегенде өз-өзіне келген Аружан одан мүлдем қол үзіп, дені дұрыс жігіт іздемекке бел буады. Бірнеше ай басқа қалаға кетіп қалған ол, оны үш ай өткен соң әрең дегенде ұмытқандай болады.
Бүгінде жүйке жүйесі әбден жұқарған қыз 30-дан асып кетсе де әлі тұрмысқа шықпай жүр. Оның бойында түрлі аурулар пайда болған. Тіпті түнде ұйықтай алмайтын дәрежеге жеткен. Оның біреудің шаңырағынан бақыт таппайтынына көзі жетіп, қыздарға өзі басқан отты баспауға шақырып отыр.
«Отбасылы адам көңілдесі үшін отбасын тастап кетеді деген өте сирек болады. Сондықтан біреудің бақытына қол сұқпай, отбасылы адамдарға жоламаңдар, қыздар», - дейді ол.