Өмірімді мойнымдағы қарызсыз қайта бастағым келеді ...
Бүгін мен сіздермен өзімнің ішкі құпияммен бөліспекшімін. Мектепті үздік оқыдым, 11 жыл. Сөздің шыны керек жолымды, әр басқан қадамымды жігіттер аңдып, хат жазып, сөз салып маза бермейтін. Ата-анамды бүкіл ауыл тіпті аудан танитын. Әкемді бәрі бай деп атайтын. Мені де солай байдың қызы дейтін. Ес танығалы қиыншылық көріп өскен жоқпын. Әкем бай деп те көкірек кермейтінмін. Мектептің ең алды қыздары болып тәртібіммен көзге түсіп мектепті бітірдім. Ешқандай жігітпен жүрген жоқпын.
Ата анам көбінде өз бизнестерімен шетелге кететін мен ініммен жалғыз қалатынмын. Менен үлкен ағам және әпкем бар. Жанұяда 4 перзент өстік. Ағам да, әпкем де ЖОО-нын бітірді. Менде 11 сыныпты бітіріп грантпен Алматы қаласына «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түстім. 4 жыл бар ойым магистратураға оқу еді. Солай да болды. 4 жыл мен тек оқыдым анам ай сайын ақша жіберетін. Шыны керек ақшадан қысылып көрмедім. Солай университетті бітіріп басқа қалаға магистратураға ақылы бөлімге оқуға түстім. Сол мен оқуға түскен жылдары ата анамның жұмыстары жақсы жүрмей отырып қалды. Бір ұтқаны ағамды оқуды бітіртіп үйлендірді, жұмысқа орналастырды. Әпкемді 7 жыл оқытып ұзатты, інімді колледжден кейін университетке түсірді. Солай бәрімізді оқытып біткен соң ол кісілер қиналып қалды. Мен магистратура оқып сол университет деканатында методист болып жұмыс атқардым. Өз оқуымның ақшасын өзім төлеп жүрдім. Магистратураға түскен жылдары сол қаланың Ермек есімді жігітімен сөз байластық. Менімен құрдас жігіт болатын. Жап-жақсы жүріп жүрдік. Ол бір үйдің жалғыз ұлы болатын. Сымбатты ұзын бойлы жігіт... Мен магистратураның 2 курсына өтер кезде ол маған үйленетінін алып қашып, беташар өткізіп, тойын көктемде өткізетінін айтты. Анасы жұмыссыз үйде отырады, әкесі ұста, бірақ әкесінің арақ ішетінін айтты. Мен барлығына көндім. Жарайды маңыздысы Ермек жақсы жігіт деп. Анам білетін ол жігітті. Бірақ әкесі ішетінін, анасы өмір бойы үйінде отырғанын есітіп анам қарсы болғандай кейіп танытты. Сырттан сұрастырса анасы өте салақ, үйі 1 бөлмесі ғана біткенін нашар тұратыны жайлы хабар есіткенін айтып, анам қарсы болды. Ол бір күні маған келіп саған үйленемін, менің үйім бітпеген мен сол үшін банктен кредит алып жатырмын, үйді бітіріп, саған үйленемін деді. Мен кредит атаулыдан соншама қатты қорқамын. Ата анам кредит дегенді сұмдық етіп миыма сіңдіргеннен болар бәлкім. Бар қорқынышым үйленгесін бар тапқанымызды кредитке құямыз ба, өмір бойы кредит төлейміз ба деп қатты қорықтым. Жатсам тұрсам сол үрей маған маза бермеді. Сосын болмашы себеппен біз ұрысып қалдық. Ол қанша звондаса да, келіп кешірім сұраса да мен кешірмедім. Көңілім тартпады. Қасыма келгенде екі қолыммен көкірегінен итердім. Соған қарағанда мүмкін мен оны шынайы жақсы көрмедім... Ол кезде агент болатын. Агентке кірсем Серік есімді жігіт танысуды ұсыныпты таныстық. Номерімді алды. Ол Алматыда күзетте жұмыс жасайтынын айтты. Менен 5 жас үлкен жігіт болатын. Ол Алматыда мен Шымкентте күнде телефонда сөйлесіп жүрдік... Телефонда біз бәрін шештік бір-бірімізге ұнасақ үйленеміз деп. Солай 1 ай сөйлестік екінші ай кездестік. Сөздің шыны керек маған мүлдем ұнаған жоқ. Өзін ұстауы, түр келбеті, бәрі бәрі. Бірақ менің жасым 23 тен асып барады, үйлену керек. Ермекке ашулымын одан кек алу керек тұрмысқа шығып. Ертеңіне Серік мені анасымен таныстырды. Анасы жылы жүзді, әдемі кісі болып көрінді көзіме. Негізі Серік үйінде 3 ұл 1 қыз екен. Серік 3-ші перзент екен. Бірақ Серік туыла салып Серіктің әкесінің қарындасында бала болмай асырап алған екен. Сонда Серіктің әпкесі Серікке аналық махаббатын берген кісі екен. Ол кісі оқыған-тоқыған білдей мектеп мұғалімі екен. Таныстық, отырдық, қыдырдық сосын ертеңіне мен Серікті Алматыға шығарып салдым. 2 ай өткесін Серік тағы да келіп маған сырға салмақшы екенін айтты. Анасы үйге келіп құлағыма сырға салып кетті. Сонымен не керек мен өмірімде 2 ақ рет көрген оқымаған білімі де жоқ жігітке аттастырылдым. Ата анамның жұмыстары жақсы кезінде бәрімізге жер алып қойған болатын. Сол жерді сатып менің жасауымды жасады. Не керек барлық бұйымымды алып берді. Солай мені ұзатты. Мен өмірімде от жағу қалай, пеш деген не, газ балон не ешнәрсені көрген емеспін. Кішкентайымнан ханшайымдай даңғарадай үлкен үйде өскенмін. Ол үйге барып аспаннан жерге түскендей болдым. Кіп-кішкентай кәдімгі ауылдың үйі. Көрші-қолаңдар адамдар бәрі қызық-қызық. Серікті де жөнді танымаймын. Ашу үстінде тұрмысқа шықтым. Беташарым болды. Серік қасымда 20 күндей болып өзі қайта Алматыға кетті. Мен магистратурада оқимын жұмысым бар мен қалдым. Енем жұмыстан келеді менімен тіпті жұмысы да жоқ. Келеді жатады. Әжеміз бар 80-нен асқан, тұрмыстан қайтқан әпкеміз бар қызымен. Кемпірдің үйі болғасын бәрі осы жерде. Серік той өткіземіз, туысқандар көп кредит алсақ той ақтайды деді. Мен араласпадым. Не керек кредит алып тойды өткізді. Бірақ той бәрін ақтап біздің кредитімізді ақтамағанын есітіп жолдасым кәдімгідей күйініп тұрып жылады. Мен өмірді көріппін ба дымда түсінгем жоқ. Солай Серіктің әпкесі әлгі жолдасымды асырап алған анасы бізге енді кредитті төлеңдер, Алматыға кетіңдер деп шығарып салды. 4 көрпешеміз, 1 сөмке киім, 1 сөмке тамақпен біз Алматыға кеттік. Бізді күтіп тұрған үйде жоқ, маған жұмыста жоқ. Солай жолдасым жұмысына жақын жерден пәтер жалдап тұрдық. Мен 3 ай сандалып ақыры өзім оқыған университетке хатшы болып жұмысқа орналасып алдым. Тапқан ақшамыз пәтер, кредит, тамақ одан артпайды. Жолдасым мені елден ерекше жақсы көреді. Асты-үстіме түсіп, бүкіл жағдайымды қолынан келгенше жасайды. Менің бір жерім ауырса ішкен асын жерге қойып, қасымда шыр көбелек болады.
Бір жыл өтіп енді бір-бірімзге үйрне бастағанда жолдасымның ағасы келіп жылап жолдасыма тағыда өте үлкен сомада кредит алып беруін, 2 айда түгел жауып тастаймын деп уәдесін алып кредит алдырды. Бұл уақытта жолдасым атындағы кередитті менің атыма өткізген едік. Кредит алып бердік. Бірақ ай сайын менің айқайыммен кредиті әрең жабылып жүрді. Міне 5 айдан асты не істесеңдер о істеңдер деп ағамыз кредитін төлемей қойды. Жыладық еңіредік болмады. Өте үлкен сомадағы кредит еді. Ағамыздың жұмысы болмай қалды, бізден басқа да қарыздары өте көп екен. Сол-сол біздің тыныш өмірімізге нүкте қойылды. Қарыз өсіп жатыр. 2 жылдан асты баламыз жоқ. Емделуге ақшамыз жоқ. Менің ата-анамда қиналып жүргесін ешнәрсе айта алмаймын. Көрген кезде өтірік күліп өзімді бақытты көрсетемін. Жолдасым көп ішіндегі мұңын маған білдіре бермейді. Маған ол алаңсыз, уайымсыз кісідей көрінеді. Шыны керек жолдасымнан көңілім күн сайын қалып бара жатыр. Оны жақсы көрмеймін. Өз қателігім мүмкін тағдырым шығар. Оған үйреніп қалдым бірақ оған деген сезімім жоқ. Түр-келбетім, сұлулығым сол қалпы сақталған. Мүмкін ажырассам ба деп те ойланамын. Алғашқы жігітммен кредиті үшін айрылысқан едім. Өз басым қарыз дегеннен қатты шошимын. Жолдасым туған-туысқандары алаңсыз. Ешбірі ойланып та жатқан жоқ. Әлгі енеміздің тіпті бізбен шаруасы да жоқ. Өзін қатты жақсы көретін кісі. Өзі сұлу болып жүрсе болды. Ал, жолдасым өте момын, аңқау жігіт. Сөйлеген сөзіне көңілім толмайды. Сондай ерме. Өз ақылы жоқ. Мен не десем солай жүреді. Мүмкін ол да бір жалақыға қарап отқасын шығар бәлкім. Перзент болмай жатқаны да жолдасымнан. Шыны керек мен жалығып кеттім. Жоқшылықтан емес бәріне шыдадым. Бірақ сонша мойнымыздағы қарыз өзегімді өртеп барады... Мүмкін мен Ермектің көкірегінен итергенім ба деп өз-өзімді айыптап қоямын кейде. Не ақыл бересіздер. Шыда десеңіздерде ол қарызды біз бір жалақымен өмір бойына да төлеп құтыла алмаймыз. Енем жалғыз басты әйел. Жолдасым екеуіміздің жалақымыз пәтер мен тамағымыздан артпайды. Ауылға енем қасына барайық десек ол үйде жұмыссыз енем қолына қарап отырған адамдар жетеді. Өзімнің ақымақтығымның арқасынан тауып отырмын. Мүмкін кезінде жігітпен жүрмегенімнің де себебі шығар. Жігіт затын жақсы танымағаным. Өз ата-анамда қиналып қалды. Ағамның жалақысына қарап қалды. Ол кісілерден ешнәрсе сұрай алмаймын. Онсызда мені ұзатарда жерді сатып барлық жасауымды берді. Ол жасауларым жолдасым үйінде тозып жатыр. Барлығын қолданып жатыр. Жарайды бұйым ғой. Жолдасымнан көңілім қалып бара жатыр. Жаңадан бастағым келеді өмірімді. Ақыл айтыңыздаршы...
Авторы белгісіз (ВК әлеуметтік желісінен алынды)