"Олар мен үшін жиіркенішті": Болашағын тек әйелмен көретін қазақ қызы біржынысты махаббатқа қалай тап болғанын айтты
«Тек қыздарға ғашықпын» деген 22 жастағы Мадина (толық аты-жөнін көрсетуді қаламады - ред.) - ШҚО-ның тумасы. Ана мен әкенің мейірімін сезінбей өскен ару қазір өзінің лесбиян екенін жасырмайды. Кім қалай қабылдаса да мені қызықтырмайды дейді. Мадина Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат беріп, күнделікті кезігетін мәселелерімен бөлісті.
– Мадина, сенің лесибиян екеніңді ата-анаң біле ме? Достарың қалай қабылдады?
– Ата-анам әлі күнге дейін білмейді. Қашан айтатынымды да білмеймін, анам мені түсінеді деп ойлаймын. Ал әкем түсінбейді меніңше. Қанша дегенмен бұл менің өмірім ғой, өзім білемін. Өйткені әке-шешем кішкентай кезімде ажырасып кетті, мені олар бақпады. Әкем «қызым» деп бір маңдайымнан да иіскемеген. Жалғыз бойжеттім, сол себептен олардың сөздеріне құлақ аспаймын. Бұл шешімімді қабылдамаса да, мен өзімдікін жасаймын.
– Тек қыздарды ғана ұнататыныңды қалай сездің?
– Жігітті ұнатайын десем, дым ұната алмаймын. Олар мен үшін жиіркенішті. Өмірімде еш уақытта әкенің мейірімін сезінбегенмін, сол үшін де еркектерді жек көретін шығармын. Әкем - әскери адам, ол бұрын көп ішетін. Мас болып келіп, анамды жиі ұратын. Содан болар, қыздарды ғана жақсы көретінім.
– Қызға қалай ғашық болдың?
– 9-10-ыншы сыныптан бастап құрбыма қатты ғашық болдым. Бірақ өзіне айтпадым. Ол Астанада тұратын, мен - Алматыда, содан бір күні сол үшін Астанаға көшіп келдім. Оның жігіті бар еді. Бір күні құрбыммен үйде шарап іштік, ол масайып қалды. Бір кезде мені жақсы көретінін және мен үшін жігітін тастайтынын айтты. Ары қарай екеуміз де махаббатқа беріліп кеттік. Сол кезде қатты қуанған едім. Бірақ содан кейін бір-бірімізбен араласпай кеттік. Өйткені ол өзін лесбиянка санамайтынын айтты.
– Одан кейін кездескен жоқсыңдар ма? Жігіті біліп қоймады ма?
– Құрбыммен бір отырыста кездесіп қалдық. Сол кезде тағы да жақындастық. Содан кейін мен оған лесбиянка екенімді мойындадым, есі шығып кетті ма, білмедім, менімен сөйлеспей кетті. Қазір ол отбасылы, жігітіне тұрмысқа шыққан. Осыдан кейін Вконтакте желісінде ЛГБТ тобын тауып, сөйтіп неше түрлі қыздармен таныстым. Топта 12 мыңнан аса адам бар.
– Ол жерден сүйгеніңді жолықтыра алдың ба?
– Өз адамымды әлі кездестірмедім, әрине, басқалармен кездесулер болды. Бірақ жаныма жақын қызды әлі таба алмай жүрмін.
– Сен әлгі құрбыңды жігітінен қызғанбадың ба? Біржынысты қыздар бір-бірін қатты қызғанады деп естігенім бар...
– Иә, лесби қыздар бір-бірін қатты қызғанады, жігіт пен қыздың қызғанышынан да асып кетеді. Мен бір қыздың артынан кәдімгідей жүгірдім. Оның кездесіп жүрген өз қызы бар еді негізі. Бірақ мені ол нәрсе тоқтатпады, өйткені ғашық болып қалған едім. Екеуі менің кесірімнен көп ұрысып қалатын. Бірақ кейіннен олармен дос болып кеттім.
– Әп-әдемі қызсың. Сезімін білдірген жігіттер бар ма?
– Маған сезімдерін білдіретін жігіттер көп, сұлусың, әдемісің деп жатады. Бірақ оларға бірден өзімнің тұрмысқа шығуға дайын емес екенімді айтамын. Егер бұған да қарамай жатса, онда өзімнің лесбиянка екенімді ашық жеткіземін. Содан кейін олар жоламайды.
– Сен әлі жассың. Болашақта ана атануың керек болады. Белгілі бір жаста күйеуге шығуың мүмкін бе?
– Жоқ, мен біреуге әйел бола алмаймын, менің өзіме әйел керек. Әр адамның өз өмірі бар. Бірақ Қазақстанда біз сияқты адамдарға өмір сүру қолайсыз. Мысалы, Еуропада біржынысты жұптар әдемі өмір сүріп жатыр ғой. Екінші жартымды кездестіріп жатсам, біздің шетелге көшіп кетуіміз мүмкін. Бір қызығы, мен басқа ұлттардың қызына қарай алмаймын. Маған өзіміздің қазақ қыздары ұнайды. Өйткені қазақ қыздары сұлу ғой.
– Біржынысты қыздар - олар кімдер?
– Көбінесе мұндай жолға тағдыры менікіне ұқсас қыздар келіп жатады. Немесе еркектен көңілі қалған қыздар лесбиге айналады. Толыққанды отбасынан шықпағандар да бар.
Сұхбаттасқан Анар Дәукен