Өгей шешеміздің қылығы өзегімді өртеп жүр...

Өз отбасымдағы жағдайды жарияға жар салып айту – әрине, дұрыс емес. Бірақ, «Алаш айнасы» интернет газетінің оқырмандары осы айдарға тұрақты түрде жазып, өз басынан өткен оқиғалары мен талайлы тағдырлары туралы ой бөлісетінін білген соң, мен де өзімнің ішімді жегідей жеген ойдан, бәлкім, айтсам жеңілдеп қалармын деп бүгін қолыма қалам алып отырмын.

 

Ата-анам жиырма жеті жыл отасып, өмірдің ащы-тұщысын бірге татты. Екеуі қатар жүргенде елдің алдында жарасып, жұптасып, жарқылдап күлісіп жүруші еді. Бірақ, анама аяқ асты жабысқан дерт ақыры алмай тынбады. Сөйтіп анамыз елуге жетер-жетпес шағында бақилыққа аттанып кете барды.

 

Балалардың алды мен үйленетін жасқа жеткенмін. Менен кейінгі інім мен қарындасым да ес кіріп есейген, кәмелекеттік жасқа толған шақта болатын. Қанша есейдік десек те ананың аты ана емес пе, қайғыға құмығып, ішқұса боп қатты қамықтық.

 

Әншейінде денесі зор, мінезі мығым әкем бір-ақ күнде бір уыс боп қалғандай, әкемді қатты аядым. Жора-жолдастары, көрші-қолаң, ағайын-туыс алғашқы кездерде жұбатып, күнде жанымызға келіп жүретін. Қашанғы бізге қарайлайды, олардың да өз тіршілігі, өз отбасылары бар емес пе?! Бірте-бірте кісі аяғы да саябырсыды.

 

Қарындасым студент, інім кәсіптік оқуда, үйге екеуі де тек каникул кездерінде ғана келеді. Үйдің бар шаруасы менің мойнымда. Маған жаны ашып әкем де көмектескен болады. Бірақ әкемді әурелемей, өзім тындырғанды қалаймын да, шындап шаруаға кіріскен соң, бәрін де бір кісідей меңгеріп қалдым.

 

Бірақ жан-жағымдағылар маған: «Үйленсең мына әурешіліктен құтылар едің. Үйіңе бір шүйкебасты әкеп кіргізсеңші» деп жиі айтатын. Айтқанмен бола қала ма, оның үстіне дайын тұрған қыз жоқ, сөйтіп үйлену жайы кейінге шегеріле берді.

 

Енді мен ғана емес, әкемнің де үйленуі туралы құрдастары әңгіме ете бастады. Бұл бізге – балаларына ұнамайтын. Кейде «Әкем неге сол сөзді айтқан адамның аузынан бір ұрмайды екен» деп ойлап отырамын.

 

Елудің бел ортасына келген, алпысқа таяп қалған шағында әйел алып қайтпек? Оған қоса, анамның ойсыраған орнын енді ешкім де толтыра алмайды ғой.

 

Әкем алғашында біздің көңілімізге қарайлады ма екен, ондай әңгіме айтылса үн-түнсіз қалатын. Сөйтіп жүргенде құрдастары көрші ауылдан жасы отыздан асқан жесір келіншекті таныстырды.

 

Оның бір ұлы бар екен, кейін әкем екеуі үйленген соң ол баласы нағашы апасының қолында қалыпты.

 

Үйге ие болатын, балаларға бас-көз болатын адам келді деп көпшілік қуанысты, тек қуанбаған нағашыларым мен інім, қарындасым үшеуміз ғана шығар.

 

Анама мүлде ұқсамайтын, тіпті тырнағына татымайтын жан екен. Қабағы қашан көрсең түюлі жүреді, іші тар, қолы қатты адам секілді көрінді.

 

Мен де қашанғы өгей шешенің қолына қарап отырамын, одан да өз шаңырағымды көтерейін деп үйлендім. Үйленудің жөн-жоралғысы, салттары бәрі жасалды дегенмен, ешқайсысы ойдағыдай, көңілден шығатындай болған жоқ. Әкем бар тізгінді өгей шешемнің қолына беріп қойды. Біз аз ғана уақыт бірге тұрдық та, көп ұзамай бөлек шығып кеттік.

 

Бір ауылдың іші емес пе, кімнің қайда барғаны, не істегені бәрі алақандағыдай көрініп тұрады. Елдің аузында өгей шешемнің астыртын жүрісі бар дейтіндей әңгіменің шеті шыққанын естідім. Оны менің әйелім де өз құлағымен естіді. Бірақ жұбайыма өң бермегеніммен, рас па, өтірік пе деп іштей бақылап көруге бекіндім.

 

Бірде әкемнің көршісі мен өгей шешемнің көзқарастарынан бір шикіліктің барын байқап қалдым. Ішіме шоқ түскендей болды. Бірақ көріп, көз жетпеген соң сол кілкіген күдік көкейімде жүріп алды, тыныштық бермеді. Бір күні көрші жігітті бір болмашы себепке бола өлімші етіп сабап тастадым. Сондағым, бұрыннан ішімде жүрген ыза мен қыжыл еді, соны іші сезді ме, ол да маған қатты қарсылық танытып, жұдырық сілтеген жоқ.

 

Осы оқиғадан кейін ауылдан кетуге бел байладым. «Жақын жүргенше алыста ештеңені көрмей, білмей жүргенім артық» деп түйдім де, отбасымды алып қалаға көшіп кеттім. Кейін үйленген інім де, тұрмысқа шыққан қарындасым да бәріміз бір қалада тұрдық. Үшеуміз бір-бірімізге септесіп, қиналсақ қол ұшын созып, қуансақ қуанышымызды бөлісіп жүреміз. Әкемізге де ара-тұра барып тұрамыз. Бірақ көп баруға көңіл тартпайды. Әйтеуір ең бастысы қасында шүйіркелесіп шай ішетін әйелі бар, кір-қоңы жуулы, тамағы жасаулы, төсегі салулы. Біз үшеуміз соған да тәубе дейміз. Бізді қойшы, өз отауымыз, өз тіршілігіміз бар, әкем жалғызсырамаса екен дейміз.

 

Бірақ менің көкейімнен кетпей жүрген бір күдік бар – менің кіші інім Алпысбай әкемнің ұлы емес секілді көрінеді де тұрады. Көршіге тартып кеткен сияқты ма, әлде көңілімдегі күдік көлеңкесін түсіріп тұрған соң солай көріне ме, білмеймін. Бұл туралы тіс жарып келіншегіме де, жан жолдасыма да айтпадым. Әкем үшін қапаландым, әкемді аядым.

 

Бірақ әкем байғұс оның бірін де білмейді. Алпысбайды өз балам деп еміреніп, қартайғанда көрген қарғам деп асты-үстіне түсіп отырады. Біз де жылыұшыраған боламыз. Інім мен қарындасым іш тартып тұрады-ақ, тек мен ғана суықтаумын. Себебі көңілімдегі күдік емен-жарқын жақсы көруге кедергі болады да тұрады. Әрине, әкемнің ол туралы білмегенін қалаймын, көңілі осы кездегідей риясыз, қамсыз, мұңсыз болса екен деймін. Ініме деген сол суықтығымды білдіргім келмейді. Барынша білдірмеуге тырысып жүрмін.

 

 

 

Болат, Қаскелең

alashainasy.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста