Мен нағашы жұртым жайлы айтқым келеді. Бала кезден сол нағашыларымның қолында өстім. Әкем мен анам ажырасып кеткен баяғыда мен туылмай жатып. Ес білгелі көрген-білген туыстарым осылар. Анамның шешесі ылғи кемітіп келді. Өзінің туған немерелерінен төмендетіп, алалап, шеттететін. Қолындағысының бәрін сол ұлынан туған балдарға әкелетін. Мен жай ғана малай едім. Анам күні-түні жұмыста. Үйге тек демалуға келіп кететін. Анамның тапқан табысын өзі алып отырды қашанда. Үйге келгендерге "бұл қайтып келген қызымның баласы, атасы басқа, аты бөлек, ел болмас тұқым" деп кіп-кішкентай мені жер қылатын. Анамның туған ағасы, яғни нағашы ағам да тура әжем секілді, қолына түскен затпен салып қалады, итеріп қалады. Өз балдарынан кемітіп "менің қыздарым ертең бір жерден шығады, сен осылай жүресің әркімнің есігінің алдында" деп жылататын. Оның үстіне жеңгемнің ауыр сөздері тағы бар. Анамның туған сіңлісі бар жалғыз. Күйеуге тимеген, сол кезде 25 жастағы үлкен қыз. Үйдің еркесі. Сол әпкем бес жасымда маған "сенің анаң кезінде сені көтеріп жүргенде аборт істеп, алдырып тастағысы келді, сен сондықтан осындай кем-тарсың, сен не желанный ребеноксың" деген еді, сол сөздер құлағымда әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Кем-тар дегені, мен ап-арық болдым. Аяқтарым жіп-жіңішке, сынайын деп тұрғандай болатын. Үйдегі нағашымның балдарына қарағанда қорқақтау, сөйлемейтін, біртүрлі едім. Сондықтан бәрі үйде "кеміс, милау" дейтін. Ерте есейіп кеттім. Балалық шақ деген менде мүлдем болмады. Аборт, байға тиіп қайту, сайқал деген сөздердің мағынасын тым ерте ұқтым. Еңкілдеп түнделетіп көпшікке жылағанымды естігенде нағашы әжем "обалың шешеңе болсын, қақбас әкеңе болсын!" дейтін. Мен өш алатын груша сияқты едім. Ашуланып келген адам міндетті түрде мені соғып өтетін. Мамам келгенде, баламын ғой, бәрін айтып беремін. Сол үшін талай таяқ жедім. Сорлы анам, тапқанын тартып алады оңбаған шешесі, өзі тым жуастау, айтқанға көнгіш, ақкөңіл. Бөлек кетем десе, шешесі жібермейтін. Күйеуге тием десе де қарсы болатын. Мен сабақты қатты оқыдым. Анам үшін, анам екеуміздің болашағымыз үшін. Жастайымнан білімді мықтап қудым. Әкелген марапат қағаздарымды жыртып отқа тығатын үйдегілер. "Әкең анау, шешең анау, сен кім болайын деп едің?" деп жерден алып жерге салатын мені.
Жетінші сынып оқып жүргенімде үйдегі нағашы әпкем өзінен өзі ашуланып, көтеріліп, айқай шығарды. Үйде үлкен жанжал басталды. "Қойыңызшы, жетер!" деп қалып едім, тыр-жалаңаш қып, аязда далаға қуып шықты. Анам ауруханаға түнге кеткен болатын. Барар жерім болмай, көрші әйелдің үйін қағып, бар-жағдайды айтып бердім. Ол үйіне кіргізіп, жылытып, киім берді. Ол әйелде ылғи ер балалар еді. Менен үлкен бәрі де. Нағашы әпкемнің құрдастары. Ертеңіне нағашы әпкем сол үйге барғанымды біліп, тағы айқайға басты. "Мені ұятқа қалдырдың, үйдің мәселесін елге жайдың, сайқал, бір жерің қышып, сол үйдегі Ерланды аңсап, өзің іздеп барғансың ғой, мә саған, салдақы, керегі осы ма" деп жіңішке оқтауды бұтыма қарай бірнеше қайталап тыққыштап-тыққыштап жіберді. Есімнен танып қалыппын. Оянсам үсті-басым көгала, дереу тұрып іш-киімімді шешіп қарадым, қансырап қалыпты астым. Киініп алып анамның жұмысына қарай жүгіріп, болғанды айттым. Анам ашуланып, пәтер сұрастыра бастады қасындағылардан. Сөйтіп ол үйден кететін болдық. Қарғыстың түр-түрін жаудырып, әрең жіберді. Бір көрпе, бір кесе алмай, қыстыгүні бөлек кеттік. Есейіп қалған қыз едім. Психикам әбден бұзылып, өмірге деген көзқарасым тапталып болған соң кеткенімізге өкіндім. Пәтер орыстардыкі еді, қайта жақсы адамдар екен, жағдайымызды түсініп, Ресейге көшіп кетерінде үйді бізге тастап кетті. Қуанышымызда шек болмады. Мен мектеп бітіргенге дейін біраз мүлік пен дүние жинап алдық. Тесттен жақсы балл жинап, жақсы оқуға түстім. Бітірдім. Қалада жақсы жұмысқа орналастым. Табысым да тәуір. Анама қолқанат болып келемін. Жасым биыл 27-ге келді. Тұрмысқа шығатын жастан да асып кеттім. Жүрегімде қорқыныш бар. Баяғы соққыдан соң қаралмаған едім ауылдағы дәрігерлерден ұялып, қазір соған өкінемін. Қаладағы ең мықты гинекологтарға қаралғанымда біраз дүние жазып берді. Бәрі де таң қалады "аварияға түскенсің ба? велосипедтен құлағансыңба? не болған?" деп. Жүрегім аурады осының бәрін ойласам. Кішігірім операция, және гармоналды ем арқылы жөнге келтіріп, бала сүюге болады дейді Ресейлік дәрігерлер. Сүйген жігітімнен бас тарттым осы мәселелер үшін. Әлі де тұрмыс құруға дайын емеспін, бағыңды байламаймын, уақытында үйлі бол, сәби сүй деп қоштастым.
Анам сол туыстарымен әлі күнге дейін араласып, қатысып тұрады. Мен кейде барамын ауылға барғанда. Әжем тірі, жасы сексен тоғызда. Әлі сол қалпы, қарғап-сілеп, жан-жағын жалмап отыр. Нағашы әпкем тұрмыс құрмады, жасы біразға жетті. Отбасы бар еркектен бала туып алып отыр. Әлі жұмыс жасамайды, шешесінің пенсиясына күн көріп, көрінгенге жәутеңдеп отыр. Баласы тәп-тәтті бірақ. Барған сайын баласына барымды апарып тұрамын. Періште ғой, анасының қателіктері үшін итере алмаймын оны, қатты жақсы көремін. Қалаға әкеліп, сауықтырып, ойын залдарына апарып тұрамын.
Нағашы ағамыз ішкілікке салынып, қанғып қалды. Әжеміз кезінде көкке көтерген туған немерелері шешелеріне еріп кеткен, бұлармен бір хабарласпайды да. Нағашы ағам "көкем, ақ көкем, айналайын" деп құшағына қысып, бетімнен сүйеді, көрген сайын еңіреп жылайды. Алқаш қой, бейшара. Кейде аяймын. Әжем әлі сол, мені кемітіп, тексіздің қатарына қосып, "әкесіне керек болмаған елге керек пе" деп отырады. Мән бермеймін. Анам соған дәрі-дәрмегін, тары-талқанын, ет-майын апарып, жүгіреді де тұрады. Кейде анама ренжимін, бірақ, ит те болса өзінің анасы ғой деп басамын өзімді. Не керек, қай-қайсысына да күле қарап, жымия сөйлеп, түк болмағандай кейіп танытып, сыйласып жүрем. Маған Құдай берер деймін, бәрін Құдайыма тапсырдым. Мен кек сақтағанмен, Алла көріп, куә болып тұр төбеде, істегендерінің жауабын берер. Бірақ.. Өткен өмірім түс секілді. Тым қорқынышты. Өкпе мен налаға толып тұрса да, кешіргендеймін. Тек ұмытқым келеді көрген қорлығымды. Қалай ұмытарымды білмеймін. Ойлаған сайын ренішім үдете түседі. Осылардан басқа кімім бар? Өз жұртым жоқ. Қайын жұртқа жетпедім әлі. Бір ғана жұртымның сыйқы осы. Шіркін, бауырларым болғанда ғой деп арманға беріліп кетем кейде. Көөөп туыстары бар, күшті араласып жататын, бірін-бірі бауырына тартып, бастарынан сипап, жылы сөздер айтып жататын жандарды көргенде ішкі дүнием төменге түсіп кеткендей болады.. жылап жібергім келеді. Тәубә, анам жасай берсе екен! Бар мықтылығым мен төзімділігім үшін Анама алғыс айтамын!
Тым ұзақ деп айып етпеңіздер, мен де бір жеңілдеп қалғым келді алдарыңызда..