Ешкімге ашық айта алмай жүрген сырымды «Алаш айнасы» оқырмандарына айтып, кеңес сұрайын деп шештім. Бұл сырымды өзге ешкіммен бөлісе алмауымның өзіндік себептері бар.
Мен мектепке қатарымнан бір жыл кеш барғам. Сондықтан сыныптастарымнан бір жас үлкенмін. Қазір 11 сыныпта оқимын. Биылғы оқу жылында біздің мектепке институт бітірген үш жас мұғалима келді. Олар қазақ тілі және әдебиет, тарих, музыка пәндері бойынша сабақ береді. Гүлмираны (қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі) бір көргеннен ұнатып қалдым. Өте көрікті. Сабақты түсіндіргенде сыныптағы бүкіл оқушы ұйып тыңдайды. Күлімсірегенде ерекше әдемі болып кетеді. Өте инабатты. Қатты дауыс шығарып күлгенін бірде-бір рет көрмедім. Үлкен жастағы мұғалімдер біздің сыныптың қыздарына үнемі Гүлмираны үлгі етіп айтып отырады.
Сабақ басталған соң арадан бір ай өтер өтпес Гүлмираға хат жазып, сезімімді білдірдім. Бірақ одан ешқандай жауап болмады. Бір аптадан кейін екінші рет хат жолдадым. Тағы жауап болмады. Тіпті ештеңені сездірмейді. Арадан тағы бір апта өткенде үшінші хатты жодадым. Егер жауап болмаса, қандай әрекетке баратынымды өзім де білмейтінімді айттым. Сәрсенбі күні соңғы сағат Гүлмираның сабағы болатын. Балалар сабақ бітіп, үйге қайтуға асықса, мен сабақ бітпесе екен деп тілеп отырдым. Тәулік бойы Гүлмираның бетіне қарап отыруға дайынмын. Сабақ біткен соң балалар асығыс сыныптан шығып жатты. Гүлмира менен қала тұруды сұрады. Бірдеңені сездім бе, әйтеуір, бойымды бір қуаныш сезімі биледі. Гүлмира журналға бірдене жазып отыр. Өзге оқушылар сыныптан шығып кеткен соң қасына шақырды. «Ернар, енді хат жазба. Сенбі күні үйге кел, сөйлесейік» деді де, сыныптан шығып кетті. «Иә» деп келісім бергендей, бақыттан басым айналды. Сыныптан шыққан бойда көшеге қарай жүгіре жөнелдім.
Зарықтыра күткен сенбінің кеші де болды-ау, әйтеуір. Үйдегілерге сыныптасымның үйіне бара жатырмын деп айтып, асыға Гүлмираның үйіне жеттім. Гүлмира қасындағы екі құрбысымен жас мамандарға арнап, арнайы тұрғызылған үйде тұрады. Мен барғанда олар шәй ішіп отырған екен. Шәй үстінде Гүлмира құрбыларына мені қосымша сабаққа шақырғанын айтты. Оның сөзінен менің неге келгенімді құрбыларынан жасырғанын ұқтым. Шәй ішіп болған соң, сабақ қараймыз деп, біз Гүлмираның бөлмесіне кірдік.
Гүлмира бірден әңгімеге көшті. Екеуміздің жас ерекшелігімізді, менің әлі жас екенімді, әлі-ақ институтқа түсіп, өз сүйгенімді кездестіретінімді айтып, осымен бұл әңгімеге нүкте қоюды сұрады. Алайда мен оның жанарынан маған деген деген сезімнің ұшқынын байқадым. Оған деген ғашықтығым одан сайын арта түсті. Мен оған шын жүрегіммен сүйетінімді, одан өзге жанның керегі жоқ екенін айттым да, жылдам киініп көшеге шығып кеттім. Одан әрі сөйлесуге шамам келмеді. Кеудеме өксік тығылып, жылап жібере жаздадым.
Келесі сенбі күні қосымша сабақты сылтау етіп Гүлмиаға тағы бардым. Ол күні екеуміз бір-біріміздің отбасымыз туралы сұрап, әңгімелесіп ұзақтау отырдық. Арасында бастан өткен қызықты жайларды айтып, күліп те алдық. Содан кейін Гүлмира қасындағы құрбыларынан ыңғайсыз болатынын айтып, қайтуымды өтінді. Қоштасып жатып мен оның бетінен сүйдім. Менен ондай әрекет күтпеді ме, қарсылық танытпады. «Мен сені сүйемін!» дедім де қайта ұмтылып сүймек болып едім, ол қолын тосып, «енді үйіңе қайт» деді. Оның «қайт» деген сөзі маған «иә» дегендей сезілді. Расымен де солай болды.
Дүйсенбі күні Гүлмираның жүзінен ерекше қуанышты байқадым. Ал менің бақыттан басым айналып жүр. Сабақ бойы одан көз алмадым. Ал ол болса, менен көзін алып қашумен болды. Келесі күні сабақ соңында мені қасына шақырып, олай көз алмай қарай бермеуімді өтінді. Солай бір апта өте шықты. Сенбі күні Гүлмираға бардым. Үйге кіргенде оның мені күтіп отырғанын сездім, қуанғанын байқадым. Шәй ішіп болған соң әдеттегідей оңаша бөлмеге кірдік. Кірген сәтте ол маған «сабақ үстінде маған көз алмай қарай берме, оқушылар сезіп қалады» деді. Мен оны белінен ұстап, үнсіз өзіме қарай тарттым. Ол қарсыласқан жоқ. Сол күні ешқандай әңгіме айтылған жоқ. Үнсіз, ұзақ сүйістік.
Осылай әр сенбі Гүлмираның үйіне барып тұрамын. Қазір Гүлмираның құрбылары да сезетін сияқты. Өйткені мен барғанда бізді жалғыз қалдыруға тырысады. Кейде дүкенге барып келеміз деп шығып кетеді. Менің жас мұғалималардың үйіне барып жүргенім анама да жетіпті. Таяуда анам маған «сен әлі жассың, олар біраз өмір көрген, жастары да үлкен, бірдеңеге шатылып жүрме, сенің бұл жүрісіңді әкең естісе қатты ренжиді, бұл таңдауыңды ол да құп көрмесі анық» деді. Бірақ мен анама ештеңе демедім. Алайда, енді Гүлмира екеуміздің арақатынасымызға қарсы шығатындар көбейетін сияқты. Егер бұл әңгіме мектеп директорына жетсе, Гүлмираны жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін. Мен Гүлмираның артынан жаман сөз ергенін қаламаймын. Мен оны жан-тәніммен сүйем!
Құрметті аға-әпкелер, Гүлмираны қалай қорғай аламын? Кеңес беріңіздерші! Тек «бұл әрекетіңді қой» дей көрмеңіздерші!
Автор: Ернар, Қарағанды облысы
alashainasy.kz