Мені мүгедек қылған күйеуім қазір бақытты өмір кешуде

Мені мүгедек қылған күйеуім қазір бақытты өмір кешуде

Құрметті «Алаш айнасы» интернет-порталы сіздердің сайттарыңыздағы «Отбасы ошақ қасы» айдарындағы оқырмандардың хаттарын оқып, бүгін мен де қолыма қалам алуды жөн көрдім. Мен сіздерге көптен бері жанымды жегідей жеп жүрген сырымды ашсам деймін.
Жасым 57-де. Мектепте физика пәнінің мұғалімі болдым. Үш ұлым бар. Ұлдарым қазір өзімен-өзі бөлек отау болып кетті. Үш ұлдан үш немерем бар. Келіндеріме өкпем жоқ. Біздің қазақта «ұлың адал болғанша келінің адал болсын» деген нақыл бар ғой. Обалы не керек, маған текті жердің қыздарын келін ету бұйырды.
Жалпы, менің табиғатымда біреуді сыртынан жамандау, біреуге барып шағыну, жылану деген жоқ. Қарапайым еңбекпен өсіп-өндік. Әлі де еңбектенер едім. Бірақ мен 15 жылдан бері арбаға таңылған адаммын. Басында арбаға таңылғаныма қарамай ұстаздық қызметімді жалғастырып жүрдім. Артынша мектеп директоры да, әріптестерім де денсаулығымның келмейтіндігін айтып, мектептен жылышыраймен шығарып салды. Тағдырыма өкпем жоқ, деп тәубемді айтып отырар едім, бірақ менің жанымды жеген дүние, өзімнің сүйіп қосылған жарымның мені осындай күйге түсіргені. Қазір арбаға таңылғанымның зардабынан өзімнің ұнатып істейтін жұмысымды істей алмай, ел қатарлы жүріп-тұра алмай жәутеңдеп қалдым ғой. Ал күйеуім болса істерін-істеп алып өзінен 14 жас кіші адамға үйленіп, қайыра ұрпақ өрбітіп мамыражай өмір кешуде.
Мен болсам төрт қабырғаны серік етіп, күні бойы айналдыра ғаламтор қараймын, теледидарға телміремін, тіпті кейде үйден шықпағандықтан күннің көзін де көрмей қаламын.
Мен жас кезімде өте көрікті болдым. Ауылдағы жібі түзу жігіт атаулының дені маған сөз салып, көңілімді табуға тырысатын. Біздің үй ауылдағы үлгілі отбасы еді. Төрт қыз, екі ұл болдық. Үйдегі алтауымыз да жоғары білім алдық. Әке-шешем өздері оқымай қалғандықтан бізді оқысын деп еңбектенді. Ел қатарлы мен де оқуға түстім. Жоғару оқу орнын бітірдім. Оқу орнын бітіргеннен кейін екі жыл ауылда жұмыс істеп 23 жасымда көрші ауылдың баласына тұрмысқа шықтым.
Күйеуім бір қарағанда көрікті, бойы ұзын, қаптағайдай жігіт болды. Тұрмысқа шыққаннан кейін бастапқы алты айда біз жарасымды жұп болып, өте тату-тәтті тұрдық. Қазір ойлап отырсам, біздің отбасылық ғұмырымызда ең тыныш өткізген күніміз сол алты айдың іші ғана екен. Ал бұдан соң айғай-шу ұрыс-керіс басталды дерсің. Әрине, басында күйеуімнің ішіп келуін, маған қол көтеруін елемей кешіріп жүре бердім. Бір-екі мәрте шешеме айтып едім, ол кісі «ой тәйірі, қайтер дейсің, балалы болғаннан кейін қояды да» деді.
Сөйтіп, күндіз мектептің жұмысы, түс қайта үйдің шаруасымен айналысып жүріп тұңғыш баламды өмірге әкелдім. Бұдан кейін сәл-сәл есін жиятын шығар деген күйеуім тіптен ішкілікке салынып кетті. Ол ішіп келген күні айналасындағы танымай лақтырып, соғып жапырып кететін. Күйеуімнің мұндай мінезінен әбден запы болған ата-енем бізді бөлек шығарды. «Еншімізді алып бөлек кеткеннен кейін есін жиятын шығар» деп үміттендім. Бірақ ол тіпті еркінсіп кетті. Осылай алысып-арпаласып жүріп екінші ұлымды дүниеге әкелдім.
Бір ойлайтыным, сол кезде мені қанша шыңғыртып ұрып жатса да бірде-бір рет балаларымды алып төркінімді сағалап көрмеппін. Бір туысыма шағымданбаппын. Екінші баламды өмірге әкелгеннен кейін тағы да бір кезекті ішіп келген күні күйеуім бала емізіп отырған менің қара саныма пышақ та тығып алды. Қанша рет басым жарылып, қолым сынып ауруханаға да жаттым. «Алып кетеміз» деп келген ағаларым мен апаларыма да ермедім. Бар ойым, «кіммен қарайдым сонымен ағарамын» дегенге сайды. Осылай жүріп үшінші ұлымды өмірге әкелдім. Бұрынғыдай емес, ол кезде күйеуім мені анау айтқандай ұрып-соқпайтын болған. Дегенмен, ішімдігін қойдыра алмаған кезім. Кей кездері той-томалақтарда мені қызғанып, сол тойдың үстінде айғай-шу шығарып жіберетін. Кейде бір жарқырап киінейін деп үстіңе жібі түсу киім алсам, сол заматта оны жыртып тастайтын. Өзімнің табысыма өзім киіне алмай, не балаларды киіндіре алмай әйтеуір бір мимырт тірлік кешіп жаттық.
Ол үшін үйде ұрыс ашу деген сөз емес болатын. Ішіп келген күні алдына ас қойсаң, ол ұнамай қалса бітті мені төпелей жөнелетін. Тіпті болмаса ол келгенде қорғанның есігін тезірек аша қоймасаң да сол үшін бала-шағамызбен таяққа жығылатынбыз. Менің үш ұлымның да көрмегені жоқ. Әкелері жөн-жосықсыз белбеуін шешіп жіберіп ұра бастағанда құлындаған дауыстары жан түршіктіретін. Ол ішіп келмей ұйықтап қалсын,-деп балаларды ұйықтатып қойсаң, ол келіп үшеуін де оятып алып түн ортасында қинап тұрып тамақ ішкізетін. «Ішпейміз» дегендеріне қарамай ауыздарына тықпыштап ұрып отырып ішкізетін. Қазір сол кезде ажырасып кетпегенімен өкінемін.
Сондай бір ұрыс-керістің үстінде балаларыма ара түскен маған күйеуім тағы да пышақ ала жүгірді. Пышақ бел омыртқамды, жұлынымды зақымдағандықтан ақ халаттыларға мені емдеп жазу оңай болмады. Алты айдан артық емханада жаттым. Емханадан арбаға таңылып шықтым. Содан бері 15 жылдың жүзі өтті. Мен мұндай күйге түскеннен кейін күйеуім бізбен бір жыл әрең тұрды. Артынан менен кетуге рұқсат сұрап ажырасты. Қазір ол өзінен 14 жасы кіші әйелмен бірге тұрады. Одан екі баласы бар. Мен арбаға таңылған күйі үш ұлымды жалғыз өзім аяқтандырдым. Обалы нешік, келіндерім бірінен кейін бірі келіп күтіп кетеді. Бірақ ешқайсысына салмақ салмайын деген оймен үш ұлымды да бөлек шығардым. Кенже ұлым жұмыс бабымен Астанада тұратындықтан оған «сен келіп қара шаңыраққа ие бол» деген талап қоя алмадым. Ал өзге екі келінім бастары жас, өздері енді-енді аяқтанып жатқанда оларға да салмақ салғым келмеді. «Ұлдарым бала кезінен әкелерінің таяғын жеп өскендіктен, енді ес тоқтатқанда мен бейнетімді көрсетпейін» деп шештім. Қазір оңаша қалғанымда ойлайтыным, мені мүгедек еткен, жастық шағымның барлығын қор еткен күйеуімнің бақытты өмір сүріп жатқандығы. Мені жалындап тұрған жас кезімде жар етіп алды. Одан соң 20 жылдан астам өмірімде ұрып-соғып, бар зәрін маған төгіп, мүгедек етіп тастап кетті. Ол мені арбаға таңылған күйі тастап кетіп бара жатқанда «үкіміңді бір Алла кесер» деп іштен тынып едім. Бірақ керісінше, оның менен кеткен соң дүрілдеп дәурені жүрді. Жас әйелге үйленіп, одан екі ұлы болды. Қаладан пәтер алды. Қазір бір құрылыс фирмасында жобалаушы болып істейді. Үлкен ұлым қалаға барған сайын оны көріп қалады екен. Менің жайымды айтып жолыққан да көрінеді. Бірақ ол «18-ден астыңдар өз қамдарыңды өздерің жасауларың керек. Шешең солай болса тағдыры шығар» деп шығарып салыпты. Содан бері мен ұлдарымды оның алдына жіберіп көрген емеспін. Тіпті үлкен ұлымның тойына да келуге жарамады.
Міне, құрметті оқырман, менің жан жарам осы. Осы жазбам арқылы ешкімге шағынайын деп отырған жоқпын. Тек қазіргі жастарға айтарым, еркек адам әйелге бір қол көтерді ме, отбасында ішкіліктен кикілжің орын алды ма, мұның арты жазылмас жараға апарып соқтырады екен. Менің осы айтқандарым кейінгі буынға үлгі болса екен деймін. Ері мен әйелі бірін-бірі түсініп, қосылғаннан кейін бірін-бірі сыйлап өтуы керек. Мен өз дәуренімде еш жақсылық көрмедім деп айта алмаймын. Құдайдың маған берген сыйы үш ұлым шығар. Ендігі бар арманым сол ұрпақтарымыз бізге жаманшылығын көрсетпесе екен деймін.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста