«Біреуге ор қазба өзің түсесің» деген мақал қалай тауып айтылған. Бірақ көбінде осыны көп адам қаперінен шығарып алатыны өкінішті. Басымнан өткен жағдайды «Отбасы – ошақ қасы» айдарының оқырмандарының талқысына салсам деп едім. Біреу сабақ алса, біреуі ақыл қосар. Сонымен...
Біз мектеп бітірер жыл кеңестің келмеске кеткен тұсымен тұспа тұс келді. Халық қиналып нәпақа табудың жалына жармасқан шақ. Мектеп бітірген соң оқуға түсе алмадым. Екі-үш жыл қатарынан құжат тапсырып табандылық танытқанымнан да түк шықпады. Содан қаладағы тігіншілік курсты бітіріп, жұмысқа тұрдым. Ісмерлікке ебім бар болғандықтан бұл жұмыс маған қиындық туғызған жоқ. Жұрт сияқты ақша жоқ деп қиналған жоқпын. Жалақымызды уақытылы алып тұрдық. Басшымыз да пысық адам еді, кейде жеке тапсырыстар да тауып тұратын. Ара-тұра өзім тапсырыспен киім тігіп жүрдім. Қатар құрбыларымның барлығы да тұрмыс құрып жөнін тауып кетіп жатты. Мен де босағалы болуды ойлап жүрген кезім. Ауылдан келген Санат есімді жігітпен таныстым. Дұрысы бізде жұмыс істейтін үлкендеу бір апай жеңгетайлық қылып екеумізді табыстырды. Бұрынғының адамы ғой екеуміздің мінез-құлқымыз бір-бірімізге сай келетінін дөп басқандай. Көп ұзамай екеуміз көңіл жарастырдық. Расында оның ойымен менікі үнемі қабыса кететін. Ойлағанымыз бір жерден шығатын. Үнсіз түсінісетінбіз. Санаттың ата-анасы ауылда тұратындықтан екеуміз қалада пәтер жалдап тұрдық. Әрине алғашында бал айының әсерімен бе қиындық атаулы бізді айналып өтіп жатқандай қабылдадық. Қасыңда жаныңды түсінетін адам болғандықтан да шығар көп нәрсені жеңіл қабылдайды да екенсің. Қиындық тұңғыш қызымды босанғаннан кейін басталды. Өз сүтіммен баланы тойдыра алмаған соң қосымша тамақтандыруға тура келді. Оның өзі біз үшін аз ақша тұрмайды. Жұмысымды тастап баламен үйде отырғаннан кейін Санаттың бір өзінің тапқаны түкке жетпейтін болды. Ішіп-жеміміз, пәтерақы, баланың тамағы, келіп кететін қонағымыз бар. Қатты қиналып кеттік. Баланы тастап жұмысқа шығып кетудің ретін және таппадым. «Әкеле ғой балаңды бағып берейін» деп отырған енем жоқ. Оның өзі де қайынағамның балаларынан басы ауырып жүрген адам. Қиналғанның көкесі алда екен. Бір күнде Санатты жұмыстан шығарды да тастады. Бұрынғы бұрынғы ма, енді күнделікті нан табудың өзі мұңға айнала бастады. Бір екі рет ауылдағы ата-енеме ақша сұрап барған Санат басы салбырап қайтып келді. Қайтеді зейнетақыға қарап отырған адамдар ғой, оларға ренжи де алмадық. Ары ойланып, бері ойланып ауылдағы енемнің тігін машинасын алып келдім. Баста әйелдердің көйлегін, жеңіл-желпі дүниелерді тігіп сата бастадым. Әйтеуір шәй-пұлымызды ажыратуға жетіп тұрды. Оған да шүкір дестік. Бір құрбымнан базарларда кәдімгі қаптан ақ пакет тігіп сатқан тиімді екен дегенді естіп соған кірісіп кеттім. Расында ұн салатын ақ қапты екіге бөліп қалта тігіп сатқан тиімді екен. Басында күндігіне 200 теңге (ол кезде ақшаның құны бар-тын) тапсам қуанатын ем. Келе-келе аузымыз аққа тиіп оңала бастадық. Санат та күзетшілік жұмыс тапқан бұл кезде. Сөйтіп перде тігіп сата бастадым. Ол кезде үлкен үлкен перделердің жаңадан сәнге ене бастаған тұсы. Әрі әлі ешкім бастамаған бизнес болатын. Содан тапсырыстың астында қалдым десем де болады. Өз қиялыммен нешетүрлі тігіспен тіккен перделерім расында үйдің ажарын ашатындай керемет болып шығатын. Ісмерлігімнің арқасында айналдырған екі-үш жылдың ішінде қоңданып шыға келдік. Үй сатып алдық, одан көлік. Арада өткен бірер жылда басымыз да көбейіп үш балалы болдық. Санаттың да мен танымайтын достары көбейген. Ал кластас достарын шынымды айтсам аса жақтырмайтынмын. Тәрбие көрмеген, шетінен ішкіш, алдылары екі-үш әйелден жіберген, өңкей ажырасқан біреулер-тін. Үнемі Санатты қатарларына қосып алғылары келіп, ішуге одан қалса қосылып қыздарға баруға ертіп кететін. Баста үндемедім. Ойларына келгенін жасап болған соң біздің үйге жиналады. Түн жарымында тұрып ет асып беремін. Одан кейін ішімдікті жәшіктеп ішеді. Мені ұйықтап қалды деп ойлап түн ауғанда қай әйелмен қалай жатқанын баяндап қарқ-қарқ күліп, есіріп әнге басатын. Айналадағы көршілерден де ұялмайтын. Солардың арқасында мен де күйеуімнің түнгі жорықтарына қанық болдым. Қаным басыма шауып қатты ашулансам да ішіп алған адаммен жағаласып абырой табасың ба? Ертесіне дейін әзер шыдап доссымақтары кеткен соң екеуміз айқайласатынбыз. Ішіп алып түнгі хикаяларын нәшіне келтіріп мақтанғанын өлсе мойындар ма? Тайқып шығады. Өлсе де мойындамайды. Бұрын аузына татып алмайтын ол бірте-бірте ащы суды жанына серік ете бастады. Желдің қайдан соғып жатқанын білем. Амалым жоқ ақыры бір күні шыдамым таусылды. Түнгі үште звандап ет салдырып қойған-тын. Кластастары сау ете қалды. Арасында мен танитыны бар, танымайтыным бар бір екі әйел жүр. Оларды бірінің екінші әйелі, бірінің жүріп жүрген қызы деп таныстырды. Жын ойнақ жасамақшы ғой. Етімді түсіріп жақсылап күттім үндемей. Дымым ішімде. Үйімді шошқаханаға айналдыра қоймаспын деп жүрмін. Әбден араққа сылқия тойып алған біреу лоқылдатып құссын келіп. Өзім жиіркеншек адаммын. Үндемей жүріп оны тазалап алдым. Бір уақытта бір досы «қатының бізге неғып шәй құйып бермейді» деп шағыстырды. Шыдамның да шегі бар ғой. Вулканша атылдым. Әлгілерді үйден қуып шықтым. «Сен менің достарыммен араласқанымды қаламайсың» деп Санат маған мүлде сөйлемей қойды. Мен оған дос дегеннің ондай болмайтынын айтып түсіндіре алмадым. Уақыты келгенде түсінер дегем. Ал ол достары бір саусақтарын ішіне бүгіп кетіпті ғой сөйтсем. Арада аз уақыт өтпей Санатты қатарларына қайта қосып алды... Санат күрт өзгерді. Оның бойындағы өзгерістерді қалайша байқамайын? Түнімен дөңбекшіп шығады. Оның әр қимылын сезіп жатқан менің де ұйқым қашады. Ашылып сөйлеспейді. Әңгімеге шақырсам әр сылтау айтып құтылады. Балаларға да суық. Төсекті де ұмыттық. Бірдеңе десең қорс ете қалады. Сырттағы дәретханаға барып сөйлесіп жатқанының үстінен түстім талай. Ішкен күні үйге қонбайды, сылтау айтып шығып кетеді. Осындай ит ырғылжыңмен үш жыл өтті. Шыдамым таусылған мен ажырасайық дедім. Не оған көнбейді. Құрысын еріме емес, екі босағама сенейін деп ішім қанша қан жылап тұрсам да шыдадым. Дымды сезбес ағаш құрлы болмағаны ғой сонда. Ең болмаса балаларын ойласа қайтеді. Жоқ сол бір белгісіз әйел үшін үйде талай соғыс болды ғой. Көз жасымды көрпеге көміп талай таңды атырдым. Ақыры ішіп алған бір күні Санат ішіндегі сырының бәрін ағытты. Біздің отбасымызды ойрандағысы келген кластастары екен ғой. Байдан қайтқан құдашамен таныстырып, табыстырыпты. Сөйтіп арада үлкен «махаббат» туындаған білем. Ішім сезген еді оны әу бастан-ақ. «Сүйіп қалдым оны, кеш жолыққан махаббатым ғой» дегенде жүрегім қарс айырылғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ақыры бізді ажырасуға дейін жеткізген әлгі оңбаған құдаша наркоман болып кеткен бұрынғы күйеуіне қайта қосылыпты. Осылайша отбасымыз күйреуден аман қалды. Ал әлгі таныстырғыш, табыстырғыш доссымақтарды сол күйі есігімнен де сығалатпай қойдым... Одан бері де оншақты жылдың жүзі өтті. Әлгі таныстырғыш екі кластасының бірі жол апатына түсіп бүгінде балдақпен жүреді. Екіншісі үйін кепілге тігемін деп далада қалды, әйелімен де ажырасып, әр ұяға қонақтаған көкектің күйін кешіп жүр. Оларды табаламаймын бірақ. Тағдыры шығар. Бірақ бізге істеген опасыздықтарын ойласам... Сонда да оларға жамандық тілемеймін.
Аида, Алматы