Күйеуімнің ашынасы хабарласып, балағаттаған кездер де болды
Армысыздар, құрметті оқырман! Мен осы сайтта шыққан отбасылық оқиғаларды жиі оқимын. Кейінгі кезде мені бір ой қатты мазалап жүр. Қазір көп қыз-келіншектердің отбасын құрғанына 1-2 жыл болмай ажырасып жатқанына куә болып жүрміз. Шаңырақтың шайқалуына ер адамдардың әсері де бар шығар, дегенмен меніңше, әйел адамдардың сабырсыздығы көп себеп болып жатқандай.
Мен құрбымның дүкенінде жұмыс істеймін. Балалардың киім-кешегін сатамын. Жақында жаныма құрбымның қайын сіңілісі көмекші болып келді. Құрбымның айтуынша, қайынсіңілісі тұрмыста бағы ашылмай,  2-3 ай болмай үйіне қайтып келіпті. Сондықтан оны менің жаныма жұмысқа орналастырды.
Айнара екеуміз күні бойы бір дүкенде бірге жұмыс істейміз, бірге шай ішеміз, әңгімелесеміз. Бірде мен оның ажырасуына не себеп болғанын сұрадым. Оның айтуынша, күйеуі оны түсінбейді, ол асығыс тұрмыс құрғанына өкінетін көрінеді. Өзі жап-жас, 20-дан енді асқан қыз, орамал тағады,  күйеуі де намаз оқитын жігіт екен. Олардың ажырасуына соншалықты себеп болардай ештеңе байқамадым. Жас отбасының ажырасқаны өкінішті ғой. Әңгімелесіп отырып, Айнараға мен де өзімнің басымнан өткен оқиғаны баяндап бердім.
Мен 28-ден асқанда тұрмысқа шықтым. 28 деген қыздар үшін кештеу ғой. Осы жасқа келгенше теңімді таба алмай жүріп қалдым ба, әйетуір ерте тұрмыс құрудың реті келмеді. Бірде құрбыларыммен бір отырыста қазіргі күйеуімді кездестірдім. Ол сөзге пысық, өзі де сымбатты жігіт екен. Онымен танысқанда оның біраз ішетінін де білдім. Бірақ енді осы жігітті жіберіп алсам, отырып қалам-ау деп, неде болса, сол жігіттің етегінен ұстауға бел байладым. Ол да мені ұнатқан секілді. Бас-аяғы 2-3 кездесуден кейін екеуміз үйлендік.
Ол әскери қызметте істейтін. Отбасылық өміріміз көшіп-қонумен өтіп жатты. Біреудің аядай кіре беріс бөлмесінде де тұрдық. Ашыққан, қара нан мен су ішкен кезіміз де болды. Күйеуімнің қызметі де оңай болмайтын, оның үстіне мінезді жігіт, ішетіні де бар. Мен оның ығына жығыла бердім. Қатты ішіп келген кездерінде маған қолы да тиіп кететін.
Тұңғыш балама 8 айлық жүкті кезім. Онымен бірге қонаққа бардым. Таң атқанша жігіттердің бәрі ішті. Оны үйге қайтуға көндіре алар емеспін. Үйге қайтайық, шаршадым, ауырып тұрмын деп бірнеше рет қайталғанымды көтере алмай, көшенің ортасында өлімші етіп сабап тастады. Ертесінде дәрігерге бардым. Дәрігерге өзім құлап қалдым деп айтуыма тура келді. Бірақ дәрігер мені қараудан бас тартты. «Өзіңнің қалай құлағаныңды көріп тұрмын. Не мен сенің күйеуіңнің үстінен арыз жазам, не сен өз еркіңмен өтініш жазып менің учаскемнен басқа учаскеге ауысасың, сен үшін жауап берер жайым жоқ» деді. Күйеуімнің үстінен арыз жаздыруға батылым жетпей, ұяттан өлердей болып сүмірейіп дәрігердің кабинетінен шықтым. Күйеуім ақша беріп басқа дәрігердің учаскесіне есепке алдырды. Бұл оқиғадан басқа да бастан өткен шытырмандар көп. Не үшін көніп жүре бергенімді білмеймін. Әлде отбасы деген осы деп мойынсұндым ба.
Екінші баламды босанып, палатаға шыққанымда күйеуімнің ашынасы хабарласты. «Сен бала туып, ырбиып жатқанда күйеуің менің қасымда рахаттанып жатыр» деп небір дөрекі сөздерді айтып балағаттады. Өзімді қор сезінгенімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ мен сонда да күйеуімнен кете алмадым.
Уақыт өте келе күйеуім мені балағаттауды, ұруды қойды. Қазір бағалайды,  жақсы көреді, жағдайымды жасайды.  Әскери қызметтен кетті, жеке кәсіпкер.  Ол о бастан тіршілікке пысық еді. Балаларымның жағдайын жасады, бауырларына да қамқорлық танытады. Мүмкін мен оның осындай жақсы қасиеттерін көруге ғана тырыстым ба. Әйтеуір білмеймін, ажырасу туралы ойламаппын. Күйеуімнің жаман қылықтары жайлы туған-туысыма да айтқан емеспін. Не көрсем де өзім көріп жүре бердім. Сыртымыздан қарағанда бәрі бізді үлгілі отбасы санайтын, әлі күнге солай.
Мен отбасымды сақтап қалғаныма өкінбеймін. Бірақ кейде күйеуімнің істеген кейбір қылықтары, әрекеттері, өзімнің қиналғаным есіме түссе, оны жек көріп кететін кездер болады. Мен оны кешіргенмін, бәрін кешірдім, бірақ көрген қорлықтарымды ұмыта алмадым.
Бәлкім қазіргі қыздар өзін қорлатпау үшін бірден кетіп қалатын шығар.  О бастан өзіңді сыйлата алмасаң, өмір бойы жылап жүруге кім төзгісі келеді. Құрбымның қайын сіңілісі менің оқиғамды естігеннен кейін: «Мен бір еркекті түзеу үшін сіз секілді 10 жылдап көніп жүре алмайиын, мен өзімді жақсы көремін» деді. Бәлкім онікі де дұрыс шығар. Қалай ойлайсыздар, замандастар?..
Айжан