Күйеуіммен ажырасу үшін досымен төсектес болдым...
Сырқаттанып қалып аурухана төсегіне таңылғаныма да біраз уақыт болған. Төрт қабырғаға телміріп, күні бойы бөлменің төбесіне қарап жату да жалықтырған. Зеріккеннен, одан қалса бір уақыт жанға батқан ауруды ұмыту үшін де қасымдағылармен әңгіме дүкен құрамыз.
Оң жағымда бойшаң, қараторы келген, «сыры кетсе де, сыны кетпеген» әдеміше апай жатыр. Көп сөйлемейді. Қасымдағылардың біразы сауығып, шығып кетті де, екеуміз ақ қалдық. Артынан іздеп келетіндірдің қарасы да аз. Ауыр күрсінуі көп. Түнімен уһілеп шығады. Аурудың азабынан емес екенін түйсіндім. Жанына батқан жан сырын арада бір күн өткен соң ашты. Алдын тапал бойлы бір жігіт келіп кеткен. Баласы болар деп ойладым. Ол кеткен соң, теріс қарап, түні бойы жылап шықты. «Айтсам жеңілдеп қалармын» деп бар сырын ақтарды…
«Мектеп бітірген соң қалаған оқуыма түсіп, ақ армандарымның бәрі де қазір ақ орындалатындай қалықтап жүрген шағым еді. Жігіт біткен соңымда. Анау мынауды өзіме тең көрмей, шалқақтап, жүріп жаттым. Бойы тапал, қазанның түпкі күйесіндей бір жігіт соңымнан қалмады. Одан зорғыларын өзіме тең көрмей жүргенде оны қайтейін. Бірақ ол да қайтпас қайсар екен тас табандап келуін қоймайды. Қасымдағы қыздармен бірге мазақтап шығарып саламын. Сонда да қайтпайды…
Үшінші курсқа өткен жылы «ақ боз атты ханзадамды» ақыры жолықтырдым. Ұзын бойлы, жігіттің сұлтаны дерлік жігіт бір көргеннен ақ ұнады. Екеуміздің махаббат хикаямызды айтып тауыса алмаспын. Ақыры үйленіп тындық. Алғашқы жылдары бәрі тамаша болатын.
Айтқанымның бәрі заң, бақуатты отбасының тұңғышы болған соң, ол үйдің үміттерін де көп күттірмедім. Бірінен кейін бірі екі ұлды болдым. Алғашқы жылдары күйеуімнің қазымыр мінезін байқағаныммен аса мән бермейтін едім. Жасы ұлғайған сайын қазымырлығын көбейте берді. Оның үстіне жұмысынан қысқарып қалып, ішуді бастады. Оның қанымды ішетін әдеті үдей берді, үдей берді. Ата -енемізден бөлек кеткелі де біраз болған. Олар болғанда бұлай етпес пе ді деп те ойлап қоямын. Аузы арақтан құрғамайтын әдет тапты. Қаншама рет сүйрелеп жүріп емдеттім де. Қайран болмады. Ішкен күні өзіме де, балаларыма да ұйқы жоқ. Төпелей берген соң көршілерімді жағалаймын. Оларға да қарайтын бет қалмады. Бет аузым көгеріп, екі көзім бұлаудай болып жүретін күндерім көбейді. Ақыры шыдамым таусылып, ажырасайық дедім. Ол оған көнбеді. «Менен өлігіңді ғана алып кетеді» дейтін. Сүйектен өтетін сөздерін айта алмаймын. Жылай жылай күндерім өтіп жатты. Ақыры болмаған соң ажырасудың амалын таптым…
Өзі сияқты бөтелкелестерімен ішіп кеткен күні бір досы келе қалды үйге. Алдына бір бөтелке қойдым. Екеуміз қақ бөліп ішіп алдық. Буын буыным босап, еріксіз оның құшағына құладым. Күйеуімнен құтылудың басқа жолын таппадым… Досы екеумізді ұстап алған күйеуімнің халін суреттей алмаймын. Алдын ала дайындап қойған киімдерім мен құжаттарымды ала сала бұл ауылдан мәңгілікке қарамды батырдым…
Анам сыйлаған алтындарым мен жинаған біраз ақшам кәдеме жарады. Алғашқы пәтерақы мен ас суыма жетіп тұрды. Асханада ыдыс жудым, кеңселердің еденін жудым. Біраз ақшаның басын құрап алған соң ажырасуға арыз беріп, балаларымды қолыма алдым. Армансыз ұйықтаған күнім сол болған шығар. Таяқтан, ең бастысы сүйектен өтер сөздерден құтылдым. Атымды былғап алғаныма өкінбедім деп айта алмаймын. Бірақ қазымыр күйеуден құтылғаныма қуанғаным рас. Тыныш, бірсыдырғы күндерім өтіп жатты. Ыдыс жуатын асханам жабылып басқа элиталы мейрамханаға ауыстым. Бастығын көргенде көзім шыға жаздады. Бұл баяғы соңымнан қалмай жүгірген тапал жігіт еді. Домаланып, беті жылтырап толысып алыпты. Астында арқырап тұрған көлік, қолында бума бума ақша. Ақырып жұмысшыларын құлша жұмсайды. Ішім өртенгендей болды. Орамалды басып тартып алып, жүргеніммен мені танып қойды. Атымды атап шақырғанда жүзін мысқыл шарпып өтті…
Сол күннен кейін ақ шай ішуге шақырды. Бардым. Қатынасымыз созылып кетті. Ақыры бір күні үйленейік деп ұсыныс тастады. Өзінің 3 баласын тастап маған үйленді. Әйелі келіп жұлып кеткен. Амалым қайсы… Әу баста қисық жаратылған тағдырымды түзеу қолымнан келмеді… Тапқан ақшамды жырымшылап, анда тартсам анда, мында тартсам мында жеткізе алмай шаршаған кезім еді. Әрі жаспын, әркіммен бір қылтыңдамай, орнықты еркек болса тұрмыс құрмақты өзім де ойлап жүргем…
Бұл таңдауым да қате шықты. Қазымырлығы алғашқы күйеуімді жолда қалдырардай екен. «Картопты аршыма ,қабығын қырнап сал, шайды жарты қасық салып демде…» деген сөздері миымды тесті. Ақшасы мыш -мыш болғанымен тиынға тісін сындыратын шығайбай болып шықты. Оған да көндіктім. Бастысы балаларыма жақсы қарады. Ішкенімен соңына түсіп кетпейді екен. Бірақ қазымырлығында шек жоқ. Миымды қақтайды. Бұл күйеуімнен бір ұл, бір қыз таптым. Әйтеуір қарнымыз тоқ, ешкімнің есігін жағалап жүрмегеніме шүкіршілік ететінмін.
Өстіп өтіп жатқан күндердің бірінде айықпас ауруға шалдықтым. Әл дірмәнім жоқ төсекке таңылдым. Күні түні бебеулеп жатқан әйелдің қайбір қадірі қалсын. Ішіп келген күндері бетіме жапқан көрпемді көтеріп, «сен әлі өлген жоқсың ба?» дейді. Осы сөзін естіп, өстіп жатқанша өлгім ақ келеді. Алланың аманатқа берген жанын қию да қолымнан келмейді екен. Қорқамын да. Бүгін келген балам кейінгі күйеуімнен. Өзіне ұқсаған. «Ауруынан айықпаса көзін жоғалтсын» деп сәлем айтып жіберіпті. Ендігі тағдырым не болмақ? Балаларымның тағдыры ше? Ақылым жетпейді. Денім сау болса, өкінбес едім. Енді не істеймін?» деп еңіреген палаталас көршімді не деп жұбатарымды білмедім…
Айжарқын
kz.otyrar.kz