Күйеуімен үш жылдан кейін кездескен келіншек сол күні қайтыс болды
Ресейлік әйел қытайлық күйеуімен үш жылдан соң қайта кездесіп, сол күні өмірден өткен. 2019 жылы некесін қидырған жұбайлар Қытайда енгізілген карантинге байланысты кездесе алмаған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Lenta.ru-ке сілтеме жасап жазды.
Басылымның жазуынша, музыка индустриясында қызмет атқаратын Ника есімді ресейлік тұрғын 2018 жылы Қытайда 38 жастағы қытайлық азаматпен танысады.
Ал 2019 жылдың сәуірінде олар отбасын құрып, сол жылдың күзінде Никаның анасымен танысу үшін Ресейге келеді.
Көп ұзамай Никаның жары Қытайға оралады. Ника болса бірнеше айдан соң күйеуінің туған жеріне баруды жоспарлап отырған.
Алайда Қытайда коронавирусқа байланысты карантин енгізіліп, жұбайлар тек 2022 жылдың қазанында бір-ақ жолыққан.
"Біз бес минуттай құшақтасып, жылап алдық. Мен өте бақытты едім. Бірақ үйге бара жатқан жолда қайғылы жағдай болды", - дейді Никаның күйеуі Оуян.
Оуянның айтуынша, аяқ астынан Никаның тыныс алуы қиындай бастаған. Ер адам бірден әйелін жақын жердегі ауруханаға алып барған. Алайда дәрігерлер әйелге "өкпе тамырларының бірінің тромбпен бітелуі" диагнозын қойған.
Тосыннан басталған аурудан Никаның сол жерде жүрегі тоқтап қалған. Әйелін қалай да аман алып қалғысы келген Оуян оны 150 шақырым жерде орналасқан тағы бір ауруханаға алып барған. Бірақ қанша күш салғанына қарамастан, жұбайын құтқарып қалу мүмкін болмаған.
Ер адамның паймынша, әйелінің дерті ұзақ уақыт ұшақпен ұшқаннан асқынған.
Басылымның мәліметінше, Ника көз тірісінде қайтыс болған жағдайда ағза мүшелерін мұқтаж жандарға беруді ойлаған. Марқұмның анасының рұқсатын алған дәрігерлер оның бауырын екіге бөліп, бауыр жеткіліксіздігі бар жасөспірім мен бауыр рагына шалдыққан ересек науқасқа салған.
Ал бүйрегін уремиямен ауыратын екі науқасқа ауыстырған.
Никаның оқиғасы Қытай тұрғындарының жүрегін елжіреткен. Олар өзге жандардың өмірін сақтап қалғаны үшін Никаға алғысын айтуда.