"Күйеуіме ұл туатын тоқал алып берейін бе?": Жеті қыз туған келіншек жан сырын ақтарды
Алматылық келіншек 20 жыл отасқан күйеуіне тоқал алып беру туралы шешімге келгенін айтты. Жеті қыз туған ана күйеуінің ұл сүймегеніне өзін кінәлаумен келетінін жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алматылық Гүлзира (есімі өзгертілді - ред.) 20 жыл бойы қол ұстасып келген жарының өтінішін естігенде жанына қатты батқанын айтады. Ол күйеуінің "тоқал алып бер" деген өтініші туралы жатса-тұрса ойланып жүргенін айтады. Көпбалалы ана осы тұрғыда көпшіліктің ойын білгісі келеді. "Жеті қыз тудым, күйеуім тоқал алып бер деп қоймай жүр. Маған қыз туа беруімнің себебі өзімнен екенін бетіме басады. 20 жыл бірге өмір сүріп, тоқал алам деп айтатыны үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Ең бірінші рет естігенде маған қалай тигенін білсеңіз ғой. Енді ұл тумағаныма өзімді кінәлі сезініп жүрмін", - дейді Гүлзира. Гүлзира өзінің де әлі жас екенін, алдағы уақытта әлі сәби сүюге денсаулығы жарайтынын алға тартады. "Екі ойлы болып жүрмін. Мен күйеуімнің тоқал алуына іштей келісіп жүрмін. Бірақ оған қоятын өз талабым да бар. Алған тоқалы міндетті түрде ұл туып беруі керек. Және ең бастысы менің басымды қатырмаса болды. Бізге де ұл керек. Бір жағынан өзім де әлі бала сүйетін жастан кеткен жоқпын. Алла қаласа ұл да туармын. Шынымды айтсам, күйеуімнен көңілім қалды", - дейді ол. Сөз соңында Гүлзира көп қыз туғанына еш өкінбейтінін жеткізді. "Қыздарым сүп-сүйкімді. Осы қыздарымның амандығын тілеймін. Қыз тудым деп өкінбеймін, Алланың берген сыйы", - дейді көпбалалы ана.