Күйеуімді енемнен қызғанамын
Менің тұрмысқа шыққаныма тоғыз жыл болды. Үш баланың анасымын. Мен осы кезге дейін күйеуімді өзгеден емес, өзінің туған шешесінен қызғанып келемін. Менің бұл мінезімді біреу құптаса, ал екінші адам жақтырмасы анық. Осы тоғыз жылда басымнан кешкендерімді «Алаш айнасына» ақтаруға бел байладым.
Менің анам 20 жылдан бері сауда жасап келеді. Алғаш сауда бастаған кезде Алматы мен Атырауға қатынайтын жолаушылар пойызында киім-кешек сатып жүрді. Мен ол кезде мектепті жаңа бітіріп, колледжге түскен едім. Анам байғұс бізді оқытайын деп қыстың қақаған суығына қарамай, жаздың ыстығына қарамай ала дорбасын арқалап апталап жол жүріп кететін. Қиын заманның азабын анам көп тартты.
Әдеттегідей анам Атыраудан оралды. Шешем келгенде бәріміз арқа-жарқа болып қуанып қаламыз. Себебі, анам дорба-дорба тәттісін алып келетін. Бұл жолы үйге алып келген сөмкесі өте көп. Мен анама қарап «мама үйге қонақ келеді ма?» деп едім. Шешем маған қарап күлімсіреп «ертең үйге менің подругаларым келеді. Мына тәттінің бәрін сен дайындады деп айтамын» деді.
Бірақ, анамның ішкі ойын түсінбедім. Ертеңіне айтқан қонақтары келді. Олар Алматы-Атырау бағытына қатынайтын жолаушылар пойызының жол серігі екен. Келген қонақтарға мені әдемілеп таныстырды. Анам оңашаға шыққанда «неге сонша мені таныстырып қоймайсыз, қонақтар маған емес сізге келді ғой» деп ренжіп қоямын. Шешем болса «Әй қыз бұртыймай жадырап күліп жүр. Мына кісі сені баласына әпермекші» деді. Анам болса болашақ құдағиының асты-үстіне түсіп қояр емес.
Содан не керек, мен болашақ енеме бір көргенен ұнаған екенмін. Екі құдағи бізді таныстырмай жатып-ақ, құдаласып біздің сыртымыздан тон пішіп қойды. Сол кезде менің енем «мен балама сенің қызыңды алып беремін. Екеуміз құдағи боламыз. Балам мен айтқан қызды ғана алады» деп айтты. Алғаш естіген кезде, «бұл кісінің баласы ынжықпа? Әлде оның жүрегі жоқ па?» деп жақтырмадым.
Сөйтіп, болашақ енем бізді өзінің туған күніне шақырды. Мен сол жерде Дарханмен таныстым. Болашақ күйеуімді бір көргеннен ғашық болдым. Жақтырмай жүрген енемнің іші-бауырына кіріп кете жаздадым. Дархан аққұба келген, көзі тостағандай, кірпіктері қайрылып қалған, шашы бұйралау келген, қыр мұрынды сұлу жігіттердің бірі. Көрген қызды өзіне еріксіз ғашық етеді.
Дархан мені, мен секілді сүйеді деп айта алмаймын. Менімен кездесуге де анасының айтуы бойынша келетін. Екеуміз алты ай кездесіп жүрдік, бірақ Дархан маған ұсыныс жасайтын ойы да жоқ еді. Бірге жүрген құрбыларым «тойларың қашан? Осылай жүре берсең сүйгеніңнен айрыласың» деп мені қорқыта түсетін. Өзім де жігітімнің бұл бей-жайлығынан қорқып жүрген едім. Көп ойланып, басымды қатырмай бірден болашақ енемнің үйіне қарай жол тарттым. Енем үйде екен. Ол кісімен сөйлесіп отырып, үйінің барлық жұмысын жасап бердім. Сөздің арасында «Дархан екеуміз тезірек үйленсек, сіздің қолыңызды жылы суға малып қояр едім» деп те айтып қалдым. Енем болса «қызым-ау мен ұзақ жолға кеткен кезде үйге келіп Дарханға ыстық тамақ жасап беріп тұрсаң жақсы болар еді» деді. Енем менің ойымды дөп басқанына қатты қуандым.
Сол кезден бастап, Дарханның ата-анасы жұмысқа кеткен кезде, мен олардың үйінде жүрдім. Он бес күн біз бірге тұрып жүрдік. Бірақ, Дархан үйленуге асығар емес. Көп ұзамай менің аяғым ауыр болды. Бұл жаңалықты естіген кезде ғана болашақ енем тойдың қамына кірісті. Сүйгеніме тұрмысқа шыққаныма қуанып жүрмін. Тойымыз да керемет өтті.
Сөйтіп, біздің отбасылық өміріміз басталды. Алғашқы кезде бәрі керемет болатын. Семья құрғаныма 3 айдан асқан кезде, біз бірімізді тани бастадық. Дархан анасының айтқанын шықпайтынын аңғардым. Екеуміз бірге қол ұстасып қонаққа бару үшін де, киім алу үшін де шешесінен рұқсат алатын болдық. Анасы қызыл шұлық әкеліп берсе ол соны киіп жүре беретін. Енеме «Дарханның әйелі менмін, керегімізді екеуміз келісіп аламыз» деп қанша айтсам да түсіндіре алмадым. Бірақ, енем екі баласынан да Дарханды ерекше жақсы көретін. Оны өзінің қасынан бір елі шығарғысы келмейтін.
Енем мен атам он бес күн сапарға кеткен кезде екеуміз ерлі-зайыптыдай қол ұстасып, бірге дүкенге барып, өзімізге қажеттіні келісіп алатынбыз. Ал, енем үйде болған кезде Дархан мүлдем өзгеріп кетеді. Күнен-күнге енеме деген қызғанышым күшейе берді.
Енем екеуміз ренжісіп қалсақ, Дархан үйге кіргеннен зарлап жылап «маған сенің қатының күн бермей жатыр» деп мені баласына сабатқызғаны бар. Дархан анасының сөзіне еріп маған жұдырық ала жүгірді. Онысымен қоймай баласын атам мен енем жататын бөлмеге төсек салып берді. Енемнің бұл қылығына одан бетер ызам келді. осы кезден бастап енемді жек көріп кеттім. Енем мен Дархан арқа-жарқа болып күліп әңгімелессе менің қабағым түсіп кететін болды.
Шынымды айтсам Дарханды енемнен қызғанғаным соншалықты енемді үйден қуып жібергім келетін. Менімен ақылдаспай шешесімен ғана сыбырласып істі тындыратын. Бірақ, Дархан өте балажан болатын. Балалары десе ішкен асын жерге қоятын. Тұңғыш қызының асты-үстіне түсіп бәйек болып отырады. Оның осы бір осалдығын пайдаланбақ ниетпен, енеммен бір ұрысқанда киім-кешегімді жинап, қызымды жетектеп төркініме тайып тұрдым. Бір жұмадан кейін-ақ Дархан артымнан жетіп келді. Оның келгенін місе тұтпадым. Оған «мен сенімен ұрысқан жоқпын шешеңмен ұрыстым. Шешең келіп кешірім сұрамаса сенің үйіңе бармаймын» деп табандап отырып алдым.
Ертеңіне енем келіп кешірім сұрап мені қайта үйге алып кетті. Енеммен ренжісіп қалсам болды, төркінге қарай қашатын әдетке басатын болдым. Осылай екі ортада жүріп дүниеге екі ұлымды алып келдім. Сөйтіп үш баланың анасы атандым. Енем қуанғанынан маған қымбат алтын сақина, сырға, алқа, сағат дейсіз бе бәрін әкеліп үлде мен бүлдеге орап қойды.
Енем, маған бағалы сыйлық алып келіп, менің көңілімді аулауға қанша тырысса да оған деген қызғанышым басылмады. Балажан күйеуіме қос ұл туып берген соң, менің қадірім де арта түсті. Бұрынғыдай анасының айтқанымен жүрмейтін болды. Тапқанын бала-шағасының аузына әкеліп тығатын. Туыстарымның да үйіне баратын болсам енемнен сұранбай кете беретін болдым. Дархан жұмысқа кетерінде керегіңді аларсың деп күнде қалтама ақша беріп кететін.
Енем менің жағдайымды қанша жасап бәйек болса да оның алғашқы көрсеткен қылығы көкірегімде кек болып сақталды. Соның өшін ала-алмай қор болдым. Менің бар ойым енемнің сүйікті ұлы Дарханды бөлек алып кету еді. Ол ойымды күйеуіме де ақтарып салдым. Ал, ол болса «екі қабатты зәулім үй тұрғанда, біреудің пәтерінде неміз бар. Осында тұра берейік» деді. Дарханның дегеніме көнбегеніне қатты ашуландым.
«Бүйректен, сирақ шығарып» енеммен ұрысудың амалына көштім. Он бес күн жол жүріп келген енемнің жағдайын сұрауға қайын апкем бала-шағасымен келді. Олар келсе апталап жататын әдеті бар. Оның да балалары жас болатын. Тырнақ астынан кір іздеген адамға ұрыс та табыла кетеді екен. Балаларды енеме қалдырып, қайын апкем екеуміз базарға кеткен едік. Үйге келсек, кішкентай баламның қолы таңулы екен. Оны көріп шошып кеттім. Түрім бұзылып кетсе керек, маған қарап енем сасып қалды. Мен ашуға булығып «бір сағатқа кетіп едім, дереу баламды күйдіріп тастапсың. Қызыңның баласына қарап, менің баламды әдейі күйдіргенсің сен» деп айқайға бастым. Енем мені сабырға шақырмақшы болып бәйек болып жүр. Оның сөзін құлағыма да ілмедім. Киім-кешегімді жинап алдым да балаларымды ертіп төркініме кетіп қалдым.
Енем Дарханға қоңырау шалып үлгерсе керек. Ол маған звандап «қайда барасың, отыр үйде» деп телефонда айтып жатыр. Бірақ, оның сөзін де тыңдамадым. Төркініме тайып тұрдым. Кешкісін Дархан бізді үйіне алып кетпекші болып келді. Бірақ, мен «екеуміз бөлек шықпасақ бармаймын» деп қасарысып тұрып алдым. Енем де келді кешірім сұрап. Бірақ, оны да кешірмедім. Енем менің қит етсе болды төркініме қаша жөнелетін әдетімнен шаршаса керек. Біркүні қоңырау шалып «ақылға келіп, балаларды алып үйге кел. Дархан сендерді сағынып қатты жүдеп кетті. Егер мүлдем келмейтін болсаң, онда балама басқа қыз алып беремін» деді. Ол сөзді естіп енеме қатты ашуландым.
Ертеңіне сотқа барып ажырасуға арыз тастадым. Бір айдан кейін Дархан екеуміз заңды түрде ажырастық. Балаларыма алимент төлеп тұрды. Бірақ, мен балаларды көрсетпей қойдым. Себебі, Алматыда тұратын апкемнің үйіне балаларымды алып кетіп қалдым. Сөйтіп, Дархан балалаларына мүлдем жете алмай қалды. Үш айдан кейін күйеуім жұмысын, үйін тастап бізге келді. Қазір Алматыда пәтер жалдап бірге тұрамыз. Қызымызды мектепке бердік, ал балаларды балабақшаға орналастырып екеуміз де жұмысқа орналастық. Бірақ, күйеуім әлі де маған алимент төлеп тұрады.
Енемнің сүйікті ұлын өзінен жырып алып кеттім. Екеуміз біргеміз. Бірақ, менің енеме деген ашуым, қызғанышым әлі де басылған жоқ. Жұмыстан келгенде кешкісін күйеуім шешесімен сөйлескенін көргенде ашуланып шыға келемін. Енеммен телефон арқылы сөйлескен күні біздің үйде соғыс болады. Қазір, Дархан шешесімен мен жоқта ғана сөйлесетін болып жүр.
Күйеуімді де ренжіткім келмейді. Себебі, Дархан менің де, шешесінің де көңіліне қараймын деп көңілі құлазып кетті. Енемді көргенде немесе оның даусын естігенде шайтан түрткендей ашуға булығып шыға келемін. Осы бір мінезімді тастай алмай-ақ қойдым. Көшедегі қыздардан қызғансам мейлі екен. Енемнен өзінің туған баласын қызғанатын қызғаншақтық әдеттен құтыла алмай-ақ қойдым.
Менің жүрек жарды сырымды оқыған адам мені сөгер. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп бекер айтпаған екен. Алаш айнасы сайтының тұрақты оқырмандары маған ақыл-кеңестеріңіз болса аямаңыздаршы. Отбасымның шырқын бұзған қызғаншақтық әдеттен құтылудың жолын айтыңыздаршы....