Күйеуім суррогат ананың қызметіне келісер емес
Бұл дүниеде әйел адамға «Сіз ешқашан бала көтере алмайсыз» деген сөзден ауыр сөз жоқ шығар, сірә. Өйткені ана атану әйелдің ең басты бақыты емес пе? Алайда пешенесіне құрсақ көтеру, еміреніп бала емізу бақытын жазбаған да жандар бар қатарымызда. Жақында үйіме он үш жыл бойы бала сүйе алмай жүрген бөле сіңілім келген еді. Бір-бірімізді көрмегенімізге біраз болған. Екеуміз ұзақ әңгімелестік, оның көзіндегі мұң мен айтқан сөздері көкейімнен кетер емес. Назгүлдің жанын жаралаған жағдайды "Алаш айнасындағы" "Отбасы – ошақ қасы" айдарына ұсынып отырмын.
Оқырманға түсінікті болу үшін Назгүлді толығырақ таныстырып өтейін. Назгүл екеуміз Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында туып-өстік. Бір мектепке бардық, бір аулада ойнадық. Мектепті бітіргеннен кейін мен Алматыға оқуға кеттім. Бірінші курсты бітіріп ауылға каникулға келсем,11-сыныпты жаңа бітірген Назгүлімізді біздің ауылдан шалғай ауылда тұратын бір жігіт алып қашып кетіпті. Сонымен, Назгүл 17 жасында өзінен он жас үлкен жігітке жар болды. Анда-санда ауылға барғанда ата-анасынан Назгүлдің жағдайын сұрап тұратынбыз. Сонда оның отбасында бақытты екенін, алайда бала көтере алмай жүргенін естігенім бар. Сөйтіп жүргенде 13 жылдың қалай өте шыққанын білмей де қалыппыз ғой. Жақында Назгүлдің өзін көріп сондай қуанып қалдым. Ол үйге келіп менің балаларымды айналып-толғанғанын көргенде жүрегім ауырып кетті....
Өзімді қойшы Архатты аяймын....
«Алғаш үйленген жылдары Архат екеуміз бала туралы аса ойламайтынбыз. Өйткені мен өте жас болдым. Күйеуім мені алақанында аялады. Еркелетті де, еркелігімді де көтерді. Шынымды айтсам, менің күйеуден жолым болды. Ол маған ешқашан «неге бала тумайсың» деп айтып көрген емес. Уақыт өткен сайын сәбиіміздің болмай жатқанына мен алаңдай бастасам ол мені « Алла Тағала өзі қалаған уақытында береді. Өзіңді-өзің жей берме» деп жұбататын.
Мен ауданның, облыстың, тіпті қалалардың дәрігерлеріне түгел барып қаралдым. Екеуміздің бармаған емханамыз қалмады. Осы уақытқа дейін дәрігерлер менің неге бала көтере алмайтынымды анықтай алмай келді. Емші, балгерлерге де бардым, бірақ нәтиже жоқ. Күндіз-түні, жатсам да, тұрсам да Жаратқаннан бір нәресте сұраймын.
Өзіммен қатар түскен абысынымның бүгінде үш баласы бар. Біздің үйленгенімізге 5-6 жыл болған кезде ата-енем бізге туыстардың баласын асырап алуға кеңес берді. Бірақ мен де, күйеуім де өзіміздің баламыз болып қалар, туысымыздың баласын асырап алып, ертеңіміз қандай болмақ дедік те қоя тұрдық.
Уақыт шіркін зымырай береді екен. Міне, бір шақалақтың іңгәлаған дауысын ести алмай өмірім өтіп барады. Өзімді қойшы Архатымды аяймын. Оның жасы қырыққа таяп қалды. Сонда ол қашан өз баласын қолына алады?
Осыдан бір жыл бұрын бір таныстарымыздың кеңес беруімен Астанадағы ең мықты деген медициналық орталыққа барып, білікті мамандарға қаралдық. Тексеріс нәтижесі Асхаттың 100 пайыз денсаулығы жақсы екенін көрсетті. Бұрындары да осылай болған. Оның балалы болу қабілеті 99 пайыз. Тіпті Архаттың денсаулығының мықтылығына дәрігерлердің өзі бас шайқасып, оған донор болуға ұсыныс білдірді. Ал Архат екеуміздің ортамызда баламыздың болмауына мен кінәлімін. Денсаулығымдағы кінәратқа байланысты мен сүйіктіме бала сыйлай алмай отырмын.
Дәрігерлер маған бірнеше рет ота жасады, ұзақ уақыт емделдім де. Бірақ соңғы тексеріс нәтижесі менің ешқашан балалы бола алмайтынымды көрсетті. Маған ем-дом жасаған дәрігер өзіме барлық мән-жайды түсіндірді. Оның айтуынша, менде барлық әйелдердегідей бір ғана жатыр емес, екі жатыр. Бірақ екеуінің де көлемі өте кішкентай. Ондай жағдайда ішке бала біткен күннің өзінде оның өсіп, тоғыз айға дейін жетуі екіталай. Сондықтан дәрігерлер маған не суррогат ананың қызметіне жүгінуге немесе бала асырап алуға кеңес беретіндерін айтты.
Өзімнің балалы бола алмайтыныма көзім жеткенде Архаттың басын босатып кетіп те қалғым келді, бірақ ол мені ешқашан тастамайтынын айтты. Мен Архаттың екінші әйел алуына да қарсы емеспін, бірақ бұл туралы Архаттың естігісі де келмейді.
Менің қазіргі бар ойым - суррогат ана тауып, өз сәбиімді құшағыма алу. Алайда күйеуім суррогат ананың қызметіне де келіспей отыр. Мен ауруханада емделіп жатқан кезімде күйеуім маған келіп-кетіп жүріп, сол ауруханада бір суррогат ананың ішіндегі баланы биологиялық ата-анасына беруден бас тартқанын, ішіндегі баламен қашып кеткеніне куә болыпты. Содан бері суррогат ана туралы тақырыпты қозғауға да құлқы жоқ. «Біздің баламызды өзге әйел туып, оны өзімізге бермей қойса, өмір бойы балам қайда, қандай күй кешіп жүр екен деп уайымдап жүрмекпіз бе», - дейді ол. Мен оған мұндай жағдай жиі бола бермейтінін, суррогат анамен келісімшарт заңды түрде жасалатынын айтып түсіндіре алмай жүрмін.
Күйеуімді әлі де суррогат ана арқылы балалы болуға көндіруге тырысамын. Ал қазір Архат балалар үйінен бала асырап алуға ниеттеніп жүр. Мен бұған да қарсы емеспін. Бір баланы асырап алсақ, бір баланы суррогат ананың көмегімен дүниеге әкелсек, тамаша ғой. Алайда біздің елімізде бала асырап алу да оңай шаруа емес екен. Қазіргі таңда түрлі анықтамалар, қағаздар жинап басымыз қатып жүр. Мен бір жасқа толмаған барынша кішкене бала алсақ деймін. Өйткені өзім ешқашан ана болып көрмегендіктен ес біліп қалған баланың бізге бауыр басуы қиын бола ма деп қорқамын», - дейді Назгүл.