Қымбатты қыздар, әпкелер, жеңгелер, сіздерден кеңес сұрап, осы хатты жазып отырмын. Түсіністікпен қарауларыңызды өтінемін.
Жасым 23-те. Тұрмысқа шыққаныма 3 ай болды. Аяғым ауыр 9 апта. Түсінікті болу үшін басынан бастайын. Жолдасыммен бір отырыста таныстым, бірден ұнаттым. Бірақ ол кезде оның қызы бар болатын. Оған дейін жігітпен жүріп көрмегендіктен бе, жолдасымды көрген соң бар ойым тек сонда болды. Оның бір күні маған келетініне сенімді едім. Тура бір жылдан соң бір кеште жолдасыммен тағы да кездестім. Содан сөйлесіп кеттік. Көп кешікпей ол қызы болуға ұсыныс жасады, мен келістім. Бәрі керемет болды. Гүл, тосынсыйлар т.б. Жүргенімізге 4 ай болғанда ол төсектес болуға ұсыныс жасады, мен ренжіп оны тастап кеттім. Себебі оған бірден айтқам тойға дейін ондай әңгіме болмай-ақ қойсын деп. Он күннен соң кешірім сұап келді, сақинасы бар үйленуге ұсыныс жасады. Неге асықтық жүре тұрайық дегеніме: сені жақсы көрем; шыдай алмай саған тағы тиісіп сені жоғалтып алудан қорқамын деді. Мен келістім, себебі оны қатты жақсы көретінмін. 4 айдан соң тойымыз болды. Тойымыз керемет өтті. Тойдан кейін жолдасымның мінезі күрт өзгерді. Мінезі ауыр, ашуланшақ не болса соған маған ұрсып,аузына келгенін айтып, мені әрқашан келеке етіп отырады. Тойға дейін қарсы болсам да маған ақшасын шашып жүретін, тойдан соң ондай жоқ тіпті қазір витаминдерімді алуға да әкем ақша береді.
Енем, қайным бар, олар керемет жандар. Тойдан кейін 1 айға жетпей көтердім, меннен бақытты жан жоқ болатын. Бірде ол ұйықтап жатқан, ішім пысып оның телефонын қарадым, кәдімгідей қыздармен сөйлесіпті. (барамын, кездеспедік пе деп.) Өте қатты қиналдым, бірақ үндемедім. Ертеңгі күні кеште байқаусыздан пультті басып кетіп, каналын ауыстырып жібергенім үшін айқайлап, боқтады, содан өзімді ұстай алмай бәрін айтып салдым. Ол болса сен не мені біреумен ұстап алып па едің, сосын сен неге менің телефонымды қарайсың деп маған қол көтерді. Ондайды көрмеген қатты қорықтым әсіресе балам үшін. Қашып сыртқа шығып кеттім. Жақын жерде ағам тұратын соларға барып қондым. Мамам мен жолдасым жұмыста деп өтірік айттым. Ертеңгі күні үйге қайтып келдім. Ол кешірім де сұрамады, маған есікті көрсетіп, бірақ қазір шықсаң қайтып кірмейсің деді. Мен жиналып кетіп қалдым. Ата- анама жолдасым жұмыстарымен басқа қалаға кетті, келгенше мені жіберді дедім. Бір аптадан соң жолдасым келді, сені алып кетуге келдім деді.
Содан сөйлестік, оның айтуы бойынша мені жақсы көрмейді екен. Менің алдымда жүрген қызымен махаббатқа тойдым дейді. Үйленетін уақыт келді сосын ішпейтін, шекпейтін, ешкіммен жүрмеген қыз керек болған. Сөйтіп маған үйленген. Сен мені жақсы көресің, сол да жетеді деп ойладым дейді. Тек сонда ғана түсіндім. Үйленбей тұрып та еркелетпейтін, қызғанбайтын. Маған оған дейін де, онымен жүріп жүргенде де сөз айтушылар көп болды. Мазалап жүр сөйлесші десем,басқа жігіттер қашанғы жүрер дейсің, қояды ғой деп күлетін. Үйленген соң ұйықтағанда құшақтап жатайын десем, әрі жатшы жиіркенем дейтін. Мен сонда да түсінбей жүре беріппін. Сенімен айрылысып кетер едім мамам сенсіз келме деді, сосын сені сыйлаймын және баламыздың жетім (өзінің папасы жоқ, қайтқан) өскенін қаламаймын, ең болмаса баламыз үшін тұрып көрейік болмаса айырылысып кетерміз деді. Мен көп ойланып келістім. Себебі бұйырса баламның әкесі болады мен де баламның әкесіз өскенін қаламаймын және де ешнарсеге қарамастан оны қатты жақсы көрем. Қазір тұрып жатырмыз. Мен телефонына жақындамаймын, қайдасын, қайда барасын ешнәрсе сұрамаймын. Тек аман-есен баламды қолыма алсам деп жүрмін. Ол да әзірше өзін ұстап, маған үндемей, ауыр көтертпей көмектесіп жүр. Қашанға дейін созыларын кім білсін. Айналайын қыздар сіздерге айтарым өзің жақсы көрген емес өзіңді жақсы көрген адамға тұрмысқа шығыңыздаршы. Себебі ер адамның сезімі болмаса отбасы болу қиын. Уақыт бөліп оқығандарыңызға Алла разы болсын!
Перизат, Алматы