Қайырлы күн. Есімім Сания жасым 30-да, Қызылорда облысынан жазып тұрмын . Некем сәтсіз болғаннан кейін үйіме қайтып келдім. Алайда ағам мені сыйғызар емес. Басқа барар жерім, тұрақты жұмысым жоқ, тығырыққа тірелдім. Сіздердің тұрақта оқырмандарыңызбын. Мағанда жол сілтер бағдаршамым болады деген ниетпен KYN.KZ ақпарат агенттігінің «Үшбухат» айдарына хат жазуды жөн деп көрдім.
«Жақында күйеуіммен ажырастым, ортада бала жоқ. Өзімнің кетуіме тура келді, себебі тапқан ақшасын құмар ойындарына салады. Қарызы бастан асады. Үйдегі заттарды сатуды әдетке айналдырды.
Мені әйел ретінде ешқашан бағалаған емес. Бір еркек болып үйге қарап, менің көңілімді табуға ешқашан да тырысқанын көрмедім.
Өзім тазалықты жақсы көремін, уақытылы тамағын дайындап, тәтті-дәмдінің бәрін соның алдына тосамын. Кейінгі кезде тіпті қалаға кетіп, айлап жоғалып кетуді шығарды. Ата-енеме қызмет қылып, сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрдім. Бұның қадірін түсініп жатқан тірі жан жоқ. Ол аз дегендей енем маған «бала көтермейсің», деп бетіме басуды шығарды. Бұл айтылған сөздерде маған ауыр тиді. Күйеуімнің құмар ойынға салынғанын көріп, бәрінен үмітімді үзіп ата-анама қайтып кеттім.
Қазір төркініме келдім, енді үйге сыйар емеспін. Ағам мінезі қатал адам. Жалдамалы жұмыстарды істеп күнімді көріп жүрмін. Үйге келсем болды құлағыма тыныштық жоқ. Анамда кішкене қолдаудың орнына мені кінәләп шыға келеді. Пәтер жалдап шығып кетейін десем, әкем рұқсатын бермеді.
Өмірден түңіліп кеттім. Жақындарым қателігімді бетіме баса береді. Қатты қиналып жүрмін. Мен бұл хатты жасы үлкен ақыл тоқтатқан әпкелеріміздің оқитынын білемін. Сіздер маған қандай ақыл кеңес айтасыздар. Әрі қарай күресуге шамам жоқ. Не істесем болады?», — деп ойын аяқтапты.