21 жастағы Нұр-Сұлтан тұрғыны Дарья Петрова есірткінің түр-түрі мен оның әсері туралы жақсы біледі десек артық айтқан болмаспыз. 16 жасынан оған тәуелді болып, басынан қиын күндер кешкен бойжеткен қазір дертінен толық айығып, есірткіге тәуелді болған жастарға көмектесумен айналыспақ. Айтуынша, қазір есірткіге тәуелді жастардың саны көбейіп барады.
- Мен Нұр-Сұлтан қаласында туып-өстім, қазір ата-анаммен бірге тұрамын. Жақсы отбасынан шыққанмын. Есірткіге тәуелділер жағдайы қиын отбасылардан шығады деген пікір бар. Бірақ есірткіге алып келетін себептер көп, - деп бастады Дарья басынан өткен оқиғаларын.
Бойжеткеннің есірткілік заттарға деген тәуелділігі 15 жасында алғашқы махаббатын кездестіргенде басталған.
- Біз танысқан кезде ол әлі тәуелді болмады. Бірақ бастаған кезде осы үшін жиі жанжалдасып қалатынбыз. Ол сен мені түсінбейсің деп айыптайтын. Қорқынышты ештеңе болмайды, біз бір-бірімізді жақсы көреміз ғой деп мені көндірді. Сөйтіп мен бірінші есірткінің дәмін де тарттым. Ол дәріханалық "Трамадол" еді. Ол кезде есірткіні менің әке-шешем беретін ақшаға алатынбыз. Әке-шешем әлі ол кезде есірткіге деген құмарлығым туралы білмеді. Тіпті ол балаға деген қарым-қатынасы жақсы болатын. Бәрін білгеннен кейін әрине ол баламен қарым-қатынасымды тоқтатуды талап етті. Мен "Трамадолды" да тастадым, ол - жалғастыра берді. Ол кезде 16-да болатынмын.
Бұдан кейін Дарьяда сегіз айға жуық үзіліс болған. Әрі қарай тағдырын өзгерткен кездесу орын алып, ол нашақорлыққа салынған бір топпен достасады.
- Менен 8 жас үлкен жігітпен жақсы аралса бастадық. Мен сол кезде үйден белгісіз себептермен қашып кетіп жүрдім. Сондай күндердің бірінде әлгі жігіт маған үш күнге пәтер жалдап берді. Ол да менің қасымда қалды. Бірінші кеште-ақ мен ауыр есірткілерді көрдім. Қорқынышты болды, бас тартуға тырыстым, бірақ ол мені көндірді. Одан кейін екі күн бойы метамфетаминді пайдаландық. Шынымды айтсам, қазір миымда не болғанын білмеймін. Тым жас болғандығым да әсер еткен шығар. 17 жасымда мен үйімнен қашып кетіп, сол жігітпен тұрдым. Артынан үйлендік. Біз тұрақты түрде Трамдол, Тропикамид, Сомнол, Лирика, басқа да дәріханалық есірткілік заттарды пайдаландық. Екі жылдың ішінде басқа есірткілік заттарды да көрдім. Экстази, амфетмин, мифедрон, тіпті героинға дейін көштік. Героинді тамырға салу иіскегеннен гөрі арзанға шығады. Біз оның әке-шешесі сыйлаған пәтерде тұрдық, ол еш жерде жұмыс істемеді, жаңа дозаға ақшаны қайдан алғанын да білмеймін. Мен ол кезде оқып жүрдім.
- Есірткіге салынуың сабаққа кедергі болмады ма? Ата-анаңмен араласып тұрдың ба?
- Жоқ, кедергі болмады. Мен шығармашылық адамы болғасын ба, бірге алып жүрдім. Бала кезден сурет салуға әуес болдым. Суретімді де салып жүрдім. Ата-анаммен де араласып жүрдім, оларға жақын жерде тұратынбыз. Анам сезіп жүрген сияқты бәрін, бірақ мойындағысы келмейтін.
- Нашақорлыққа салынғанда сырт келбетіңде өзгерістер болды ма?
- Әрине, сырт келбетімде де, қылығымда да. Арық, өзіне күтім жасамайтын қыз болдым. Нашақорлық отбасылық өмірімізге қатты кедергі тигізді. Бірінші ұрыс-керістен басталатын. Ол есірткіден кейін менің көзіме шөп салдың, андайсың, мындайсың деп айыптайтын. Сөйтіп қол көтеретін. Қол көтергенде маған кәдімгідей әлімжеттік көрсетіп, жасамаған ісі жоқ. Ол пәтерде қорқынышты нәрселер болды. Тіпті мені асып тастағысы келді. Менен телефонымды алып қойып, жақындарыма хабарласып, көмек сұруға мүмкіндік бермеді. Екеуміз бірге тұрғанда үш рет полицияға арыз жаздым, бірақ некеде болғаннан кейін тек әкімшілік сотқа жіберетін. 2019 жылдың маусымында мен онымен ажырасып, 17 маусымда наркологияға емделуге жаттым. Мен ата-анамды қинап жүргенімді, мінезім бұзылғанын, үйден ақша ұрлап жүргенімді жақсы түсінетінмін. Ата-анам-тамаша азаматтар, маған барын берді, жақсы тәрбие берді, ал мен өсе келе ойыма келгенді жасадым.
Наркологияда мен екі ай жатып, ем алудың барлық кезеңдерінен өттім. Бізде темірдей тәртіп болатын, оянып жаттығу жасаймыз, одан кейін әрқайсымыздың міндетіміз, орындайтын жұмысымыз болды. Шынымды айтсам, мен сонда жатып шыққаныма, анамнан көмек сұрауға батылдық тапқаныма қуаныштымын.
Наркологиядан шыққаннан кейін мен жұмысқа орналастым. Өмірім жақсы арнаға бұрылған сияқты еді. Ата-анам да мен үшін қуанды. Бірақ көп ұзамай мен бір рет қайтадан есірткіге оралдым. Өйткені нашақор емделгенде онымен бірге жақындары да арнайы психологиялық топтарға қатысуы тиіс. Ал менің ата-анам үзілді-кесілді бұдан бас тартты. Әрине, мен оған ренжідім. Өйткені мен үшін бұл маңызды нәрсе еді. Тәуелді жандардың жақындары әдейі емес, бірақ қайтадан алкоголь, есірткіге итермелеуі мүмкін. Үнемі сенімсіздік танытады, бұрынғы қалпың туралы бетке басып отырады, қайтадан шегіп алмадың ба деп күмәнданады. Ал психологтармен жұмыс істесе, жақындарымыз бізге деген сенімдерін қайтарып ала алады. Менің емделгеніме біраз уақыт өтсе де, ата-анамның маған деген сенімі қайтып оралмады. Тәуелді адаммен бірге психологиялық топтан өту - бұл емделудің міндетті бағдарламасына енеді.
- Ол кезде сен есірткіге тәуелді болдың ба?
- Иә, мен егіліп жүрдім. Мен өз парақшамда тәуелділіктің кезеңдері туралы жазған едім. Мәселен, никотинға тәуелді адам өлім аузында жатса да темекісін қоймайды. Алкоголизмде де сондай. Ал есірткіге тәуелді не артық дозадан қайтыс болады, не өзінің қиналғанын аяқтау үшін "Алтын доза" деп аталатын үлкен мөлшерде есірткі пайдаланады. Бұл да өлімге әкеледі. Мен сол тәуелділіктің үшінші деңгейінде болдым. Есірткіге бұрынғы күйеуім "отырғызды". Ажырасқаннан кейін "жырымыз" аяқталмады. Биыл жазда жолдас баламен келе жатқанымды көріп, артымнан жұдырығын ала жүгіріп, мұрнымды сындырды. Жуырда ғана мұрнымды қалпына келтіру үшін ота жасаттым. Мен бірден оны сотқа бердім. Ол ақша беріп, мені сатып алмақшы болды. Бірақ соңына дейін баруға бел будым. Өйткені ешқандай ақша анамның төгілген көз жасын, денсаулығыма келген зардапты ақтай алмайды.
- Ал қазір қайтып есірткі пайдалану туралы ойлар бола ма? Бәлкім күйзеліс кезінде?
- Жоқ, қазір ойланып отырмын, бірақ жоқ. Мен өзімнің адам қалпыма жаңа келдім. Қыз сияқты күтінетін болдым. Тіпті есірткіге деген жиіркеніш бар.
- Сен жатқан наркодиспансерде өз еркімен емделгендер көп болды ма, әлде мәжбүрлеп әкелгендер ме?
- Мен ол жердегі басқа қыз-жігіттермен жақсы араласып кеттім. 8-нші, 12-нші рет жатқандар болды. Мен бұл жерге ешқашан қайтып келмеймін деп сол кезде өзіме уәде бердім. Мен қазір наркология бойынша есепте тұрмын, бір жылы өтті, енді төрт жылы қалды. Қызметке орналасарда, басқа да қиындық туындайды. Бірақ наркологияға жатқаныма өкінбеймін. Өйткені емделіп, айығып шыққанымнан басқа, менде психологияға деген қызығушылық пайда болды. Бұл сала бойынша көптеп кітаптар оқи бастадым.
- Дарья, жалпы адамдардың есірткіге деген қызығушылығы қалай пайда болады?
- Ерігіп, істейтін ісі болмағасын, "басқалары сияқты болу үшін", достарын "сыйлау үшін", ләззат алу үшін, отбасындағы проблемалар үшін, проблемалардан қашу үшін, қызығушылық үшін. Ең басты себебі - өмірге деген қанағаттанбаушылығы. Осы себеп адамның қажеттіліктерін бітейтін басқа нәрсені іздейді. Есірткі шынайы өмірден іздеп, таба алмаған ләззатты алуға көмектеседі.
- Сен қазір басыңнан кешкен дүниелер туралы Фейсбук парақшаңда жазып, тәжірибеңмен бөлісіп жүрсің. Бұған қалай келдің?
- Бұл мен үшін өте күрделі тақырып, мен жақындарыма көп қиянат жасадым. Жақындарыма менің есірткіге тәуелді екенімді көру, үйден ақша, құнды зат ұрлайтынымды көру оңайға соқпады. Бұл менің өмірімдегі ең қиын кезеңдердің бірі. Наркологияда емделгенде Ким Ольга Семеновна есімді тамаша нарколог-психолог болды. Сол кісінің арқасында менің психологияға, басқаларға көмектесуге деген қызығушылығым оянды. Ол жерде ішімдікке салынғандар, героин пайдаланатын, дәріханалық есірткіде "отырған", "Скорость", "Соль" сынды заттарды пайдаланатын нашақорлар болды. Бұл есірткілерді пайдаланатын адамдар бір аптада қурап, солып, ұйқысынан айырылып, біреу аңдып жүргендей күй кешеді. Осыған ұрынғандар көбіне жастар. Мен өз қозғалысымның негізін қалап, оған "Мен салауатты ұлт үшін!" деген атау бердім.
- Дарья, ал жалпы барлығы туралы жар салуға қорықпадың ба? Ата-анаң қарсы болмады ма? Біз жамандығын жасырып, жақсылығын асыратын халықпыз ғой...
- Олар керісінше мені қолдады. Мен ұзақ ойландым. Бірақ осындай ниетімнің барын көріп, әпкем неге әлеуметтік желілерде блог ашпайсың деп сұрады. Бұл, өкінішке орай, бүкіл әлемде көкейтесті мәселелердің бірі. Маған тіпті Мексикадан бір жігіт жазады. Ол онлайн-аудармашы арқылы өзінің жағдайын әрең түсіндірді. Қатты шаршағанын айтып, бұлай өмір сүре алмайтынын жеткізді. Қазір бірге жұмыс істеп жатырмыз. Ол өзінің есірткіге тәуелді екенін мойындады, бұл - реабилитациядағы бірінші және басты қадам.
Тағы нашақор ағасына жаны ашып жазып жүрген бойжеткен бар. Жігіттің жасы - 33-те, ол да жоғарыда аталған "Скоростьті" пайдаланады. Өзінің нашақор екенін мойындамайды. Ол басқа қалада тұрғандықтан, әзірге кездесу мүмкін болмай тұр. Мен барлығын басымнан өткергесін, ондай адамдармен ортақ "тіл табу" маған жеңілдеу.
Тағы дәл осы есірткіні пайдаланатын 16 жастағы жасөспірім бар. Әбден қиналған әжесі маған хабарласты. 18 жасқа дейін наркологияға қабылдамайды. Барлық отбасы қиындық көруде.
- Тегін көмек көрсетесің бе?
- Иә, әрине, тегін. Бұл қозғалыстың мәні неде? Мен біраз ойландым, психологтың көмегіне жүгінуге бәрінің мүмкіндігі бола бермейді. Сағатына 20 мыңға жуық алады. Сондықтан мен тегін көмектесемін деп шештім. Әрі қарай қалай дамитынын көреміз, бірақ әзірге тегін болады.
- Жалпы нашақорлықтан емделу мүмкін емес, қатты қиын деп жатады. Қаншалықты рас? Сен емделіп шыққасын не түсіндің?
- Бәріне бірдей статистика жоқ. Ол нашақорлық жасы, есірткіні пайдалану уақыты, оның түріне байланысты. Наркология жақындарының көмегі мен қолдауынсыз ештеңе емес. Мен емделіп шыққаннан кейін өмірімді, жастық шағымды зая кетіргенімді түсіндім. Мен бала кезден сурет салып жүрдім. Мықты суретші болар ма едім, бәлкім?! Бірақ дәл қазір нашақорларға көмектескім келеді, өйткені жастары есірткіге тәуелді елдің қандай болашағы болуы мүмкін? Тіпті қатты зиян емес деп есептелетін "шөптің" де жастарға әкелер залалы мол. Бір күнге бас тартса болды, оған тәуелді адамда ызақорлық, ашушаңдық сияқты белгілері пайда болады.
- Қатты қиналған мезеттерде Құдайдан көмек сұрадың ба?
- Жоқ, мен Құдайдан ұсқынсыз күйімде көмек сұрауға құқылы емеспін деп ойлатынмын. Өзіме ор қазып, өзім сонда түстім, енді оның шырмауынан өзім шығуым керек деп ойладым. Менің отбасым, болашағым, денсаулығыма нұқсан келіп жатқанын біле тұра, тоқтай алмадым. Бізде қоғамда "Бұрынғы маскүнемдер, нашақорлар болмайды" деген қатып қалған пікір бар. Бірақ сол ордан шығу үшін біз өзімізбен үлкен жұмыс жасаймыз. Сен осы дүниеге келіп, көзіңді ашқанннан бастап, басыңа құйылған бағдарламаны ауыстырасың. Сондықтан тағы бір мәрте тәуелді адамдардың жақындарынан сұраймын, жалынамын: Жақындарыңызды жалғыз қалдырмаңыз, психологиялық топтардан бірге өтіңіз. Отбасы сияқты ешкім оларға көмектесе алмайды!
Дайындаған: Жанар ЖАНСЕЙІТ