КЕЛІНДЕРІҢІЗДІ ЖАҚСЫ КӨРІҢІЗДЕРШІ

Бүгін келіндік өмірімнен естелік жазғым келді. Мақсатым ене жаман, келінге күн бермейді деу емес, келіннің жан-дүниесін түсінуге тырысыңыздаршы деген ой тастау еді. Басынан дұрыстап, түсініп оқуларыңызды өтінемін.
Қарапайым отбасында туып-өстім. Шешем үй шаруасында, бала тәрбиесімен отыратын. Ал әкем жаз айларында іңір қараңғысынан егістік даласына кетіп, көз байланған шақта келеді. Соның өзінде кешкі тамақ үстінде бір көзі кітапта болатын. Біздің үйде дастархан басында орынсыз сөз айтылған емес, үйімізде ұрыс-керіс болмайтын. Әйтпесе бір әкемнің табысына қарап, жоқшылық пен жетіспеушілікті көп көрдік. Бірақ сонда да көңіліміз кең жайлау еді. Сырттан қараған адам бізді байдың балалары деп ойлайтындарын айтатын. Соған қарағанда байлықты иығыңдағы жылтыраған киіміңмен емес, жан дүниеңнің тереңдігімен өлшейтін адамдар болғаны ғой.
Әкем жазда колхоздың егістік даласында жүрсе, қыста малшыларға жәрдем беретін. Жетімдер үйінде өскен. Сонда да салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты таза ұстанатын, қазақылығын сақтаған кісі еді. Тұла бойы тұнған мейірім болатын. Ешқайсысымызға қарап ұрыспаса да, біз әкемнің алдында бейпіл сөйлеп, орынсыз қылық жасамайды екенбіз. Әлде солай тәрбиелеп қойған ба? Тәрбие дегенде айтарым, әкем де, шешем де бізге ақылды болыңдар, иманды болыңдар деп мораль оқыған емес. Екеуі де тұйық. Көп сөйлемейді. Шешем аңыз әңгімелер айтып беретін де, әкем қолынан кітап тастамайтын. Бірақ оның мазмұнын бізге айтқан емес. Ал біздің әкем оқитын кітаптарды оқуға тісіміз батпайтын. Көбіне орысша кітаптар оқыды. Бірақ үйге келген қонақтармен әңгімелесіп отырғанда әкемнің ой-өрісінің биіктігі білініп тұратын. Сол кісіден көргеніміз бе екен, бәріміз кітапқа құмар болып өстік. Әсіресе мен махаббат туралы, әйелдер туралы кітаптарды көп оқыдым. Мен үшін бір күн кітап, газет-журнал оқымай қалу тамақ жемей қоюмен бірдей еді. Оқыған кітаптарымдағы ұнаған сөздерді дәптерге көшіріп алу, ол туралы бір ауыз пікірімді жазып қою үйреншікті әдетім еді. Кітап кейіпкерлерінің бойындағы адамгершілік қасиеттерді бойыма сіңіріп алуға тырыстым. Осылай кітап кеміріп жүргенімді көрген әкем кей-кейде: «Барған жеріңде кітап оқытып қоймайды ғой. Үйдің тірлігін істеп үйренсейші», – десе, «істеп жүрмін ғой», – деуші едім. Шыны солай, үй жинаймын, кір жуам, нан пісіре алам. Сөйтсем одан тысқары да бірталай тірлік бар екен. Оны білмеппін. Мысалы, малдың ішек-қарнын аршу, бас үйіту, ет осу деген сияқты. Мұның бәрін анам өзі істейтіндіктен мән бермеген екенмін. Анам ішек-қарын тазалағанда ұшынып қаласың деп жақындатпайтын. Шынымен жаман ұшынғыш ем.
Сонымен не керек, уақыты келіп, мен де бір үйдің келіні атандым. Үйдегі еркелік мұнда жоқ. Маған мұнда ешкім де анам сияқты кітап оқуға уақыт бөліп, жағдайымды жасамайды. Тіпті ауырып қалудан да қорқушы ем. Малды ауылға келін болып түстім. Малдың жағдайына қарай күнмен таласа оянып, мал шыққанға дейін үйдегілердің таңғы асын беріп үлгеруің керек. Кешкісін мал өрістен келмей тұрып, кешкі тамақ дайын болуы керек. Егер уақытылы дайын болмай қалса, түн ортасына дейін ыдыс жуып, нан ашытып, енем айтқандай «етегіңді аяғыңа басып, сылпылдап» жүргенің.
Мен ойлаймын ешбір қыз дайын келін болып бара салмайды. Әлі өмірдің ащы-тұщы дәмін татып үлгермеген жастың білгенінен білмегені көп болуы заңды секілді. Босағасынан ақ ниетпен аттап түскен келінді жақсы ененің өзі байыппен, сабырмен бәрін үйретіп, тәрбиелеп алуы керек сияқты.
Білмеймін, тұрмыс тауқыметінен шаршап кеткен әйелдің қолына түстім бе, енем өте қатал кісі болып жолықты. Бірдеңе білмей қалсам азаннан қара кешке дейін ұрсудан, сөйлеуден бір жалықпайтын. Таңертең ұйқыдан тұрсаң қабағы тырысып, бырысып, ұрыс іздеп отыратын. Қолымнан дым келмейтін олақ екенімді білгендіктен де енеме қарсы сөз қайтарған емеспін. Айыбымды біліп, не десе де үндемей, құрақ ұшып жүгіре беретінмін. Бар ойым «шешесі осыны тәрбиелемей не істеген?» деп қалмаса екен деп жанымды салушы ем.
...Бір күні құдалық шақырайын деп жатырмыз. Әдеттегідей мен бе, әлде үйдегі ұлдары бірдеңені бүлдірді ме, енемнің айқай-шу концерті басталып кетті. Әлде, атам байғұс жазықты болып қалды ма екен? Әйтеуір енемнің ашулы сөздері қарша борап жатқанда таяқтың бір ұшы өзіме тиіп кетпесін деп жаңа сойылып тұрған малдың ішек-қарнын құдықтың басына қарай ала қаштым. Келуін келіп алып, шұбатылған ұзын ішектердің басы қайсы, аяғы қайсы, ішіндегі тезекті қайдан төгу керек екенін біле алмай әбден састым. Баяғы исі жаман деп мұрынды басу жайына қалды. Енемнен қорыққан кезде ішек-қарынның сасық исі де білінбей, жұпар аңқып кетті ма, білмеймін. Жиренбедім. Сонымен енем айқайлап жаныма жетіп келмей тұрғанда тазалап үлгерейін деп қолымдағы пышақпен ішектердің ана жер, мына жерлерінен кесіп-кесіп, керсенге шашыраған тезектерін шелектегі сумен шайып тастап жіберіп, өзімше тазалап алдына бардым ғой. Енемнің бағанағыдан ашуы басылған ба, үндемей ет осып отыр екен. Маған қуырдаққа бөлінген етті беріп, ошақтың астына от жаға бер деді. Көшеде жиюлы тұрған жусанды айырға түйреп әкеле жатсам, енем тағы бақырып жатыр. Тағы не боп қалды деп ойлап үлгергенімше болған жоқ, маған қарап:
– Әй, албасты қатын, қолыңнан келмесе істей алмаймын деп айтпайсың ба? Жынды қатын құсап керсенді алып құдықтың басына қаша бермей. Құдалардың алдына әсіп істеп қоям деп едім, ішектің бірін қалдырмай қидалап қырқып тастапсың ғой. Байдың қасына жатуды білгенде, тірлік істеуді неге білмейсің? – деп айқайды салсын.
Анадай жерде атам, қайнағаларым, күйеуім жүр. Бетімнің оты шығып, жерге кіріп кетуге шақ қалдым. Кейде енемнің осындай суық сөздері күйеуім екеуміздің арамызға кәдімгідей салқындық салатын. Бір-бірімізге қарағымыз келмей теріс қарап ұйықтап, теріс қарап оянған кездеріміз де болып тұрушы еді.
Іштегі ащы запыранын құсып тауысты ма, әлде қасында отырған қайынсіңлім бір тың идея айтты ма, әйтеуір бұл жолғы айқайы ұзаққа созылмады. Соған да шүкір еттім.
Кей-кейде енемнің кемпір-сампыр достары үйге келіп шай ішетін. Ондайда әңгіме тыңдап отырып алмай, алдарына шайларын дайындап беріп, өз тірлігіммен айналысып кетемін. Бірақ кіріп-шығып жүріп енемнің мені жамандап отырғанын естіп, көңілім жаман құлазитын. Мені «көп ұйықтайды, қолынан дым келмейді, кедейдің қызы, шешесі ауру, қазанға етті жіліктеп салуды да білмейді» деген сияқты әңгімелерін естігенде құлағым тұнып қалатын. Ол кемпірлер үндемей тыңдайды. Сол кездерде іштей «менің не десе де сөз қайтармайтыным, алдарын кесіп өтпейтін ізетім, төсектерін аяғыммен баспай, айналып жүріп салатын әдебім, атамның орнына отырмайтын құрметім, таяқ жесем де алқаш ұлына шыдап жүрген көнбістігім, ағаштардың арасына тығып кеткен дамбалдарын жиып алып жиренбей жуып жүргенім... (енемнің сондай әдеті бар-тын, дамбалын есік алдындағы ағаштардың арасына тығып кететін) т.б. көптеген қасиеттерімді көзіне ілмей, түймедей мінім түйедей болып көрінеді екен ғой бұның көзіне» деп қатты күйінетінмін. Сөздің де сиқыры, салмағы бар. Адамға қаратыла айтылған ешбір сөз текке кетпейді. Ауыр сөз естіген адамның нерв клеткалары өледі дегенді оқығам. Сол үйде жүріп қанша клеткам өлді екен, білмеймін...
...Қойшы, енем бұл күнде өмірде жоқ. Марқұм болған. Арадағы жылдар ол кісіге деген ренішімді сағынышқа ауыстырды. Ол кезең де менің өмірімнің бір белесі болып өткеннің еншісінде қалды. Кейде сол күндерімді де сағынышпен еске аламын. Енемнің айқайын да... Айқайы өзіне жарасып тұрушы ма еді, қалай?
Айтайын дегенім, адамның көңілі қылдан да нәзік екенін ескере жүрсек екен. Әсіресе, қыз көңілі. Кісінің табалдырығынан аттап, тәлім-тәрбиесі, өмір сүру салты, сөздері, күн тәртібі, бәрі-бәрі мүлдем бөлек отбасына сіңісіп кету өте қиын. Сол үшін енелер өмірдегі ең жақын адамдарын артта қиып қалдырып, босағаңыздан аттап, өзіңізге келін болуға көніп келіп отырғаны үшін-ақ келінді жақсы көруге болады ғой.
Ол да тура өзіңіз секілді біреудің мәпелеп өсірген баласы емес пе?!
Г СҰЛТАН

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста