Істеген тамағымды итке тастап, баламды немересі ретінде қабылдамады...
«Өз үйім – өлең төсегім» деген сөздің мағынасына бұрын мән бермеппін. Қазір өзімнің барар жерім, басар тауым болмай қалған кезде әйел адам үшін отбасының өмірдегі маңызын түсіне бастағандаймын. Екі баламды жетектеп кейде көз көріп, құлақ естімейтін жаққа кетіп қалғым келеді. Бірақ қайда?.. Осындай күйге түсірген оқиғамды «Алаш айнасы» оқырмандармен бөлісуді жөн көрдім.
Мен ауылдың қарапайым отбасыларының бірінде тәрбиелендім. Екі ағам, бір әпкем бар. Ата-анам бізді ел қатарлы мектепте оқытып, шамалары келгенше оқуға түсірді. Үлкен ағам мен әпкемнің отбасылары бар, бірі Талдықорған, бірі, Павлодар қаласында тұрады. Кіші ағам қазір бала-шағасымен әке-шешемнің қолында тұрады. Үйдің кенжесі болғаннан кейін мені өте ерке болдым. Кіші ағам екеуміз тете болғандықтан ба, кішкене кезімізде ылғи керісіп қала беретінбіз. Ол да айтқанынан қайтпайды, мен де өзімдікін қыламын. Кіші ағамның аты Арыс. Ол кішкентайынан өте бұзық болды. Маман Арысты қатты жақсы көреді, ол қандай тәртіпсіздік жасаса да әрқашан соны жақтап, соның сөзін сөйлеп отырады. Оқушы кезінде төбелестен көз ашпады, мектеп бітіргеннен кейін оны мамам жоғары оқу орнына түсіріп еді оқи алмай бірнеше рет оқудан шығып қалып, ақыры ауылға қайтты. Сосын оны мамам сырттай оқуға ауыстырды. Қазір ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Мамам мектепте ұзақ жыл жұмыс істеген оқу меңгерушісі болғандықтан, Арысты мектепке орналастырды. Арыс талай қыздың көз жасына қалғанын да бүкіл ауыл біледі. Бір қызды шырылдатып баласымен алмай тастап кетті. Қазіргі жеңгемді де босанар уақытына жақын қалғанда келін етіп түсірдік.
Ал енді өз өмірім туралы айтар болсам, мені де ата-анам ақылы түрде жоғары оқу орнына түсірді. Талдықорған қаласында ағамның үйінде тұрып оқыдым. Үшінші курс оқып жүрген кезімде Дулат атты жігітпен танысып, көп ұзамай оған тұрмысқа шықтым. Ата-анам алғашында Дулатқа тұрмысқа шығуыма қарсы болды, өйткені олар менің оқуымды бітірген соң тұрмысқа шыққанымды қалап еді. Алайда аяғым ауырлап қалғандықтан жылдамдатып Дулатқа күйеуге шығуыма тура келді.
Дулат екеуміз бір-бірімізді өте жақсы білдік деп айта алмаймын. Ол өте сымбатты, сөзге пысық жігіт. Мен оны бір көргеннен ұнаттым. Ол да мені ұнатқанын айтып, екеуміз 6 айдай кездестік. Сөйтіп жүргенде жүкті болып қалғанымды Дулатқа айттым, ол ата-анасына мені таныстырып, құдалыққа баратын күнді белгіледі. Бар әңгіме құдалық кезінен басталды. Дулаттың ата-анасы құдалыққа еш дайындықсыз келді. Ешқандай қоржын да, киіт те, қалың мал да әкелмеді. Соған менің мамам қатты ренжіді. Туған-туыстың алдында таба болғанын айтып, маған қатты кейіді. Өзім кінәлі болып барып тұрғаннан кейін мен не дей аламын, Дулатқа шет жағасын айтпақ болып едім: «Бізді асықтырған өзіңсің, сені алғаныма рахмет айт» деп ол ренжіді. Құдалықта қайынжұртым менің ата-анама алдағы уақытта той қамына кірісетіндері, кіші-гірім той жасайтындарын айтты. Бірақ айтылған сөз айтқан жерде қалды. Той жасалған жоқ, той болам дегенше біздің тұңғыш баламыз дүниеге келді. Балалы болғаннан кейін той туралы ойлау қайда, енем әйтеуір шілдехананың ырымын жасағансыды. Құдаларынан әбден көңілі қалса менің ата-анам мен босанғанда баласы үшін сонау Семейден Талдықорған маңындағы ауылға келді. Енем алыстан құдалар келді-ау деп оларды дұрыс күтпеді де. Ата-анам тағы да елеусіз қалды.
Ата-анамды қайынжұртым адамқұрлы көрмегені былай тұрсын, келін болып түскеніме бір жыл болмай менің көрген күнім тозаққа айналды. Күйеуім күндіз-түні қыдырады, үйге бір тиын әкелмейді. Енем менің екіқабат болып келгенімді күнде бетіме басып, жоқ жерден әңгіме тудырып, істеген тамағымды итке тастап, баламды өз немересі ретінде қабылдамады.
Балам жылап жатса, «жағын қарыстыршы ана күшігіңнің, кімдікі екенін құдай біледі» деп менің жаныма тиетін. Одан қалса, күйеуім үйге келгенде: «сенің қатының тамақ жасай алмайды, бала да қарай алмайды» деп қайрап-қайрап мен ұрғызуға тырысатын. Дулат бас кезінде аса мән бермейтін, кейін ішіп келіп маған қол көтеретінді шығарды. Бірде тіпті қатты сабап тастағаны соншалық жедел-жәрдеммен ауруханадан бірақ шықтым. Осы жағдайдан кейін анамды шақырттым. Анам маған: «Қызым, осы жігітті саған біз таңдап бергеніміз жоқ, тұрмысқа шығуға асықпа дедік, қояр да қоймай тидің, енді шыда, мен сені үйге алып кетпеймін» деп күйеубаласымен, құдағиымен сөйлесті де кетіп қалды. Осыдан кейін күйеуім қол көтергенді қойғандай болды. Дулаттың үйіне, қайынжұртыма сыйысып кету үшін екінші баланы да дүниеге әкелдім. Бірақ олар сонда да мені жақтыра қоймады. «Тырнақ астынан кір іздеп» отырсам опақ, тұрсам сопақ қылды. Балаларым бірінен кейін бірі дүниеге келгендіктен оқуымның соңғы курсын да аяқтай алмадым, академиялық демалыс алуға тура келді.
Енемнің түртпектегені, күйеуімнің ұрғаны былай тұрсын қайынәпкелерім келіп кейде сойқан салып кетеді. Бірде біздің үйге жақын тұратын бір қайынәпкем келіп, мен үйде жоқта бөлмеме кіріп, менің студент кезімде ата-анам алып берген әдемі көйлектерімді алып кетіпті. Оны біраз күннен кейін байқадым. Дулаттың жақын туыстарының баласы үйленіп тойға баратын болдық. Қарасам қайынәпкем менің көйлегімді киіп тайраңдап жүр. Әлгіні көріп: «Тәте, үстіңіздегі менің көйлегім ғой» дегенім сол еді: «Ой, бейшара, саған көйлек не теңің, тойға да бармайсың, балаңды қарап отыр үйде. Бұл менің әке-шешемнің, бауырымның үйі, қалаған дүниемді аламын» демесі бар ма? Әлгіге жыным келіп: «Шешіңіз көйлегімді» дедім. Сол-ақ екен айғай шығарып, соңында мені Дулатқа ұрғызып тынды. Осыдан кейін менің шыдамымның шегі де жетті. Екі баламды алып Семейдегі ата-анамның үйіне қайтып келдім. Осында тұрып жатқанымызға да бір жылдай болды. Дулат бізді бір рет те іздеп келген емес. Ал қазір өзім де, балаларым да менің туған үйіме сыймай жүрміз. Қит етсе, ағам: «Байға тидің бе, өз үйіңе кет» деп шыға келеді. Ағамның балалары мен менің балаларым ойнап жүріп ойыншыққа таласып қалса, бірін-бірі ұрып жіберсе жеңгем өз балаларын қорғаштап, менің балаларыма ұрсып: «осылар өз үйіне қашан кетеді екен...» деп бұрқылдайды да жүреді. Анам мен әкем де менің сөзімді сөйлей алмайды, өйткені онсыз да мен күйеуден қайтып келіп, оларды бүкіл елге қарабет қылдым. Кейде ағама анам: «қарындасың ғой, өзі бағы ашылмаған бейбаққа тисе берме» деп ақылын айтады. Оған құлақ асып жатқан ағам жоқ. Не нәрсеге ашуланса, ашуын менен алады. «Қайда барсаң онда бар, байыңмен тұра алмаған өзіңнен көр» деп одан сайын өршеленеді. Жұрттың ағасы қарындасына пана болып, қатты сөз айтпақ түгілі өзгелерден қорғаштап тұрады емес пе? Менің ағам неге мені жек көреді? Күйеуімнен азап тартқаным аздай, туған ағамның ауыр сөздері мені әбден түңілтті. Неде болса балаларымның әкесіне, Дулатқа қайта барсам ба екен деп ойлаймын кейде. Бірақ біз оған керек болсақ, осы уақытқа дейін бір хабарласар еді ғой. Демек, қазір біздің ешкімге қажетіміз жоқ... Енді қайтсем екен?...
Айжан, Семей