Ескірмеген махаббат… (Болған оқиға ізімен)

Сəуле ескі альбомды қолына алып, мұқабасын ерекше ықыласпен сипалап біраз отырды. Бұл альбомда бүкіл өмірінен сыр шертетін естеліктері бар. Сонау балалық шағынан бастап, махаббатқа күйіп жанған бойжеткен кезі, жастық шағы, бəрі-бəрі бір альбомда сыйып тұр. Əр суреттің өз тарихы бар.

Кейде үйде жалғыз қалғанда осы естеліктерін қолына алып, өткен өміріне саяхат жасайтыны бар. Жо-жоқ, ештеңеге де өкінбейді, тəңірінің осы көрсеткеніне еш өкпесі жоқ. Аллаға шүкір, бақытты. Қос құлынынан тараған немерелері «əжелеп» тұрады. Алланың сый қылып берген өмірінде ащыны да, тұщыны да татты. Сəуле бақыт дегенді балалары, қиыншылықта тастамаған достары, жатып тұра алатын баспанасы, сол баспанаға кіріп-шығып жүретін жан жары, екеуінің көз қуаныштары — немерелерінің сыңғыр күлкісі мен өздеріне еркелеген қылықтары деп біледі. Кейде адамдар бақытты байлыққа, ақшаға теңегенде «Е, Аллам, осындайларға ақыл мен сана бере гөр!» — деп отырады.

Сəуле күйеуімен сонау студенттік шақта танысты. Ескелді екі иығы қақпақтай, бой десе бойы бар, жүйрік ойы бар, нағыз ер азаматқа тəн қасиеттері бар жігіт еді. Сол кезде Ескелдіге ғашық болмаған қыз жоқ шығар, сірə.

Ескелді жоғарғы оқу орнын бітіріп, қызметін училищеде сабақ беруден бастады. Сырбаз да, сымбатты жігіттің сабағына қыздар қалмай қатысатын. Қыздар үшін оның не айтып, не түсіндіріп жатқаны маңызды емес, жай ғана келбетті жігіттің жүзіне қарап отыру үшін кіретін. Тіпті Ескелді ағайларының сабағы десе, қоңырауға да шықпай барлық қыз алдыңғы партаға отыруға таласатын. Ауыздарының суы құрып іштей əрбір қыз «маған назар аударса екен» — деп отыратын.

Сəуле де солардың қатарында, ол да ағайына іштей ғашық болды. Бірақ «Əй, мені қайтсін хас сұлулар тұрғанда» — деп, алып-ұшқан сезімін өзі басып қоятын. Онысы бекер болыпты, көп қыздардың ішінен Ескелді дәл Сəулеге назары түскен еді. Осы бір қылтың — сылтыңы жоқ, үнемі кітапханадан шықпайтын, алдыңғы партада отыратын Сəуле Ескелдінің көзіне бірден түсті. Сабақ түсіндіріп тұрып көздері түйісіп қалғанда Сəуленің ішкі жан дүниесі төңкеріліп түскендей күйде болатын. Еріксіз ернін тістеп қызарып шыға келуші еді. Мүмкін осы бір ұялшақтығы, ұяңдығы Ескелдіні баурап алған да болуы керек. Əттең, ол кезде оқытушы мен студент арасындағы махаббатқа жол жоқ еді ғой. Бірақ асау сезім қойсын ба, іште тұншығып жата алмады.

****

Бұл əдеттегі кештерден ерекше кеш еді. Себебі қос ғашықтың бір-біріне алғаш тіл қатысқан кеші болатын…
Сəуле күндегі əдеті бойынша кешке дейін кітапханада отырды. Сəуленің ойын кітапханашының:
— Қызым, қайтпайсың ба, сағат кешкі алты болды. Болмаса сыртыңнан құлыптап кете берейін — деп күлімдеген сөзі бөліп жіберді.
— Расында, кештің қалай болғанын білмей қалыппын, кешіріңіз. Ертең маңызды сабақтар еді…
— Ештеңе етпейді, қаласаң, кітапты үйге дайындалуға берейін.
— Ой, рахмет, апай! Сіздің бұл жақсылығыңызды ұмытпаймын — деп, Сəуле кітапханашы апайды бас салып құшақтай кетті.
— Болды, болды, тұншықтырдың. Сендей оқымыстының жағдайын жасамасам болмас. Енді үйіңе қайт, əйтпесе қараңғыға қалып қаласың.
— Сау болыңыз, тағы да үлкен рахмет!
Оқу десе жанын беретін Сəуле кітапханашыға риза болып жүгіріп келе жатып сүйікті ағайын қағып кете жаздады.
— Ой, кешіріңіз, ағай, байқамай қалдым.
— Оқасы жоқ, ондай-ондай болып тұрады. Сен үйіңе қайтып барасың ба?
— Ия
— Мен де шығып бара жатыр едім. Жүр аялдамаға дейін бірге барайық.
Ағайының мына сөзінен кейін Сəуле аузына құм құйылғандай сөйлей алмай қалды. Тек «Жарайды» — деген сөзді кекештеніп əзер айтты.

Тағдырдың сыйы болар, екеуінің отыратыны бір автобус болып шықты. Осыдан кейін Ескелді Сəулемен бірге қайтуды əдетке айналдырды. Сəуле «ағай» деп сызылғаннан артыққа бара алмады. Ескелдіге батылдық танытуға тура келді, оның үстіне Сəуленің де өзіне кет əрі еместігін сезеді. Сəулеге оған деген бар сезімін жайып салды. Бұл қылығы үшін жұмысынан айрылуы мүмкін екенін білсе де сезімін одан əрі тұншықтыра алмады.

Екеуінің махаббаттары, əрине, бəріне белгілі болды. Қаншама қыз Сəулеге қызыға да, қызғана да қарайтын. Сол қызғаншақтың біреуі басшылыққа да жеткізді. Сəуле соңғы курста болғандықтан оқудан шығарылмады. Ал Ескелді жұмыссыз қалды. Дəл сол кезде əскер қатарына шақырылды. Амал жоқ, қарсы келуге болмайды, Отан алдындағы міндетін орындауы керек. Жоғарғы оқу орнында оқуына, одан соң қызметіне байланысты əскер қатарынан шегеріліп жүрген болатын. Енді міне, баруына тура келеді. Сəулесімен қимай қоштасып, аттанып кетті. Ол кезде əскерге Германия, Белоруссия, Архангельск сияқты жерлерге жіберілетін. Қос ғашықтың махаббатын арадағы ыстық сезімге толы хаттар жалғап тұрды. Ол хаттар əлі күнге Сəуле ұстап отырған альбомның ішінде сақтаулы. Ескелді əскерде болған кезінде Сəулеге сөз салған жігіттер де көп болды. Тіпті біреуі еркінен тыс алып та қашты. Бірақ Сəуле қалайша Ескелдіге Алланың алдында берген уәдесін бұзбақ. Алып қашу құрбаны болған қыздардың кебін киіп сүймеген жігіттің үйінде қала алмады. Қанша қорқынышты, қарғыс сөздер естісе де көнбей кетіп қалды. Міндетін өтеп Ескелдісі де əскерден келді. Қос ғашық енді ұзаққа созбай отбасын құрды. Əлемде екеуінен асқан бақытты жан жоқтай күй кешті. Ескелді жақсы қызметке тұрды. Көп ұзамай дүниеге алғашқы сəбилері де келді. Сəуле екінші сəбилеріне жүкті кезінде Ескелдінің жұмысынан шикілік шығып істі болды. Шын мəнінде, бұл Ескелдінің емес, бастығының қателігі болатын. Бірақ бастығы Ескелдіні өз кінəсін мойнына алуға көндірді. «Маған түрмеге түсуге болмайды, қызметім жақында жоғарылағалы жатыр. Ал сен əлі жассың. Сен жоқта отбасың менің қамқорлығымда болады. Барлық қажеттіліктерін қамтамассыз етуге уəде беремін» — деп өлердегі сөзін айтып аяғына жығылды. Осылайша Ескелді алты жылды арқалап сотталып кетті. Ескелді түрмеге жабылған алғашқы уақыттарда бастығы азын-аулақ көмегін беріп тұрды. Содан соң өзін абақтыдан құтқарған адамның отбасын мүлдем ұмытты. Сəуленің сол кездегі қиналғанын ешкімнің басына бермесін. Қос құлыншағын құшақтап, көрсетпей көзінің жасын сығып алатын. Көмек беретін əке-шешесінің де, ата-енесінің де жағдайлары мəз емес. Сондай кездерде көзінің қарашығындай сақтап жүрген Ескелдінің кезінде өзіне жазған хаттарын оқып, содан өзіне күш алатын. Кейде ішерге тамақтары да болмай қалған кездері болды. Қандай жағдай болмасын Ескелдісіне деген махаббатын жоғары қойып, алдағы өміріне сеніммен қарайтын. Ескелдіні тəртіптілігі үшін төрт жылдан соң абақтыдан босатты. Сəуле үшін сүйіктісінсіз өткен бұл төрт жыл төрт мың жылмен тең еді. Қазір осының бəрі бейне бір көрген түс сияқты. Қанша қиындықты бастарынан кешірсе де екеуінің сезімдеріне сызат түспепті. Осыдан кейін бұлттың артынан ақыры күн де шықты. Өмірлері тағдырдың ауыр сынағынан өткен соң жақсы арнаға бұрылды.
Сəуле альбомды парақтап, ең соңғы беттеріндегі сақтаулы хаттарды тағы бір оқып шықты. Екі аптадан соң Ескелді екеуінің алтын тойлары болады. Ескендір ағамыздың «Ескірмеген махаббат» əні дəл осы Ескелді мен Сəулеге де арналғандай.
П. С. Бұл əңгіменің ешқандай сабақ алатын жері де болмауы мүмкін. Бірақ шынайы махаббат қашан да бəрін жеңетінін айтқым келді. Нағыз сенімге құрылған махаббат, керісінше, əр қиындықтан өткен сайын құрыш сияқты шыңдала түседі. Шынайы сезімді аялайық, ол шыны сияқты сондықтан сындырып алмайық! 

ikerim.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста