Еркек үйден неге кетеді?
Еркек кетеді… Еркек кейде жақсы әйелден де кетеді… Ырың-жырың отбасыларын былай қойғанда, сырт қарағанда ынтымағы жарасып отырғандай үйлерден де азаматы кетеді. Еркек ауызбіршілік жоқ жерден кетеді, түсіністік таппағанда кетеді. Нәпсінің жетегінде кетеді, бала үшін кетеді, басқаны тапқанда кетеді. Қысқасы, кетем деген адам кетіп тынады. Бірақ, кейде кеткен еркек «жаман әйеліне» қайтып та келеді. Қайта шапқан жаудан, қайтып келген қыздан жаманы жоқ екені бесенеден белгілі. Бірақ, қайтып келген еркектен қайыр бар ма? Бұл тақырыпқа кинодағыдай шым-шытырық сюжеттер іздемей-ақ, бір жағынан «банальды оқиға» болып көрінетін мына бір жігіттің әңгімесін бойға сіңіріп көрелікші.
Жастық қателікпен жиырмаға жетер-жетпесте-ақ қағынып, үйленіп алдым. Келіншегім алғашқы махаббатым еді. Кезінде сол қызға қолым жеткенше, түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей армандағанымды ойласам, бәрі де басқа біреудің басынан өткен сияқты көрінеді де тұрады. Бастапқыда бір-екі жыл ыстық-суығымыз басылмай, жақсы тұрған екенбіз. Тым жас үйленгендіктен де шығар, әуелгі кезде әйеліме сын көзбен қарамаппын. Жақсы көргенім де рас, ғашық болып алғаным да рас. Кейін бір-екі бала тапқан келіншегіме қарасам – олпы-солпы. Кемшілігін тізе берсең, тіпті көп. Әйел сықылды қылығы аз, тамағы дәмсіз, баланың сүтінен бастап, істеген тірлігімен түгел ағал-жағал болып жүре беретінін де біртіндеп байқай бастадым. Бірдеңе десең, тулап шыға келеді. Кейде жақсы болсын деп айтатын сөздің соңы ұрысқа ұласып, бір бірімізбен апталап сөйлеспей жүре беретін болдық.
Осындайда өзім қызметте болған соң, түрлі қыз-келіншектерді жұбайыммен салыстырып көретін едім. Сылаң қағып алдыңнан шыққанда, сүр бойдақ болмағаныңа өкініп те қаласың. Ананы алғанда қалай болар еді, мынаны алсам тұрмысым басқаша қалыптасар ма еді деп неше түрлі қисық қиялға кетіп жүргенде, іздегенге сұраған дегендей, бір сұлумен шатысып тындым.
Тұрақты табыс табатын болғандықтан, оның барлық еркелігін көтеріп, жағдайын жасауға көштім. Үйдегі сұрқай тіршіліктен қашып тығылатын бір жұмақ тапқандай да болғаным рас. Осыдан кейін онсыз да бірдеңе десең дүңк ете қалатын, жақсы бол десең одан бетер кері кететін әйеліммен арамыз бұрынғыдан да алшақтап кетті. Жұмысым жақсы, отбасымды тарықтырмай асырап отырғаннан болар, келіншегім менен күдік ала қойған жоқ. Шынымды айтсам, үйге бала-шағам мен кәрі шешемді көру үшін ғана келетін едім. Отбасымның керегін түгендеп отырғаныммен, барлық ойым көңілдесімде болатын.
Бұрынғыдай әр нәрсені түртпектеп, сын айтпайтын болғаным, әйеліме де жақты ма, бітпейтін үйдің шаруасымен айналысып жүре берді. Қашан келдің, қашан кеттің деп тергемейтін мінезіне іштей разы болып, мен де үндемедім.
Өстіп жүргенде, ашынамның аяғы ауырлап, жүкті болып қалған екен. Бастапқыда оның балалы болуына қарсы болып, азар да безер болғаныммен, жасы келіп қалған қыз мені некесіз балалы болуымызға бар айласын салып, көндіріп тынды. Бұл жаңалыққа да біртіндеп үйреніп, оған бұрынғыдан да бәйек болатын едім. Жүкті кезінде әйеліме жасамаған жақсылықтың барлығын ойнасыма жасадым. Бірақ, кейде іштей алаңдап, осы жүрісім әшкере болып қалса, не істеймін деп те уайымдап қоюшы едім. Өстіп отырып, тығылып тоқал алып жүрген жалғыз мен бе екен, аман болсам екі отбасын да асыраймын деп ойлап қоямын.
Таң атпаймын десе де, күн қоймайды демекші, бір күні менің де қылмысым ашылды. Өз үйімде алаңсыз ұйықтап жатсам, таңға жақын ұялы телефонға хабарлама келіпті. Ашып оқығанша әуені тоқтамайтын телефон мазасын алған соң, әйелім тұрып көңілдесімнің «сүйіншісін» бірінші болып білген ғой.
Осы уақытқа дейін үндемей келген келіншегім үйді төңкеріп жібере жаздады. Атымды атап тұрып, ұлымның дүниеге келгенін сүйіншілеген телефондағы хаттан бас тартудың ешбір айласын таба алмай, дымым шықпай кінәмді мойындадым.
Олпы-солпы жүре беретін можантопай әйелім аждаһадай зәрленіп, өмір бойы жинаған өкпесін төгіп, бүкіл күдігін, білсе де білмегендей болып келген барлық айғақтарын алдыма тартып, айғай салғанда, бір түстен оянғандай мәңгіріп отыра бердім. Өзгелер үшін сұлу көрінемін деп сәндене алмаса, уақытының барлығын балаларға арнағанын, сылаңдайтын жас ғұмырын кәрі ата-енесін бағуға бағыштағанын айтып еңіреп, қарғанғанда қабырғадан шығып кететін тесік таппай үнсіз қалғаннан басқа шара жоқ еді. Талай жылдан бері ұрыспаған екеуміз «қырылып» жатқанда, телефоннан баламның өзімнен айнымай қалғанын жазған «қуанышты хабарламалар» келіп жатты.
Қысқасы, әйелім, ішіндегі барлық шерін ақтарып болған соң, киімдерімді буып-түйіп, балаларымызға не болғанын білдірместен, мені үйден шығарып салды. Ешнәрседен бейхабар ұйықтап жатқан ұл-қыздарымды қимай, ішімнен бірдеңелер үзіліп түскендей, түсініксіз өкінішпен үйден кете бардым.
Үнсіз басым салбырап, көңілдесімнің үйіне біржолата келдім. Нақсүйерімнің күткені де осы еді. Бұрынғыдан да маған бәйек болды, жағдайымды жасап бақты. Бірақ, бұрынғы біржолата қосылып алсақ деген арманымның бәрі бекер екенін біртіндеп ұға бастадым. Жаңа, жас, сұлу келіншегімді ағайын-туыстың арасына ертіп апара алмадым. Жора-жолдас та сол көздері үйренген балаларымның шешесін, қарапайым келіншегімді іздеді.
Туысқандардың той-томалағы, өлім-жітіміне жалғыз өзім баратын болдым. Қызметтегі беделіме де көлеңке түсе бастады. Ақыл айтатын жаста абыройдан айырылып қалғанымды сезіне бастаған едім. Өсемін деп жүргенде, бөлім бастығына дейін түсіп қалдым. Айлығым да азайды. Тапқан табысымды мектеп бітіріп, ақылы жоғары оқу орнында оқып жатқан балаларыма берсем, мына жаққа жетпей қалатын еді.
Сылаңдап тұратын сүйкімді көңілдесім, кейінгі әйелім де бұрынғы әйелімнің керін келтірді. Балалы болғаннан кейін-ақ, шашы таралмай, беті боялмай, ұйпа-тұйпасы шыққан күйі жұмыстан қарсы алатын болды. Онсыз да мең-зең болып жүргенде: «Асырай алмасаң, екі әйел алып нең бар?» деп миды жеуге көшті.
Мұндайда ештеңе дей алмай, дымым құрып, тыныш жүрмеген өзімді іштей жегідей жейтін едім. Өмірде ештеңе зая кетпейтінін ұқтым дегенімнен не пайда, уақыт өте келе бала-шағамнан, қыздай алған жарымнан ажыратқан кейінгі келіншегімді жек көре бастадым. Барлық кесір сонымен әмпей-жәмпей болғаннан басталғаны ақиқат еді.
Арада оншақты жыл өткенде бір кезде оттай жанып, өліп-өшіп махаббат қызығына бөленген әйелден мүлде жеріп те біткен болатынмын. Бірде үйде сол ақша жетіспеушілігінен тағы ды қатты ұрыс шығып, бетіміз әбден ашылғанда, екінші әйелім өзіне тең, өзімен құрдас еркегі барын айтып, үйден қуып шықты. Бір шикілігі бар екенін іштей біліп жүрсем де, көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң аузым буылып жүрген еді. Бірақ, бұл әйелім ашықтан-ашық біреуі бар екенін мойындағанда, бұрынғы әйелімнің көз жасы мені тапқан шығар деп іштей мүжіліп, өз отбасыма оралып, бала-шағамның аяғына жығылып, қалған өмірімде жіберген қателіктерімді түзеуге мұрсат сұрадым.
Әрине, араға сан жылдар салып, қайтып келген әкеге құшақ жайып, қуанып жатқан бұл үйде ешкім жоқ. Олар әке деп еркелеп, күйеуім деп қызмет жасамаса да, отбасыма кіргізгендеріне шүкір айтқаннан басқа маған шара жоқ еді. Балаларым менен әбден суып кеткен екен. Әйелімнің жағдайын айтпаса да түсінікті. Тек өзім осы жылдарда тоң болып қатқан мұзды ерітуге күшімді салып бақтым. Қабақтарына қарап, артық сөз түгілі ақыл айтуға да батпай өмір сүріп жаттық. Мұндайда, уақыт емші деп қана өзімді жұбататын едім.
Бірақ, бірде мектепті енді бітірген кіші ұлым әкем деп мені қымсынбай, темекі тартып тұрғанын көргенде шыдамай: «Бесіктен белің шықпай не болды түтінге тұншығып, әкем деп ең болмаса менен ұялсаң нетті…» деп сөз бастағаным сол еді. «Ақыл айтсаңыз қайда жүрдіңіз бұрын?» дегенде кірерге жерден тесік таппай, не сөз таппай тұрып қалдым.
* * *
Әрине, бұл бір ғана отбасының басындағы оқиға. Осыған ұқсас тағдырларды біз талай рет жолықтырғанбыз. Мұндай жағдайды біздің халық сынған кесеге де ұқсатып жатады. Сынған кесені қанша жерден желіммен жабыстырып қойсаң да, бір шеті сыздықтап тұратыны ақиқат қой…
Қайтып келген күйеуді, бір кезде сатқындық жасаған еркекті отбасына қабылдаған дұрыс па дегендей, осы оқиғаны мен өзім жақсы білетін жанға баяндағанымда, ол бірден әу баста еркегіне ие бола алмаған әйелді сөге жөнелді. Құрбымның көзқарасында да бір шындық бар еді. Бірақ, мен де адалдық екі адамға – әйеліне де, күйеуіне де тән болу керектігін, мәселен, күйеуі, яки әйелі жартысының көзге шөп салғанын білмей өтсе де, төбеден көріп тұрған бір Алла ретін тауып, бәрібір әшкере ететіндігін айтып, өз пікірімді қорғаумен болдым.
Қысқасы, қайтып келген еркек құт па, жұт па? Осы сауалдың төңірегінде алуан түрлі әйелмен сұхбат құруға тура келді. Сүттей ұйып отырған талай отбасылардың ортасында найзағай күн күркіремесе қайдан түседі? Не үшін сүйіп қосылған ерлі-зайыпты бір бірінің көзіне шөп салады?
Шындығына келгенде, көп әйел іштей отбасын күйреткен күндесінен күйеуін қайтарып алуды көксейтіндерін өздері де мойындамайды. Кешіруге болмайтын жағдайды өздері жаба бүркемелеп, жарасын жасыруға тырысатыны өтірік емес.
Өмірдің мысалына қарасаң, әйелдердің біразы мұндайда іштей өзін кінәлауға көшеді. Бірақ, бұл азаматынан көңілі қалмағанда, ішкі сүйіспеншілігін жоғалтпағанда, көзге шөп салушылық кездейсоқ оқиғалардың салдарынан орын алғанда ғана болатын жағдай ғой. Ал көрмеген қорлықты көрсетіп, бір күн де сыйласып көрмеген еркектен құтылғанына қуанатындар да жеткілікті. Жаман еркек кетсе – сол әйелдің соры да қосыла кететінін ұмытпау қажет.
Мен бір әйелді білуші едім. Ер-азаматы елуге таяған шақта, күйеуі өзінің үш баласын тастап, үш баласы жастау келіншекпен әмпей-жәмпей болып жүрді. Сырлары ашылып, талай кикілжің болып, еркек екі ортада сандалып, бір келіп, бір кетіп жүріп, ақыры көңілдесіне қосылып тынды. Осы аралықта жаңағы кісінің қаншама көз жасы сарп болғанын көріп жүрдік. Сырын білетін адамдар жер ортасынан асқан шақта жерге қаратып кеткен еркекті ұмыт, денсаулығыңды ойла, бір рет көзге шөп салған еркек, сатқындық жасаған адам әдетін қоймайды, одан да денсаулығыңды күт деп ақыл айтқандар, әрине, аз болған жоқ.
Алайда, жаңағы кісі күйеуін қайтару үшін жасамаған амалы, жыламаған күні жоқ еді. Жас тоқал айналдырып алды, дұға оқытты деген оймен, талай емші-балгердің есігін тоздырды, көп қаражатын сол тірлікке жұмсады. Мұндайда, күйеуі қасында отырған әйелдердің барлығы ақылды болып кететіні белгілі ғой, бірқатары мүлде намысы жоқ деп жаңағы әйелдің өзін қаралайтын, бірқатары түсініп, жаны ашып жататын еді.
Ал ол әйел күйеуін қайтарғысы келіп жүр ме, әлде баяғы күндеріне оралтқысы келе ме, өзіне ғана аян ғой. Өзімдікі ғана деп жүрген азаматы өзгенің қойнынан табылғанына сенгісі, көнгісі келмеген болар?! Бірақ, адасқан ұлдың оралуы деген сияқты, отағасы ара-тұра балалары есіне түсіп, өз ошағына уақытша оралғанда, ол кісінің сол күйін бақытты ма, бақытсыз ба түсіну қиын болатын.
Жыл құсындай соғып тұратын күйеуі келгенде асты-үстіне түсіп бәйек болып, барын алдына тосып, шұлығына дейін үтіктеп, арасында ана әйелдің салақтау екендігін де еске салып, оның күйеуіне дейін қырық көңілдесі болғандығын, талай еркекпен жатып-тұрғанын құлаққағыс етсе де отағасы тайып тұратын.
Жүректі ауыртқан осы оқиға жиі қайталанады. Түптің-түбінде жаңағы еркек екінші қатынға түбегейлі кетіп тынды.
Бұл туралы кейін көп ойлансам да, жаңағы әйелдің жіберген ең басты қателігі – шынайы бола алмағандығында екеніне көзім жетті. Қалайда қайтарып аламын деп, барлық қиянатқа көз жұма қарап, өтірік өбектегеннен гөрі, сатқындықтың кешірілмейтіндігін айтып, кінә кімнен кеткенін мойындап, шын жылауы керек пе еді?!
Осы оқиғадан түйгенім – адамды қайтарсаң да, сүйіспеншілік пен сенімді қайтарып алу мүмкін емес.
Отбасындағы сатқындық, шығатын тесігі жоқ сергелдеңге салған шеңбер. Бұл тығырықтан шығудың жолы маңызды емес, адам қандай сезімде қалады. Өкпесі мен кегін жеңе ала ма, алданған жар қиянатты ұмыта ала ма, бәрінен де сол маңызды.
Мұндайда кеткен адамды қарғаудың да қажеті жоқ секілді. Кешірсең де тек өзің үшін кешіресің, өзіңнен қате кетіп, өзгерсең де өзің үшін өзгересің. Бақытты болу үшін өзгересің!
Айнаш ЕСАЛИ,
egemen.kz