Енем атамды менен қызғанып...

Мына өмірде ештеңеге де таң қалуға болмайды екен. Оны тек басына түскен адам ғана біледі. Басынан өткерген оқиғаны еріккеннен жазбайды. Іште қайнап жатқан қыжылды ешкімге айта алмаған соң, еріксіз қағазға түсіруге мәжбір болады. Өйткені, сол арқылы адам жеңілдеп қалады. Мұны да тек бастан өткізге адам ғана түсіне алады. Мен де солардың қатарындамын.

Сондықтан іштегі сырды сыртқа шығарып, бойымды жеңілдету үшін қолыма қалам алып отырмын. Атымды өзгертіп жазғанымды бәріңіз де біліп отырған шығарсыздар деп ойлаймын. Басымнан бақытымды тайдырған сол оқиғаны "Алаш айнасы" оқырмандарымен бөліскелі отырмын. Өйткені, осы сайтта өз бастарынан өткерген жағдайларды жазып, көпшілікпен бөліскендерді қолдап пікір жазғандарды жиі көріп жүрмін. «Жақсы сөз жарым ырыс» дейді ғой қазақ, жаны жаралы адамға ондай сөздердің қандай демеу болатынын мен жақсы білем. Енді тағдырдың басқа салғанын айтайын...

Медициналық учищені бітіріп бір аудандық ауруханаға жолдамамен жұмысқа бардым (ол кезде солай жолдамамен жіберетін). Мені терапия бөліміне жіберді. Бөлім меңгерушісі Асқар деген кісі екен. Өте жылы қабылдады. Бөлмесіне алғаш кіргенде «айналайын қызым, келе ғой» дегенде өз әкем сияқты болып кетті. Себебі, мен әкем үнемі «айналайын менің қызым» деп еркелететін. Бөлім меңгерушісі аға медбикені шақырып алып, «мына қызды бөлімнің жұмысымен таныстыр, бәрін түсіндір, білмегенін үйрет» деп тапсырды. Аға медбике де өте жақсы апай екен. Мен сөз арасында «бөлім меңгерушісі жақсы кісі екен» дедім. Қасима апай да менің сөзімді қоштады. Сөйтіп студенттен қызметкерге айналдым.

Бөлімдегі қызметкерлердің бәрі де жақсы кісілер екен. Бәрін әдейі іріктеп алған секілді. Бір-біріне көмектесіп, күліп-ойнап жүреді. Сондықтан ба маған жұмыс өте жеңіл көрінді және ұнады. Солай алты айдың қалай өтіп кеткенін сезбей де қалыппын. Жаңа жыл қарсаңында бір жігіт Асқар ағайды іздеп келді. Бірден көзге түсетін көрікті жігіт екен. Шамасы меннен үш-төрт жас үлкен сияқты. Ол да маған ерекше қараған сияқты болды. Кейін білдім ол Асқар ағаның жалғыз ұлы, аты Марат екен. Биыл ған институт бітіріп келген. Бөлімдегі қызметкерлердің айтуынша, ол әкесін іздеген болып, ауруханаға жаңадан жұмысқа келген қыздарды көру үшін келетін көрінеді.

Арадан бір апта өткенде, Марат тағы келді. Асқар ағай жоқ болған соң күтіп отырды. Сәлден соң сөз қозғап, екеуміз таныстық. Ананы-мынаны айтып отырғанда Асқар аға да келді. Әкесіне жолығып шыққан соң Марат менің қасыма қайта келді. Расын айтсам, өзім де оны күткен сияқты болдым. Ол маған жақынырақ танысайық, ертең досымның туған күні соған бірге барайық деп ұсыныс жасады. Іштей қуанып қалғанмен, «шақырмаған жерге барғаным ыңғайсыз болар, басқа кезде бір сәті түсер» дедім. Ол да одан әрі кеш жайлы ештеңе демей, қоштасып, шығып кетті. Кешке жұмыстан қайтар уақытта Марат ертең туған күні болатын досымен келіп тұр. Әдейі мені туған күнге шақырып келіпті. Мен ыңғайсыз ғой дегендей кейіп танытып едім, жігіттер қиылып болмады.

Ертеңінде туған күн кешіне бардық. Марат менің қасымнан шықпады. Ешкімді маған жақындатпай жүргенін байқадым. Оған қуанып та қалдым. Өйткені, мен де оны ұнатып қалған едім. Сол кештен кейін Марат ауруханаға жиі келетін болды. Әрине әкесіне емес, маған келеді. Бірақ сұрағандарға папама келдім дейді. Солай екі-үш ай сырғып өтті. Маратпен күнде кездесіп тұрамыз. Ол кейде мені жұмыстан күтіп алады. Үлгермеген күндері кешке үйге келеді. Солай арамызда махаббат басталды. Бірге жұмыс істейтін қыздар «екеуің бір-біріңе жарасып тұрасыңдар, аттарың да бір-біріне үйлесіп тұр, Марат-Майра» деп қызыға қарайтын.

Соңғы кездері Мараттың анасы бізге келгіш болып кетті. Сөйтсем, ол кісі мені көруге келіп жүр екен. Бірге қызмет ететін қыздардан Майра деген қай қыз деп сұрапты. Екі айдың мөлшерінде 4-5 рет келді. Одан кейін келуін тоқтатты. Бір күні Марат анасының ауруханаға мені мені көру үшін арнайы барғанын айтты. Айтуынша ол кісі мені сырттай ұнатыпты. Сонымен не керек, жазда Марат мені алып қашты (әрине өз келісіміммен). Алғашқы кезде өте тату тұрдық. Бірақ арадан 5-6 ай өткенде енем мінез көрсете бастады. Отырсам опақ, тұрсам сопақ болдым. Істеген ісмнің бірде-бірі ол кісінің көңілінен шақпай-ақ қойды. Қанша тырыссам да, ол кісі жылы қабақ танытпады.

Алғашында неге аяқ асты ондай болғанын түсінбей жүрдім. Кейіннен Қасима апай ауылда мен туралы өсек шыққанын айтты. Қандай өсек деп едім, ол кісі біраз қиналып тұрды да, «сені Асқар ағамен жүреді» деген өсек тарапты дегенде, есімнен танып қала жаздадым. Құдай-ау келіні мен қайын атасын қалай қосады, ондайды айтуға қалай ауызы барады?! Жылап-еңіреп отырғанымда қайын атам қасыма келіп, не болды деп сұрады. «Айналайын қызым-ау, бір жерің ауырып қалды ма, бір жағдай болды ма?» деп бәйек болып жатты. Ол кісіге осындай өсек шығыпты деп қалай айтам.

Алла алдында ант ішем, бөтен қылық жасаған емеспін, тіпті бөтен ой да басыма кіріп шыққан емес. Өйткені, мен Маратты ессіз сүйдім. Оны қатты жақсы көрдім, сыйладым. Оның да маған деген көңілі солай болатын. «Бірақ ондай өсектің шығуына өзім де себепкер болдым ба?» деп ойлаймын. Өйткені, ойымда еш арамдық болмаған соң, күнде жұмысқа атаммен бірге баратын едім. Оған қоса бір күні түнгі кезекшілікке тұруым керек болды. Сол күні атам да түнгі кезекшілікке өзі сұранып барған екен (оны кейін білдім). Ондағы ой мені сырттай бақылып жүру болған. Ол кісінің де жүрегі ақ екеніне шүбәм жоқ. Ол кісі тек мені ғана емес қол астында істейтін барлық қыздарды «айналайын қызым» дейтін. Біреуінің атын атағанын естімеппін. Пейілі кең, жүрегі таза адам. Сондай адамға қалай күйе жағады?! «Осындай өсек айтып жүрген қандай қара ниетті адам екен?» деп таң қалатынмын.

Бір күні енеме бұл қара ниетті адамдардың ойдан шығарғаны, көре алмай қызғанатындардың ісі, оның бәрі өсек екенін айттым. Сол кездегі енемнің түрінен шошып кеттім. Түрі түтігіп, сұсты үнмен «сенің күнде атаңның көлігіне отырып, жұмысқа бірге барып, бірге қайтатындарың өтірік пе? Жоқ әлде екеуіңнің келісіп түнгі кезекшілікке бірге барғандарың өтірік пе?» деп өзіме шүйлікті. «Апа ол не дегеніңіз?» деуге ғана шамам келді. «Қаншық үніңді өшір, саған баласы аз болып, әкесіне көз салдың ба?» дегенде өз құлағыма өзім сенбедім. Енем қалай осындай сөз айтып тұр. Апатай ол не дегеніңіз деп айғайлап жылап жібердім. Енемнің балағат сөздерінің бірін естісем, бірін есітігем жоқ. Жылаған күйде өз бөлмеме кіріп төсекке құладым.


Жұмыстан келген Марат ештеңені түсінбей дал. Ол бұған дейін енемнің қылығын келінінен баласын қызғанатын аналардың әрекеті ғой деп аса мән бермейтін. «Бұл өтпелі кезең, кішкене шыда, бәрі қалпына келеді» деп мені үнемі жұбатып, қолдап жүретін. Мен де Марат үшін енемнің қылығына кешіріммен қарауға тырысатынмын. Ұрысса «кешіріңіз, енді олай болмайды» деп, одан әрі сөзге бармай, үндемей құтылатынмын. Ал, енемнің меннен атамды қызғанғаннан солай етіп жүргенін білгенде, не айтарымды да, не істерімді де білмедім. Маратқа мұны қалай айтарымды да білмедім. Тек жылай бердім. Марат не болғанын анасынан да сұрап жатқан, бірақ ол кісінің не дегенін естігем жоқ.


Ертеңінде жұмысқа өзім бардым. Атама кештеу барам деп өтірік айта салдым. Жұмысқа барғанымда, түрімнен түнімен жылағаным да көрініп тұрды. Қасима апай «әлі-ақ бәрі жақсы болып кетеді» деп жұбатқаны сол еді, өзімді ұстай алмай, көз жасына ерік бердім. Зорға дегенде басылдым. Ол кісі «сен жата бер, сенің жұмысыңды өзім істей салам» деп, есікті сыртынан жауып кетті. Ұйықтап кетіппін, Қасима апай келгенде ояндым. Біршама тынығып қалыппын. Біраз отырып әңгімелескен соң Қасима апай ондай өсекті енемнің таратып жүргенін айтты. Шынымды айтсам, апайдың сөзіне сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Сондай қалай болғаны, енем меннен атамды қызғанып жүр ме? Қалай олай ойлауға болады? Ең болмағанда баласының абыройын ойламағаны ма? Онан да бізді бір-бірімізге қарсы қойып, ұрыстырып, ажыратып жібермей ме? Бүкіл отбасымызбен дұшпанға күлкі болдық қой. Енді Атам, Марат, мен, елдің бетіне қалай қараймыз?! Өзі ше? Осындай ойларға жауап таппай күнді кеш қылдым.

Кешке үйге келгенімде Марат осындай әңгіме естігенін айтып, меннен барлық шындықты айтуды сұрады. Мен ол өсек екенін және ондай өсекті енемнің таратқанын айттым. Оның менің сөзіме сенген, сенбегенін білмеймін. Үндемей бөлмеден шығып кетті. Анасымен екеуінің дауыстары қатты-қатты шығып жатты. Бір кезде Марат тысқа шығып кетті. Сол кеште тамаққа да келмеді. Таң алдында үйге мас болып оралды. Маратты мұндай күйде бірінші көруім еді. Сол күннен бастап Марат анасымен мүлдем сөйлеспейтін болып алды. Екі күннің бірінде үйге мас болып келеді. Әкесінің де сөзіне құлақ аспады. Бұл жағдайдың бәрі ол кісіге ауыр тиді. Сөйтіп жүргенде атам жол-көлік апатына түсіп қайтыс болды. Бірақ үйдегі берекесіздік онымен бітпеді.

Әкесінің жетісі өте сала Марат ішуін жалғастырды. Ал енем «Мараттың ішімдікке салынғанына сен кінәлісің» деп мені жазғырумен болды. «Сен біздің отбасымызға келгенге дейін де жеңіл жүрісті болғансың, әйтпесе неге осы уақытқа дейін бала көтермейсің, біздің үйге жұт әкелдің» деп жазықсыз жазғырды. Маратқа бәрбір секілді еді. Ол анасымен де, менімен де сөйлесуді қойған. Бар білгені ішу. Ақыры шыдамым таусылды, бір күні Маратқа «ажырасамыз, кетемін» дедім. Ол кетсең кете бер дегеннен артық сөз айтпады.

Сөйтіп, ел қызыға қарайтын отбасымыз екі жылға жетпей быт-шыт болды. Анама бар болған жағдайды айттым. Әкем алғашында менің қайтып келгенімді ұнатпай жүрді. Кейін анам мән-жайды айтты ма, әйтеуір қаһарынан қайтты. Бүгінде отбасым, бала-шағам, өзімді сыйлайтын жан жарым бар. Мен оған ешқашан қиянат жасаған емеспін, жасамаймын да, оның маған деген көңіліне ризамын. Бірақ Марат еш есімнен шықпайды. Кейінгі өмірі не болды екен деп жиі ойлаймын. Өйткені, мен Маратты шын сүйдім. Ол соған лайық жан болатын. Әттең.... Енемнің ақылға қонымсыз сол бір тірлігі болмағанда...

Майра, Ақтөбе облысы

alashainasy.kz/

 

 

 

 

 

 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста