Өткен заманның адамы үшін жұмыс орнын ауыстыру өз сенімін сатып кеткенмен бірдей. Міне, мен де осындай қасаң психологиямен мемлекеттік қызметте талай жыл қызмет еттім (мен секілді жүргендер қазір де көп шығар). Сөйтсем қанша жылым текке кеткен, оны енді ғана түсініп отырмын...
Бір күндері балам қатты ауырып, көп ақша керек боп, жалақысы жоғарылау қызмет іздеуіме тура келді. Еңбек нарығында маған (мұғалімге) сұраныс көп боп шықты. Таң қалдым. Бағасы мен алып жүрген айлық көлемі 60 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Сөйтіп Алматыдағы жекеменшік бір балабақшаға 150 мың теңгеге аға тәрбиеші боп қабылдандым (онда да шарасыздықтан бардым).
Күйеуім бұрын мен істеген мектепте шопыр болатын. Оның айлығы &ndash 50 мың теңге. Мұны естіген балабақша басшысы: «Одан да ол 100 мың теңгеге біздің балаларды тасымай ма» деді. Осылайша күйеуім де осы жаққа ауысты. Енді банктен алған көлемді несиені төлеуде қатты қорықпайтын болдық. Алайда жекеменшік деген уақытша нәрсе секілді қай күні жұмысымнан айырылып қалам деген іште бір қобалжу пайда болды.
20 жыл мектепте істегенде жалақыма немесе басқа жағына қатысты қатты бір өзгеріс орын алған емес. Ал мұнда бір жылдан соң дәрежем көтеріліп, 180 мың теңге алатын болдым. Мұндағы жұмыс процесі компьютер желісіне байланып, бір жерге орталықтандырылған. Барлық іс-қимылымыз тіркеулі, артық жұмысымызға қосымша ақы төленеді. Сөйтіп жүргенде маған сырттан бір ұсыныс түсті. Бір байдың үйіне тәрбиеші керек екен. Олар мені ұнатыпты. Тағы да таң қалдым.
Әлгі бай мені қайдан біледі?.. Сөйтсек жекеменшік балабақша өз қызметкерлері жайлы егжейлі-тегжейлі тоқсан сайын есеп береді, ал оны ғаламтордан көріп-білуге болады екен. Жұмыс берушіме менің еңбек өтілім, кеңес заманы методикасына сүйенуім ұнаған секілді. Не керек, енді 300 мың теңгелік қызметке тұрдым. Бұрынғыдай улап-шулаған көп бала жоқ, қарайтыным бір бала. Оларға да жеке көлік жүргізуші керек боп шықты. Күйеуім енді 200 мың теңге жалақы алатын болды. Осы сәттен бастап сүрең өміріміз бірден өзгеріп сала берді...
Несиеден, коммуналдық төлемдерден тапқан табысымыз артылып, ақша жинай бастадық. Жұмыс берушіміз бізді жылына бір рет ақысын төлеп, медициналық тексеруден өткізеді (өздерінің қауіпсіздігі үшін керек шығар, бірақ бұл біз үшін де көп көмек), сол секілді өз есептерінен санаториге демалуға жібереді (жағдайымызға алаңдайды дегеннен гөрі, қонақтары, достары алдында мұны мақтан еткісі келетін сияқты әрі біздің ажарымыз да үйдің салтанатына сай келуі маңызды секілді олар үшін).
Қожайынның әйелі мен қызы жылда соңғы сәнге сай үй-жиһаздарын жаңалайды. Мұндайда ескісі біздің үйден бір-ақ шығады, яғни жиһаз, тағы басқа дүние сатып аламыз деп бас қатырмайтын болдық. Көбіне сол жақтан тегін тамақтанамыз (тамақ істейм деп шаршап-шалдықпаймын).
Бәрінен бұрын тып-тыныш, мамыражай өмір басталды. Биыл жинаған ақшамызға демалыс алғанда күйеуіміз екеуміз Токиоға қыдырып барып қайттық. Онда жүргенде екеулеп жекеменшік балабақша ашудың жоспарын жасадық, ендігі ақшамызды соған жинайық деп шештік. Несі бар?
Байдың үйінде жұмыс істеп жүріп, ай сайын тапқан табысымызға «Саяхаттың» маңында жалға беріп жүрген жер үйімізді күрделі жөндеуден өткіздік. Тағы бір жыл барысында бар тапқанымызды жинадық. Көп емес, 20 мың доллар ақшамыз бар. Бірақ бұл бизнес бастауға жеткіліксіз. Содан бизнес жоспарымызды Алматыдағы «Даму» қорына келіп өткіздік. Олар біраз күтіңіздер деді. Үш айда жақсы хабар кеп жетті. Жаңадан кәсіп ашқанымыз үшін жеңілдікпен несие берілетін болды. Ең алдымен балабақшаға қажетті құрал-жабдық, төсек-орын алдық. Ал әр баладан түскен ақшаны айлыққа жұмсадық. Бір жылдан соң ғана біз таза табысқа қол жеткізе бастадық. Құдайға шүкір, бүгіндері жұмысымыз қалтқысыз алға жылжып жатыр (СЭС-тің жиі мазаны алатыны болмаса).
Бұл ретте менің жадымда бір сауал үнемі көлбеңдей береді: неге ертерек қимылдамағанбыз? Неге?..
Ойланып көрсем, заман өзгергенмен баяғы кеңестік қасаң ұстанымнан біз &ndash қазақстандықтар ада бола алмағанбыз. Үкіметтен кінә іздеп, Үкімет жалақымды көтеріп қала ма деп үміттеніп жүргенше баяғыда заман лебіне төселіп, шалт іс-қимылға көшу керек еді.
Сол секілді байларды біз жаман кейіпте қабылдаймыз. Өйткені өткен заман бізді солай үйретті. Шынтуайтында, кәсіп ашып, өз еңбегімен байығандардікі &ndash нағыз ерлік. Керісінше, мұнда жалшы деген түсінік жоқ. Ал мемлекеттік қызметте жалшы екенінді әр сағат сайын саған білдіріп отырады. Бәрінен бұрын, осындай психологиялық жаншудан құтылғаныма қазір қатты қуанам. 
Автор: Сағыныш, Алматы қаласы