-Артқа қарай өтеміз, жылжимыз, артқы жақ бос қой, өтеміз!
Бұл Назгүлдің күнде айтатын аузы үйренген сөзі. Жұмыс уақытын осы сөзбен бастап, осы сөзбен аяқтайды. Кондуктор қызметімен айналысып жүргеніне де біраз уақыт болып қалыпты. Күнде неше түрлі адамды көреді, неше түрлі сөзді де естиді. Қоғамдық көлікке қанша адам отырса, өздері сонша түрлі. Біреуі қағытып сөйлеп кетсе, біреуі жанашырлық танытып жатады. «Қайтесіз, барлығының көңілінен шығу мүмкін емес, одан да мұндайларға жауап қайтармай-ақ қойыңыз»- деп жатады. Үлкен шаһардың тіршілігі таңғы алтыдан басталып, түннің бір уағына дейін жалғасады. Біреуі жұмыстан шаршап, біреу бір нəрсе десе соған атылғалы тұрады. Енді біреуі кім не десе де жауап беруге ерініп отырады. Ал біреуі көлік жолаушыға тоқтаған сайын айғайлап «Əй, қай жеріне аласың адамды, онсыз да бір аяқпен тұрмыз»- деп шамданады. Оған жауап ретінде мінген жолаушы «Əй, біздің де үйге ертерек жеткіміз келеді, о несі-ей» — деп қағытып қалады. Ал егер таңертеңгі уақыт болса «Біз де жұмысқа асығып барамыз, шырағым, кешікпеуіміз керек» — деген жауап қайырылады. Жастар жағы кəрі-құртаң кемпір-шал таң азанымен автобусқа отырса «Мен сабаққа бара жатырмын, ал мыналар осы бізбен жағаласып таң атпай қайда барады екен. Адам саябырсығанда шықса да болады ғой баратын жеріне» — деп күңкілдеп жатады. Кейбір жайттарға кондуктор да шыдамай шағымданғандарға «Ұнамаса таксимен бар» — деп жекіп қояды. Оған екінші біреу «Таксиге ақшам болса автобуста нем бар, уақытымен жүрмейсіңдер, содан осылай бізді қинайсыңдар» -деп шамданады.
Міне, Назгүлдің күніге естіп, көріп жүрген əр күні осылай өтуде. Жағдайы мұншалықты деңгейге төмендейді деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмепті.
Назгүл бір үйдің үкілеп өсірген ерке сылқымы еді. Аузынан шыққан қалауы орындалып, ішкені алдында, ішпегені артында болды. Еш нəрседен таршылық көрмей бақуатты өмір сүрді. Мектеп бітіріп жоғарғы оқу орнына түскенде шолжаң қызының оқуға түскеніне бірінші болып əкесі қатты қуанды. Оқуды бітіріп диплом алғанында дүркіретіп тойлады. Назгүл əкесіне «мен анау-мынау жұмыс атқарғым келмейді, жақсы қызмет тауып беріңіз» -деп назданды. Əкесі өте беделді, қызметі де жоғары лауазымды кісі болатын. Содан да болар үйлерінен қонақ арылмайтын. Назгүлді де жұмысқа орналастыруға сөйлесіп қойды. Сөйтіп жүргенде Назгүлді сыныптасы досымен таныстырды. Есімін Нұрбек деп таныстырған жігіт Назгүлді бірден ұнатып алып қашпақ болды. Оны əзер дегенде райынан қайтарып, құда түсіп алуға көндірді. Назгүл Нұрбекті ауылдың иманды жігіті ғой деп жар болуға келісімін берді. Бірақ Нұрбек адамгершіліктен жұрдай, нағыз имансыз болып шықты. Назгүлге аузына келгенін айтып, бір төсекте де жатпайтын. Тіпті «шаш жуатын сусабынды құрттың, керек затыңды ана бай əкеңнен алдыр» — деп айғайлайтынды шығарды. Назгүлге демеу болған ата-енесі мен абысындарының жақсылығы болды. Солардың арқасында шыдап жүрді. Қаланың ерке, шолжаң, үлде мен бүлдеге оранып өскен ақсаусақ қызынан нағыз ауылдың келініне айналды. Өмірінде істеп көрмеген күбі пісу, құрт жаю, нан жабу, самаурынға шай қою деген сияқты тірліктерді тез үйреніп алды. Күйеуінің көңілінен шығу үшін таң азанымен ерте тұрып ауланы тазалап сыпырып, шаңы басылсын деп су сеуіп қоятын. Бəріне иіліп сəлем салуды да əдетке айналдырды. Отбасында барлығы Назгүлді осы мінезі үшін жақсы көретін. Қайны-қайынсіңлілері «ақ жеңешем» — деп еркелеуші еді. Назгүл оларға қазақтың салтымен «Ботақан» , «Сұлуым», «Бикеш» деп ат та қойып алған. Тек мұның бəрін күйеуі Нұрбек қана бағаламады. Назгүлді еркелетпек түгілі адам ғұрлы көрмейтін. Оның үстіне Назгүл біраз уақыт бала да көтере алмай жүрді. Күйеуі мұны да сылтауратып балағаттайтын болды. Осыдан кейін ақыры Назгүл төркініне кетіп тынды. Артынан Нұрбек кешірім сұрап алып қайтты. Бірақ бір күн өтпей жатып, əдетіне басып ұрыс шығарды, кет деп айғайлады. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанды. Соңғы рет төркініне қайтып кеткенде қайта оралмаймын деп шешті. Сол кезде өзінің жүкті екенін білді, бірақ ол ешнəрсені өзгерте алмады. Аман-есен шекесі торсықтай ұл баланы дүниеге əкелді. Назгүлдің ата-анасының қуанышында шек болмады. Назгүл біраз уақытқа дейін болған жағдайлардың əсерінен күйзелісте жүрді, тіпті дүкенге баруға да шықпайтын. Тек ұлы үшке толғанда ғана əкесінің демеуімен жақсы жерге қызметке тұрды. Сол жерде Маратпен танысты. Марат Назгүлдің əр қадамын аңдып соңынан қалмады. «Балаңа нағыз əке боламын, маған тұрмысқа шықшы» — деп өлердегі сөзін айтты. Ақыр соңы құда түсіп, екеуі отбасы болды. Екеуі бақытты еді, бір-бірін бір сағат көрмесе сағынып тұратын. Марат бұрын үйленіп ажырасқан, бір қызы бар жігіт. Бұлардың өмірінің шырқы сол қызына алимент төле деп бұрынғы əйелі хабарласқаннан бұзылды. Мараттың мазасы кете бастады. Бірақ Назгүл ана ретінде түсініп еш қарсылық білдірген жоқ. Керісінше, алиментті уақытында төлеп қызына көмек беруін қадағалайтын. «Мектеп бітірсе оқуға өзің түсір»- деп те айтып отыратын. Осы кезде өзінің де аяғы ауыр болды, оған екеуі де қатты қуанды. Екінші некеден тағы ұл бала дүниеге келді. Баласы екі айға толғанда Марат себепсізден Нагүлді тастап кетіп қалды. Айрандай ұйып отырған отбасын тастап кетуіне не себеп болғанын Назгүл əлі күнге түсіне алар емес. Мүмкін екі отбасын асыраймын деп қаражатын жеткізе алмай қиналған да шығар. Назгүл мұндай жағдайды күтпеген еді, өмір тоқтап қалғандай болды. Түндері жастық құшақтап жылаумен өтті. Маратпен өткізген бақытты күндері көз алдынан кетер емес. Есік тықыр етсе де, телефон шырылдаса да Мараты кіріп келетіндей, хабарласып жатқандай жүгіретін. Жұмысқа алданайын десе бұрын жұмыс істеген жері жабылып қалды. Əкесі беделінің арқасында біреумен келісіп, жұмысқа кіргізетін болды. Бірақ ол уəдені берген адамдары алдап кетті. Сол аралықта əкесі аяқ астынан жүрек талмасына ұшырап, қызметіне жарамай қалды. Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады деген осы шығар. Дос деп жүрген доссымақтар да қарасын көрсетпей кетті. Байлықтың буымен жұмыс таңдап істейтін Назгүл тіптен тығырыққа тірелді. Бұрынғыдай əкесіне сене алмайды. Сол кезде өзіне өзі «Жоқ, мен енді жыламаймын, еркектер үшін тіпті басымды қатырмаймын! Енді қандай жұмыс болса да істеп, балапандарым үшін өмір сүремін» — деп ант берді. Ерке қыздан ысылып еңбекқор қызға айналды. Бұрынғыдай емес, жұмысты таңдамай істей берді. Баласын əке-шешесіне тастап екі жерде жұмыс істеді. Күндіз бала күтуші қызметін атқарса, кешкісін базардың ауласын сыпырып ақша тапты. Қазір бəрі көрген түс сияқты елестейді. Балалары да өсіп қалды, өзі міне, қоғамдық көлікте кондуктор болып нəпақасын тауып жүр. Кезінде не ішемін, не жеймін деп ойламаған қыз өмір деген өзеннің сарқарамасына топ етіп түсіп кеткенде есін жиып, əр нəрсені бағалайтын болды. Байлық деген қолдың кірі деген рас екен-ау, бірде бар, бірде жоқ. Бұрын дәл осылай өмір сүресің десе Назгүл сенбеген болар еді. Назгүлдің ендігі арманы бір баспаналы болу. Басқа түссе баспақшыл демекші адам неге болса да кеудесінде жаны болса көндігеді екен. Кезінде Назгүлдің өзі байлықтың буымен біраз қателіктер де жасады, бірақ өмір өзінің сабақтарымен оны орнына қойды. Тіпті əкесіне «анау-мынау жұмыс істемеймін » — деген жоқ па еді пендешілікпен. Қазір адамның басы Алланың добы екеніне көзі жеткен, қайда домалатса сонда кетеді екен-ау.
П. С. Адамның алдында не күтіп тұрғанын бір Алла ғана біледі, артық сөйлеу күпірлік. Назгүл де өмір сабақтарынан осыны ойына түйген. Қазір аузы күйген үрлеп ішеді дегендей əр сөзін ойланып айтатын болған. Осыны оқып отырған Сіз де ойланыңыз, артық сөйлеп күпірлік жасамауды үйреніңіз! Əйтпесе Назгүл сияқты өмір сабақтарынан қатты таяқ жеуіңіз мүмкін!
Ақтолқын Құлбекова