Бұрынғы жезөкше - қазіргі бала күтушінің жан сыры
Еліміздің оңтүстік өңірінің тұрғыны Сандуғаш есімді әйел бұрынғы өмірі туралы айтқанды ұнатпайды. 29 жастағы келіншек бірнеше жыл тәнін саудалап, жезөкшелікпен айналысқан. Былтырғы жылы сауналар жабылып, арзанқол кафелер жұмысын тоқтатқанда, біздің кейіпкеріміз де табыссыз қалыпты. Амалдың жоқтығынан жұмыс іздеп біраз саңдалған көрінеді. Бүгінде бала күтушісі болып еңбек етіп жүр. Stan.kz. сайтының тілшісі жаңа мамандықты меңгеруге мәжбүр болған Сандуғашпен сырласқан еді.
- Сандуғаш, жезөкшелікпен айналысуға не түрткі болды? Жеңіл жүріске қалай салынып кеттің?
- Ең бірінші кезекте мынаны айтқым келеді. Ешқандай қыз жезөкшелікпен айналысуды қаламайды, өмірдің толқыны осы жолға түсуіне әсерін тигізеді. Менің де басымнан осындай жағдай өтті. 17 жасымда әкемнен айырылып қалдым, анам бұл қайғыдан оңала алмады. Араққа салынып, үйде жиі көрмейтін болдық. Ағам екеуміз мүлдем қараусыз қалдық десем болады. Әуперімдеп жүріп, мектепті бітірдім. Ағам ол кезде колледжде оқитын еді. Екеуміз соның шәкіртақысына тамақ алып, күнімізді көріп жүрдік. Кейін мен де техникалық колледжге оқуға түсіп, "Аспазшы" мамандығын игеріп шықтым. Колледжге киетін киімім болмай қалатын, талай қиындықтарды көргеннен ерте есейіп кеттім.
- Жезөкшелікпен қашан айналыса бастадың? Алғашқы клиентің кім болды?
- Колледжді бітіргеннен кейін, мен тұрмысқа шыққым келді. Жанымда арқа сүйейтін, сенімді адамның болғанын қаладым. Ол кезде менің жасым 21-де болды, кафеде даяшы болып еңбек ететінмін. Әлеуметтік желі арқылы бір жігітпен танысқанмын. Ол маған жиі жазатын, кездесіп те жүрдік. Өзі жақсы отбасының баласы сияқты болып көрінді, ниеті де дұрыс сияқты еді. Біз екеуміз бір жылға жуық уақыт жүрдік. Мен одан тұрмысқа шығуға ұсыныс күткенім рас, алайда ол мені жақындарымен де таныстырған жоқ. Бір күні жігітіммен пәтерге бірге қонуға бардым. Арамызда жақындық болды, мен оны шынайы сүйген едім. Сол себепті ешқандай қарсылығым болған жоқ. "Қыз" екеніме көзі жеткеннен кейін үйленеді деп ойладым. Алайда бірінші түннен кейін ол жоғалып кетті.
Шынымды айтсам, жеңіл жүріске қалай салынып кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Бәрі саунаға администратор болып тұрған кезімнен басталды. Суға түсуге келген ер азаматтар "демалатын" қыздар сұрайтын. Бір күні құрбыммен қосылып, мен де қызмет көрсетемін деп шештім. Алғашқы клиентім 35-жастағы еркек болды. Ол кейін бірнеше мәрте "қызметімді" пайдаланып жүрді. Тапқан табысым шығындарыма жететін болды.
- Бұл іспен неше жыл айналыстың? Жақындарың біледі ме?
- Мен жезөкшелікпен 4 жылға жуық айналыстым. Саунадан кетіп, арзанқол кафелерде клиент іздейтінбіз. Көбіне жасы 40-тан асып кеткен азаматтар келетін. Бастысы ақшасы болса болды. Анам осыдан үш жыл бұрын қайтыс болды. Ол кісінің балаларына қарауға шамасы болмай қалды. Ағам үйленген, қазір өзінің отбасысы бар. Жеңгем екеуміз тіл табыса алмадық. Қазір ағаммен мүлдем араласпаймын. Ол кісілерге менің өмірім қызық емес.
- Қазір бала күтуші болып жұмыс жасап жүргенінді білеміз. "Кәсібіңді" ауыстыруға не себеп болды?
- Былтыр қатаң карантин кезінде көптеген "түнгі көбелектер" табыссыз қалды. Мен де солардың қатарындамын. Амалсыздан жұмыс іздеуге тура келді. Пәтерақы бар, тамақ керек. Бұрынғыдай кафеде даяшы болып жұмыс істеуге жасымыз келмейді. Ыдыс жуушы немесе еден жуушы болғым келмеді. Бастапқыда дүкенде сатушы болдым. Алайда кассадан қаражат ұрланып, дүкен иесі мені жұмыстан қуып жіберді. Менің ешқандай кінәм болған жоқ еді. Қазір бала күтушісі болып жұмыс жасаймын. Екі жасар балаға қараймын, оның барлық жағдайын жасаймын.
- Жұмыс беруші кісілер туралы айтып берші. Ол кісілер сенің бұрынғы өмірін туралы біледі ме?
- Маған жұмыс беріп отырған кісілер өте жақсы адамдар. Қарапайым, қанша дәулетті болса да өздерін мәдениетті ұстайды. Айлығым жақсы, уақытылы төлейді. Сыйақыны да жиі беріп тұрады. Бала екі жаста. Өзі сондай сүйкімді қыз, тілалғыш. Жиі ауырып қала берген соң балабақшаға бермей отыр. Ата-анасының жеке медициналық орталықтары бар. Кейде үйдің тірлігін де істей беремін. Тамақ әзірлеп қоятын кездерім болады. Қосымша жасаған жұмыстарымды міндетсінбеймін. Соған қарамастан, баланың анасы қосымша ақы төлеп отырады.
Бастығым менің бұрынғы өмірім туралы әрине білмейді. Егер білетін болса, бала түгілі үйлеріне жолатпайтын еді ғой. Мен барынша өткенімді жасырып жүрген адаммын. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Сол себепті барымды бағалап отырмын.
- Алдағы өміріне қандай жоспарын бар?
- Қазір мен бір жігітпен сөйлесіп жүрмін. Ол азамат бұрын отбасылы болған. Менің бұрынғы өмірім туралы сұрамайды. Егер мүмкіндік болса, сол жігітке тұрмысқа шыққым келеді. Жезөкшелікпен айналысып жүргенімде , бір рет аяғым ауырлап қалған еді. Ол кезде аборт жасатқанмын. Сол аборт кесірін тигізбесе деп тілеймін. Мен де ана атанып, ана бақытын сезінгім келеді. Қазір қарап отырған балаға бар мейірімімді төгіп отырмын. Содан болар ата-анасының менің жұмысыма көңілі толады. Өзімнің анамның жіберген қателіктерін жібергім келмейді.
- Сұхбатыңа рахмет, Сандуғаш.