Бұрынғы күйеуіме қайта қосылғаным дұрыс бола ма...
Осыдан 3 жыл бұрын шаңырағым ортасына түсіп, отбасымыз бұзылған кезде өмір осымен бітіп қалғандай көрінетін. Сүйіп қосылған қосағымның мені оп-оңай өзгеге айырбастап кеткені жүрегімді қатты ауыртты. Бірақ «басқа салса, баспақшыл» демей ме, бәріне көндім. Бүгін мен «Алаш айнасы» оқырмандарына басымнан өткен оқиғамды баяндап, ақыл-кеңес сұрасам деймін.
Мен 20 жасымда тұрмысқа шықтым. Жолдасым екеуміз екі жылдай дос болып, бір-бірімізді жақсы танып-біліп отбасын құрдық. Жастық болар, мен сол кезде күйеуімді ессіз сүйгенім соншалық, өмірде одан артық жігіт жоқтай көрінетін маған. Екеуміз бір-бірімізді қызғанып кейде ұрсысып та қалатынбыз. Бірақ ол үнемі бірінші кешірім сұрап, менің көңілімді аулауға тырысатын. Бірақ кейін ойласам адамның сыртқы бейнесі алдамшы болады екен. Кейде қыздар жүріп жүрген жігітімізден қиялымызда идеал жасап алады екенбіз. Ал отбасылық өмірде қыз бен жігіт арасындағы махаббат та, романтика да сыйластық пен түсіністікке ұласса жақсы. Көп жағдайда бірін-бірі сүйген жандар отбасылық өмірдің қиындықтарына төзе алмай жолдары екіге жарылып жатады.
Біз Ержан екеуміз отбасын құрған кезде алғашында бәрі жақсы болатын. Ержан қаланың баласы. Басында баспанасы бар. Бір бөлмелі болса да, ең бастысы баспанамыз болды. Ата-енем Ержан олардың тұңғышы болған соң оған пәтер алып берген. Сондықтан Ержан алаңсыз өзінің жұмысын істеді, ал мен университеттің 3 курсында студент едім.
Анам маған үнемі қандай болса да, ата-енеңді сыйла деп айтып отыратын. Сондықтан мен Ержанның ата-анасын өзімнің әке-шешемдей көруге тырыстым. Олар да маған жылы қабақ танытты. Төртінші курс оқып жүргенімде жүкті болдым. Аллаға шүкір, дипломымды қолға алғаннан кейін сәбилі болатыныма қатты қуандым. Бірақ менің қуанышым көпке ұзамады. Аяғым ауыр кезде Ержан біртүрлі өзгеріп кетті. Ол жұмыстан кешігіп келетінді, кейде тіпті келмей қалатынды шығарды. Бас кезінде оның мұнысына мән бермеп едім. Бір күні ол сөз арсында жұмысқа Нұргүл атты қыз орналасқанын, оның мінезінің тамаша екенін айтып қалды. Мен оған әзілдеп, аздап қызғанып қалғанымды білдірдім. Ол үндемеді. Өзімнің аяғым ауыр болғандықтан, жақында сәбилі боламыз деген тәтті қиялдың құшағында жүргенде жарымның баласы екеумізді тастап, басқа біреуге кетеді деген ой тіпті үш ұйықтасам түсіме кірген емес.
Бірде өзімнің телефонымда бірлік таусылып қалған соң, Ержанның телефонынан қоңырау шалайын деп қолыма ала қалсам, оған смс келіп тұр екен. Оқымай қоя салуға шыдамым жетпеді. Ашып қалсам: «жаным, күндегі жерде күтем» деп жазып қойыпты. Әлгіні оқып алып не істерімді білмедім. Ержанға смс-ті көрсеттім, өзімді барынша сабырлы ұстауға тырыстым. Бірақ Ержан өзінің ешқандай қызға бармайтынын, жұмыстағы әріптесі мұның телефонын қолданғанын, смс сол досына келгенін айтып ақталды. Мен өз күйеуіме сенгім келгендіктен оған сендім. Бірақ жүрегімде бір күдік қалды. Көп ұзамай сәбиіміз де дүниеге келді. Бірақ Ержанның қатты қуанғаны байқалмады. Ол үнемі бір сылтау тауып үйде біздің қасымызда болмайтын. Үйге келсе де ішіп келеді, кеш келіп жатып қалады. Маған да, баласына да мүлде назар аудармайды. Қанша күйеуімнің көңілін тауып, назарын өзіме аударғым келсе де әрекетімнен түк шықпады. Амалым тауысылған соң енеме хабарласып, ол кісіге Ержан екеуміздің арамыз дұрыс болмай жүргенін айттым. Ол кісі маған жылы сөйлеп, ер адамдар кейде осындай мінез шығаратынын, біраз шыдамдылық керек екенін айтты. Ол кісімен сөйлескеннен кейін мен біраз жеңілдеп қалдым. Бірақ арада 2-3 ай өткенде Ержан маған: «Сен өзің де түсінген шығарсың, екеуміз ары қарай бірге тұра алмаймыз, мен сені жақсы көрмеймін» деді. Мен өз құлағыма өзім сенбей Ержанға жақсылап сөйлесейік, арамызда бала бар ғой, менің қандай да бір кемшілігім болса айт, түзетуге тырысайын деп жалындым. Бірақ ол өзге жанды сүйетінін айтып, менің кетуімді өтінді. Баласына көмектесіп тұратынын, мен рұқсат берсем араласатынын айтты. Сол кезде менің кетуден басқа амалым болмады. Ата-енем де Ержанды райынан қайтара алмады. Сөйтіп ажырастық та кеттік.
Ержан екеуміздің ажырасқанымызға 3 ай болмай ол қайтадан үйленіп алды, тіпті тойларын да жасады. Ал менің жүрегім қарсы айрылып қала бердім. Бар жұбанышым балам. Менің осылай қиналғанымды көріп, ата-анам да әбден қайғырды. Мен солардың көңіліне қарап көз жасымды оларға көрсетпеуге тырыстым. Әйтеуір қаншама түндерім жылаумен өтті десеңізші. Күйеуімнің екінші әйелі оған бала тауып бергенін естігенде де біртүрлі жаман болдым. Ата-анам күйеуіме баламды көрсетуіме, онымен араластырауыма қарсы болғанына қарамастан мен оның баласын көріп тұрғанын қаладым. Өйткені ол қандай болса да баламның туған әкесі ғой.
Қазір біздің ажырасқанымызға 3 жыл болды. Мен одан мәңгілікке айрылғаныма көндігіп қалдым. Кейде менің жағдайымды білу үшін, немересін сұрап енем хабарласады. Ол кісімен сөйлесіп тұрамын. Енді соңғы 1-2 айда күйеуім баласына келуді де жиілетті. Баласын көруге келген сайын мен баланы киімдіріп оған ертіп жіберетінмін. Өткенде ол баламызбен бірге менің де еріп жүруімді өтінді. Үшеуміз саябақта серуендедік, ұлым қатты қуанды, әкесімен есі шығып ойнады. Үйге бізді қайта әкеп тастап кетіп бара жатқанда ол: «Жанка, мен ақымақты кешірші, мен сені жақсы көремін» деді де бұрылып кетті. Күні кеше мені сонша жек көріп, жылатып тастап кеткен күйеуімнен мұндайды күтпеп едім. Соңғы уақытта ол менің телефоныма себепсізден себепсіз хабарласады, смс жазады. Ол мені қатты сүйетінін, қателескенін, қайта қосылғысы келетінін айтады. Бірақ енді артқа шегінер жол жоқ. Қазір оның әйелі екінші баласына жүкті. Олардың отбасы бақытты ма, бақытсыз ба, мен ол жағын білмедім. Бірақ мен үшін Ержан енді жай ғана баламның әкесі. Оған деген сезімім мүлде өшіп қалмаса да, енді оған қайта қосылсам өзімде де, осынша уақыт маған қамқор болған ата-анамды да сыйламағаным ғой. Ал басқасын айтпағанда оның әйелі, екі баласы қайтпек. Ержанның не ойлаған ойы бар түсіне алмадым. Мен оған енді ешқашан бұрынғыдай отбасымыздың болмайтынын, қайта қосыла алмайтынымды айтуға оқталып, іштей дайындалып жүрмін.
Жанна, Алматы
alashainasy.kz/