Егеменді ел болдық, етек-жеңімізді жиып, 30 дамыған елдің қатарына қосылмақпыз. Бірақ біздің елде жұртты толғандырып жүрген мәселелер қазір өте көп.
Тегін білмейтіндердің көбейгені қауіпті
Әрине, бүкіл қазақты қаралағымыз келмейді, бірақ та мынандай келеңсіз жағдайлар кездесуде:
1. Қылмыс жасап, түрмеге тоғытылғандардың көпшілігі – қаракөз қазақтар. Көшеде бұзақылық (қалтаға түсу, балағаттау, әдепсіз қылық жасау, көшені ластау және басқа) жасаушылар да негізінен қазақтар.
2. Балалар үйіндегі және көшедегі тастанды балалар – қаракөздер.
3. Оң босағада отырып жүкті болғандардың көбі (оның ішінде 13-15 жастағылар да бар) – қаракөз қазақ қыздары. Кәрі қыздар, ажырасқандар және жасы ұлғайса да үйленбей жүргендердің көбі қазақтар.
4. Ажырасу, алимент төлемеу, әйел-қыздарды зорлау, жүкті етіп қашып кету де бізде кездеседі.
5. Жезөкшелік, сауналарда, қонақүйлерде, түнгі клубтарда тәнін саудаға салатын қыз-келіншектер біздің қазақтар арасында сан жағынан көпшілік.
Міне, осы жағдайлардың бәрі дүниедегі ең қаны таза ұлтымыздың болашағына балта шабуда. Әке-шешесін, тегін білмей өскен балалар осыдан 15-20 жылдан кейін біздің қазақ ұлтына пысқырып та қарамайтын болады.
Қазіргі кезде балалар үйіндегі жетім және тастанды балаларды асырап алу мәселесі көтерілуде. Ал ол жетімнің әке-шешесін білсек (қайтыс болған, бас тартқан, тағы басқа), онда асырау мүмкін, ал егер білмесек ше? Онда асырайтын баланың тегі кім, аурулы ма, әлде нашақор ма, араққұмар болған ба – бұл жағын қайдан білеміз?
Зерттеп-зерделеу, көмек көрсету керек
Міне, осындай мәселелердің бәрін шешуге, жастардың үйлі-жайлы болып, жұмыс істеп, Болашақ ұрпақты сау-саламат жалғастыруы үшін біз мынандай ұсыныс-пікір айтпақпыз:
1. Мемлекет қазақ елінің саулығын, болашағын зерттейтін арнайы мекеме ашса.
2. Отбасында, көпшілік орындарда, оқу мекемелерінде тәрбие жұмысы күшейтілсе. Ұлы ғұлама Әл-Фараби: «Адамзатқа бірінші кезекте тәрбие керек, тәрбиесіз алған білім еш қажетке аспайды», – деген.
3. Бірінші кезекте жастардың жұмыс істеуіне мемлекет жағдай жасаса. «Еңбек ер атандырады», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөздер бар.
4. Жастар тым ересек болып кетпей, 20 жасқа дейін қыз бала, 25 жасқа дейін ұл үйлі-баранды болса, онда үйленгендер жанұясын, бала-шағасын, болашағын ойлап, жағымсыз мәселелер тоқтар еді. Халықтың саны өсер еді. Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарымыз өзінің ерке сахабасына: «Болашағың жарқын болсын десең, үйлен», – деп тай тұяғындай алтын берген екен. Ал қазақтар «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды», «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» деп бекер айтпаған. Егер уақтылы үйленбесе, мемлекет тарапынан бойдақ салық төлеуге заң шықса. Бұл кеңестік кезеңде болған. Кеңес Одағы кезіндегі бойдақ салық жастар үйлі-жайлы болып, өсіп-өнсін, ұрпағы мемлекетке қызмет етсін» деген мақсатпен салынған. Жер көлемі шағын өзбек халқы 35 миллионға жетті, ал біз, қазақтар әлі де 10 миллионның айналасында жүрміз.
5. Дер кезінде үйленгендерге мемлекет тарапынан ақшалай жәрдем, шағын үй немесе жер телімі берілсе, әрі қарай өздері де жұмыс істеп, екі жастың ата-анасы да көмек қолын созар еді. Мемлекетке қаражат жөнінен онша шығын болмайды, себебі үйленгендерден түскен кіріс (салық) жетіп жатыр.
6. Жезөкшелікке қатаң түрде заңмен тыйым салынса және сауналар, қонақүйлер бақылауда болса, сонда жастардың уақтылы үйленбей, тұрмыс құрмай жүру себептері азаяр еді, сонымен қатар кәрі қыздар мен сүр бойдақтар саны сиреп, жеңіл жүрістілер ойланар еді. Біз мұсылман мемлекетіміз, халқымыздың әдет-ғұрпын, үрдісін сақтауымыз және өсіп-өнуіміз үшін өз ұстанымымыз болуы шарт емес пе?
Мәселен, Татарстанда кәмелетке толу кезеңі – 16 жас, ал сығандарда 13 жас. Мақсат қыздың биологиялық жетілуін ескеру, адалдығын және ұрпақ тазалығын сақтау. Жаһанданудың әлде интернет пен теледидардан берілетін жарамсыз көрсетілімдердің әсері ме, кәмелетке толмаған 13-15 жастағы қыздардың жүктілігі көбейіп барады. Ал қыз бала есейіп кеткен соң (20 жастан әрі) көп мәселелерді меңгеріп алады да, Құдай қосқан жарының ата-енесінің айтқанына, тәрбиесіне көнбейді, нәтижесінде ажырасу көбейеді. Қазақстанда бір жылда үйленгендердің үштен бірі ажырасады. Әлем статистикасында Қазақстан ажырасудан оныншы орында тұр екен.
Кемеңгер Абай:
«Қыз 15-ке келгенде алма мойын,
16-ға келген соң қылса тойын.
16-дан кеткен соң болмайды ойын», – десе, Шал ақын:
«20-ға келген қыз кәрі болар,
Өңі кетіп, бәдені сары болар.
Ер елуге келсе де оқасы жоқ,
Түбінде бір сұлудың жары болар», – деп кеткен.
Жастар ерте үйленсе, оқып, мамандық ала алмай қалады, оның өмір көріп, ойнап-күлуі керек деушілер болуы мүмкін. Болашағын, ұрпағының өсіп-өнуін ойлаған ата-ана жас келінді оқытып, мамандық әпереді, ал ойнап-күлу, өмір көру өз қосағымен бірге болады демекпіз.
Сан көбейіп, сапаның артқаны қажет
Елімізде «Екі әйел алып, қазақтың санын көбейтеміз» деген әңгіме кездеседі. Ал қазақта «Екі әйел алыпсың, бітпес дауға қалыпсың», «Екі әйелдің балалары екі рулы елдей» деген қанатты сөздер бар. Екі әйел алмай-ақ, үйленген жастарды қосағыңмен қоса ағар деп, барлық жағынан жұптарының жазылмауына ел болып күш салсақ қазақтың саны көбейер еді. Ал қазақ азаматтары жетім-жесір қалған бауырларына қамқор болып, ата-баба үрдісі бойынша әмеңгерлік жолмен үйленсе, онда қазақтың саны көбейіп қана қоймай, бауырмалдық кеңейіп, туыстар арасындағы ынтымақ артып, жетім-жесір жыламай өсер еді. Қазақта «Жетім көрсең, жебей жүр» деген де сөз бар. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың өзі бірнеше жесір әйелге үйленіп, балаларына қамқор бола білген.
Құрметті қазақ қауымы, біз ұлы даланың ұлы еліміз, кең-байтақ жеріміз, оның байлығы, ислами дініміз бар, тіліміз дүниедегі үштік орында, өзіміздің ұстанымымыз, әдет-ғұрпымыз ешкімнен кем емес. Солай бола тұра біз неге шеттің жарамсыз қасиеттерін жастардың бойына сіңіреміз?
Мәселен, жастарды қазақи оқу-білім, өнер, өсіп-өну, болашақта тәрбиелі болуға жетектеудің орнына шетелдің жарамсыз мәдениетін, әдет-ғұрыптарын тықпалаймыз. Мәселен, өмірі бітпейтін 300-500 сериялы, атыс-шабысты, баянсыз махаббатты көрсететін шетелдік фильмді балалармен бірге көріп, кейіпкерлермен қоса күліп, қоса жылап отырамыз. Неге отандық фильмдерді көрмейміз? Соның салдарынан бала тәрбиесімен шұғылдануға сіздерде уақыт жоқ, нәтижесі жоғарыда келтірген жағымсыздыққа тіреледі.
Қорыта келе айтарымыз, мемлекет болып, көпшілік қоғамдық ұйым болып, оқу орындары болып, әрбір жанұя болып өз ұрпағымызға саналы тәрбие берсек, олардың өміріне, болашағына қырағы көзбен қарасақ, онда қазақтың болашағы жарқын болар еді. «Итің – ұры» десе де намыстанатын таза қазақтар, қайдасыңдар?!
Аманбек НАРҒАБЫЛОВ,
ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері, ардагер-ұстаз.
Шымкент қаласы.