Бөлеңе ғашық болу күнә ма?
Ішкі жан сырыммен бөлісетін адам таппай, сіздерге хат жазып отырмын. Айтайын дегенім 7 жылдай болды бөлем екеуіміз жүреміз десек те болады. Менің жасым 25-те, ол менен 1 жас кіші. Осыдан екі жыл бұрын екеуіміз бір бірімізді ұнататынымызды айтып ата-аналарымызға білідріп көрген едік. Үзілді кесілді қарсы болды. Сол оқиғадан кейін біраз уақыт кездеспей қойсақ та, уақыт өте қайтадан кездесіп бастадық.
Басында екеуіміздің кездесіп жүргенімізге айналамыздағы үлкендер мән бере қоймады. Туысқандық жақындық деп ойласа керек. Бірақ осы уақыт ішінде екеуіміз бір бірімізге бауыр басып қалдық. Бір-екі рет жақындасып та қойдық. Бұрын балалық дегенімізбен, уақыт өте екеуімізде де шын сезім екеніне көзіміз жетті. Архат «қосылайық та, Астанаға кетіп қалайық. Бәрібір бізге ешкім той жасап бермейді» дейді. Оған мен қорқақтай беремін. Барлық туысқанға қолды бір-ақ сілтеп кетіп қалу дұрыс емес секілді. Бірақ Архаттан басқа адамды сүйе алмасымды, даже тұрмысқа шыға алмасымды ұқтым. Онсыз өмірімді елесте алмаймын. Онсыз өмірімнің мәні де, сәні де қалмағандай. Қысқасын айтқанда, мен оны ойламаған күн де, түн де жоқ. Қай күні осының бәрінен шаршап кетіп, паркке барып сағынып отырсам, ол да келіп тұр. Бір бірімізге мүлдем хабарласпастан, осылай тауып алу жиі кездесіп тұрады. Арасында көңілімді бөлейін деп басқа жігіттермен де араласып көрдім. Бірақ аңсарым Архатқа ауады да тұрады. Не істесем болады?
Айжан, Алматы қаласы