Бойжеткен қыздың тұсауын кескендер қызу талқыға түсті (видео)
Ақ матаның үстінде аяғын басқан бойжеткеннің бұл әрекеті желі қолданушыларының бірден назарын аударды, деп хабарлайды Экспресс К.
Есейіп қалған қыздың тұсауын кескен бейнежазба Іnstagram-дағы Аnagakepek парақшасында жарияланды. Видеода ақ матаның үстінде бойжеткеннің тікесінен тұрғанын көруге болады. Екі жағында орамал таққан келіншек бар. Бірі аяғына ала жіп байласа, екіншісі сөзбен демеп тұр. Мұнан кейін әлгі қыз адымдап ақ матаның бергі басында тұрған таспихты алады.
"Қандай салт?" деген атаумен жарияланған бейнежазба бірден желі қолданушыларының назарына түсті. Олар аталған ырымға қатысты түрлі жазбаларын жазуда.
"Адам көп сүрініп, құлай берсе, жолы болмаса, осылай тұсауын қайта кеседі". "Күйеуге шықпай, отырып қалған қыздарға жасалады". "Бала кезінде тұсауы кесілмей, енді жасап жатқан шығар". "Бұл қандай ырым? Өмірімде көрмеппін", — деген түрлі пікірлерін жазған желі қолданушылары.
Еске салайық, ЭК бұған дейін ел естімеген бірнеше ырымдар туралы жазған болатын.