Бойында "жыны бар" әйелмін...
Құрметті «Алаш айнасы» интернет-газетінің ұжымы. Сіздердің сайттарыңыздағы «Отбасы – ошақ қасы» айдарына жұртшылыққа үлгі болар біраз жайттар жарияланып жатыр ғой. Осыған орай мен де өз басымнан өткен мына бір жайтты жолдап отырмын. Егер көңілдеріңізден шығып жатса жарияларсыздар.
Біздің қазақта «алғаның жақсы болса алтынмен тең» деген нақыл бар ғой. Нақ осы сөзге қараймын да кейде қарадай ұяламын. Бірден айтайын, мен өте адуында адаммын. Күйеуім бір сөз айтты ма, оның сөздері үнемі дұрыс еместей көрініп бетін дереу тойтарып тастап отырамын. Бір ғана күйеуіме қатысты емес, қазірде бүкіл ауыл, жақын туыс, дос-жаран мені бойында «жыны бар» әйел деп атап кетті. Бір қарағанда мінезім ашық-жарқын, қолда барды бөліп беруге аянбайтын, елгезек адам тәрізді көрінетінім де рас. Мен көңілді отырған күні мұның барлығын жасаймын. Ал енді ашуланғандағы мінезімді көрген адам менен сол сәтте-ақ безіп кетері анық. Бір жағынан кейде ер-азаматымның 18 жыл бойы маған шыдап жүргеніне таң қаламын. Неше жылдың жүзі болды, төрт баланың анасы болсам да бойымдағы осы бір мінезден арыла алмай жүргеніме қынжыламын.
Қыз кезінде бәрі жақсы...
«Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады» дейтін де біздің қазақ қой. Мен қыз кезімде талдырмаш, қараторының әдемісі, сәл ер мінезділеу болып өстім. Көп баланың арасында өскендіктен бе, көбіне елеусіз қала беретінмін. Алдыңғы әпкелерім су жаңа киім киіп жатса мен алты қыздан кейін жетінші болғандықтан маған көбінесе әпкелерімнің ескі-құсқысы бұйыратын. Мектеп қабырғасында да анағұрлым белсенділік таныта алмадым. Әке-шешем ептеп-септеп үйдегі жеті қыз, екі ұлға шамалы мамандық оқыта алды. Қарапайым ғана отбасы болсақ та ата-анам біздерді орта мектепті бітірген соң нан тауып жей алатындай дәрежеде оқытты. Менің еншіме медбике мамандығын игеру бұйырып тұр екен. Мектепті тәмамдаған соң үш жыл оқып бұл мамандықты игеріп, ауылға келіп бір жыл жұмысымды істеп елге «үлгілі қыз» атанып тұрмысқа шықтым. Дегенмен, сырт көзді қызықтырып қанша жерден «үлгілі қыз» атанып жүрсем де, үйдің ішінде өз мінезімді ашық көрсетіп, әке-шешеме де ара-тұра қарсылық білдіріп қоятын едім. Бір күні менің қатты ашуланғанымды көрген шешем «мына мінезіңді өзгертпесең, күйеуге шыққанда өзіңе қиын болады» дегенді де айтып салды. Ол кездері бұл сөздің астарына аса мән бермедім. Ал қазір осы шалт мінезімнің салдарынан талай бармақ тістегенімді ойласам, мені шынымен де «жын қаққан ба» деп те ойланамын.
Адуынды мінезге, салмақты адам сыйға берілгендей...
Менің күйеуім салмақты әрі жомарт адам. Осыған қарап кейбір құрбыларым «сендей адуынға, мынадай азаматтың кездескенін қарасаңшы» деп те айтып қалып жатады. Олардың кейбірінен осы бір ауыз сөздері үшін де сырт айналып кеттім. Кей кезде туыстарым да «жібі түзу» деген ер-азаматтымды жұлып жеп тұрғанымды көріп «ұят-ай» деп маған реніш білдіреді. Тіпті туған әпкелерім де «кеңпейіл адам ғана саған төзе алады, ұрыс-керіс бола қалған жағдайда, сенің күйеуің әліптің артын бағуға даяр» деп менің сөздерімді жоққа шығарып отырады. Бұл жерде менікін дұрыс деп жатқан бір адам жоқ.
Мен жалпы, шайпау мінезді, шаптыққан әйелдер салмақты, салиқалы еркекті ез етіп, табанына салып таптауға дейін баратынын білемін. Бірақ неге екенін қайдам ашуланған сәттерде өзімді ұстауды білмеймін. Тіпті көпшіліктің көзінше де күйеуімді жерден алып жерге салуым әбден мүмкін. Бірде тойға барғанбыз. Көңілін сәл серпілткісі келді ме, күйеуім сол той басталғаннан көңілді жүрді (Ол арақ-шарап атаулыны мүлде татып алмайды). Оның жарқын-жарқын даусы шыққан сайын менің қабағым түйіле берді. Ол көптен көрмеген туыстарын көріп арқа-жарқа болып отырған еді. Алыстан келген қарындасымен билеп топтың ортасына шыққанда менің де шыдамымның шегі жетті. Дереу бардым да, елдің көзінше жадырап жүрген оны шақырып алып, біраз «сілкілеп» алып «үйге қайтамыз» дедім. Ондай сәттерде күйеуім маған шаптығып, қарсы шығып, тайталасып жатпайды. Олай етсе жағдайдың одан әрі ушығатынын ол жақсы біледі. Содан үндемей ғана той басталмай жатып ол менімен қоса үйге қайтты.
Жалпы, бізде мұндай жағдайлар көптеп кездеседі. Түкке тұрмайтын дүниелерге бола «ұрыс ашып жіберу» мен үшін түк емес. Қазақта «бір күнгі ұрыс қырық күнгі берекені кетіреді» дейді ғой. Соны түсініп тұрсам да неге екенін қайдам өзімді-өзім ұстай алмаймын. Қолыма не түссе соны лақтырып, айғай-шуға басып, былапыт сөздерді айтып жатқанымды көріп біздің үйден көршілеріміз де іргені аулақ салған. Балаларымның да қабақтары үнемі салыңқы. Тіпті үлкен ұлым «бұл үйге келгім келмейді» деп көбіне нағашы әжесінің үйін жағалап жүреді. Туыстарыма да «шешең тағы жынданып жатыр ма» деген сөзді айтып балаларымды тамақтандыра салу үйреншікті жағдайға айналып кеткен. Шынымды айтсам, мұндайда неге көңілім толмайтын да өзім түсінбеймін. Түзелгім келеді, басқалар тәрізді жайраңдап күліп жүргім келеді. Бірақ қалай әрекеттенсем де болар емес.
Үлгілі әйел болғым келеді...
Ақиқатын айтсам, менің үлгілі әйел болғым келеді. Мұны жан-тәніммен қалаймын. Құрбымның кеңесімен психологиялық жазбаларды оқимын. Бірақ сырт пішінімді жөндеп, кішкене дұрыстау сөйлей бастаймын да, ол әрі кетсе бір күнге яки жарты күнге созылады. Одан кейін бұрынғы әдетіме қайта басамын. Мен осы мінезімнен жұмыстан да шығып қалдым. Қазір үйде отырған сайын жүйкем де жұқарып барады. Бұрынғыдан да күйгелек болып кеттім. Күйеуіме ғана емес балаларыма да жиі тілім тиіп кететін болып жүр. Тіпті бұрынғы сымбатым да бұзылып, түр-сипатым да өзгерген. Мені қазір ешкім де қырыққа енді келген әйел деп айтпайды. «Қырыққа келген әйел гүлдеп, жасара түседі» деуші еді. Мен керісінше, өз жүйкемді өзім құртып болмашыға шаршап-шалдығып жүрмін. Өткенде бір психологтың кеңесіне жүгіндім. Оның айтқан кеңестерін сіздердің де жадыларыңызда болсын, – деп ашып көрсетуді жөн көріп отырмын. Психолог айтады:
• Оңаша қалғанда жаман нәрселерді ойлауға болмайды. Оңашада жылау, жалғыз қалғанда көңіліңіз кектенген нәрселерді ойлау жүйкеге аса салмақ түсіреді. Бұдан тіпті адам жынданып та кетуі мүмкін. Оңаша қалғанда тек жақсы дүниелерді ойлау керек (Ал мен үнемі осылай істеймін. Көбіне оңаша қалуды қалап тұрамын. Содан үйде жалғыз қалған сәтте түрлі дүниелер есіме түсіп өзімнен-өзім айғайлап жылап аламын).
• Үнемі кектеніп жүру, жүйкеге тыныштық бермеу қатерлі дертке шалдығуға апарып соқтырады. Ауру жаман ойлардың, қара ниеттің салдарынан пайда болады (Менің қазір ауырмайтын жерім жоқ. Басым екі күннің бірінде ауырады. Кейде тіпті түні бойы ұйықтамаймын).
• Әрбір әйел адам «дұрыс еркек жоқ» деген ойдан миын арашалауы керек. Бірін-бірі түсіне алса дұрыс еркек те бар, дұрыс әйел де бар.
Міне, мен бүгін басымнан өткен жайттарды қағаз бетіне түсірдім. Негізінде, писхологтардың айтуынша, менің мінезімнің бұлай болуына бірден-бір себепкер болған дүние: бала күнімде мені ата-анамның еркекшора етіп тәрбиелеуі осыған әкеліп соқтырған. Мен өмірге келетін кезде әкем «өмірге ұл бала келеді» деп күткен екен. Мен қыз болып туған соң артымнан «ұл ерсін» деп мені еркекше киіндіріп, ер балалармен күрестіріп, солармен төбелестіріп өсірген ғой. Рас, менің артымнан екі ұл ерді. Ал бірақ мен бала кезімнен бойыма сіңген сол тәрбиеден қазір үлгілі әйел бола алмай жүрмін. Еркекшора мінезімнің арқасында ағайынға да, дос-туысқа да, бала-шағама да қадірім қалмай барады. Сондықтан айтарым, бала кезінен ұлды ұл, қызды қыз етіп тәрбиелеудің маңызы бар екенін үнемі ескеріп отырайықшы дегім келеді. Әсіресе қыздарымызға жастайынан «сен жат жұрттықсың, қыз баласың, болашақ анасың» деген тәрбиені сіңіре білудің үлкен міндет екенін мына мен қазір жақсы түсініп жүрмін.