Бізді СПИД "қылған" кім?..
Мен Алматыдағы Көк базарда сауда жасаймын. Кореядан киім-кешек алып келіп, сатамын. Сүйіп қосылған жан жолдасыммен отасқанымызға 15 жылдың жүзі боп қалды. Бір баламыз бар. Ол қазір мектепке барады. Алайда одан кейін балалы бола алмай, уақыт сырғып өте берді. Күндердің күні бұл мәселемен түбегейлі түрде шұғылдануға бел шешіп, оған күйеуімді көндіріп, елден естіген аты дардай ақылы емханаға бардық. Түрлі сараптамалардан өттік. Сараптама қорытындысын білуге мен өзім бардым. Күйеуім базарда сауда-саттыққа бас-көз боп қалды. Гинеколог-дәрігер – егде тартқан еврей әйелі әңгімені суыртпақтап алыстан бастады. Әрине, ішім бірдемені сезді. "Мұндай қазір адамның барлығының басында болады, ол емделетін ауру түрі" деп компьютерін ақтарған ол көз қырымен менің жүзімді барлап қояды. Адам ойы жүйрік емес пе? "Масқара, мынау жатыр ісігіне шалдыққансыз дегелі отыр ма" деп қоямын іштей. Өз-өзім топшылаған сорақы диагноз осы болды. Бірақ, шынтуайтындағысы одан да асып түсті (қазір айтуға оңай ғой, ол кездегі халімді тілмен жеткізе алмаймын). Компьютер экранынан дәрігер бір науқастарды көрсетті. "Міне, дұрыс күтім болса, барлығы жазылады" деп қояды. Астындағы СПИД деген жазуға көзім түсіп кетті, бірақ онда да оның маған қатысы жоқтай бажырайып дәрігерге қарап отырмын. "Диагнозыңызды білдіңіз, қатты қорқып едім, енді оны жұбайыңызға қалай естіртеміз" демесі бар ма әлгінің.
– Мен түкке түсінгенім жоқ, қандай диагноз, – деп дүңк еттім.
Дәрігер де бағанағы тірлігінің барлығы бекер екенін түсінгендей, алдындағы парақшаларды ақтарып, түсін суыта басын төмен қаратып: "Сіз СПИД-сіз" деді.
– Қалай сонда? (аузыма түскен сөз осы болды, бірақ еш сеніп тұрғаным жоқ).
– Сараптамалар солай дейді. Ол әртүрлі жолмен жұғады ғой. Жұқтырғансыз деді.
– Күйеуім ше?
– Күйеуіңіз де...
Осыдан кейін миыма бірнәрсе жеткендей болды.
– Балам ше? Балам қалай сонда?, – деп сұрадым дәрігерден.
– Оның сараптамасын өткізген жоқсыздар, сондықтан ештеңе айта алмаймын деді ол. Есікке жалп беріп, үйге қарай тұра ұмтылдым. Өң жоқ, түс жоқ үйге жеттім. Сонда барып, қызымның мектепте екені есіме бір-ақ түсті. Мектепке қарай құстай ұштым. Кері таксимен әлгі емханаға қайта жеттік. Ол арадағылар қызымның сараптамасының қорытындысы ертең шығатынын айтты. Сөйтіп қызым екеуміз үйге оралдық. Үн-түнсізбін. Күйеуіме ештеңе айтқан жоқпын. Бірдеме айтатын менде күй де болмады. Ауыр ой өне-бойымды құрсап, сырттан аластатты. Төсекке сұлқ түсіп, содан қозғалмадым...
Ертеңінде қызым бұл науқасқа шалдықпағанын естім, жүрегімнен ауыр тас түскендей болды. Аналық сезім деген осы шығар. Ең алдымен, мен балама қатты алаңдадым. Осыдан кейін барып екеуміз туралы ойлай бастадым. "Ойбай, ерте кетсек бұл өмірден қызым сорлап жетім қалады" деген ой қайтадан мазамды қашырды. Солқылдап қатты жыладым. Ол таңертең базарға кетіп қалған. Бір уақытта күйеуімді жек көріп кеттім. Өйткені дәрігер СПИД-ті жұқтырғансың деді ғой. Демек, күйеуім оны маған жұқтырған. Қаным басыма бір-ақ шапшыды. Қалта телефонымнан оған қоңырау шалып, дереу үйге келуін бұйырдым. Ызаланып, қатты айттым. Ол шошып кетті. Бірнәрсе болғанын сезген. Үйге имене енді. Қос қолымды сермеп, оны тоқпақтай жөнелдім: "Ит неме, сен не істедің? Сорлаттың ғой бізді, қызым жетім қалатын болды ғой..." Айтып жатырмын, айтып жатырмын. Күйеуім аң-таң күйде, ештеңе түсінбейді. Бір уақытта СПИД екенімізді, оны жұқтырған сенсің деп салдым. Бұған не сенерін, не сенбесін, не күлерін, не жыларын білмеген күйдегі ол бір уақытта ашуға булығып: "Сен не оттап тұрсың" деп жағамнан алды. Мен дәрігердің қағазын көрсеттім. Жұқтырған сенсің деп бажылдап қоймаймын. Сол кезде "Сезікті бірінші секіреді деген, қатын бұл сенен, сенен" деп күйеуім енді менен күдіктеніп, шашыма жабысты.
Не болғанын білмеймін, үйдің іші астан-кестен, ыдыс-аяқ, тағысын тағы қираған, еден қан-қан... Басым жарылыпты, содан естен танып қалған сияқтымын, сыртқы есік ашық жатыр, күйеуім жоқ.
Содан ол бірнеше күннен соң оралды. "Кінәліні іздеп жүрген шығар, сорлы" деп ойладым іштей ол жоқ болған күндері. Ол келгенде менде басқаша өмір басталған. Әлгі аты жаман ауру жұғып кете ме деген қорқыныштан қызыма жақындай да алмай қалғам. Ол еркелеп менің мойныма оралса, итеріп тастаймын. Тамақ беретін ыдыстарын мың қайтара сабындап жуамын. Пәтердің сыртқы есігін де, самалдықты да қайта-қайта ашып, желдетемін. Өзім ұстаған заттарға қызым жоламаса екен деймін. Тіпті, оны ауылдағы апасына апарып тастау туралы да ойлай бастадым. Әйтеуір көп ұзамай өлеміз, онда да қиналарымыз анық, мұның барлығын қызым көрмеуі тиіс әрі апасына да бой үйрете берсін деген ой мені жеңе бастаған. Тыз еткен дауыс селт еткізді. Есікті ашсам, күйеуім тұр. Шашы ұйпа-тұйпа, арып-ашыған. Әбден ішкен сияқты. Үндемедім. Үнсіздікті алдымен ол бұзды. "Не істейміз? Мынау қиын екен, ішіп, удай мас болсам да біреуге СПИД-пін деп айта алмадым, мұнымен қалай өмір сүреміз? Өлтіретін жер болса, сол араға бару керек шығар маған. Іріп-шіріп өлгенше, одан да қазір өле қалайын..."
– Дәрігер күйеуіңмен бірге кел деген. Жүр сол жаққа барып келейік.
Ол үнсіз келісті. Еврей әйел бізді құрақ ұша қарсы алды.
– Біздің емхана ауруларыңыз туралы мәліметті құпия ұстайды. Ол жағына алаң болмаңыздар. Дәрілер, әрине қымбат, бірақ әсері тиімді. Оны арнайы тапсырыспен алдыртамыз. Екі аптада бір келіп, дәрілеріңізді алып тұрасыздар. Бұлайша өмір сүріп жатқан әлемде жұп көп. Қатты ойланып, өз-өздеріңізді тоздырмаңыздар...
Дәрігердің бұл айтқандарына малданғандай болдық. Өз-өзімізді сабырға шақырдық. Бірақ бұрынғыдай емеспіз. Қатты өзгеріп кеттік. Қонаққа мүлде бармаймыз. Сауданың басы-қасындамыз. Өйткені ақша ауадай қажет. Екі аптада 500 мың теңгеге барып, дәрі аламыз. Сөйтіп жүргенде бір күні базарда күйеуім серейіп сұлап түсті. "Ойбай, ажал кеп қалды" деп ойладым. Қасымдағылар "Жедел жәрдем" көлігін шақырды. Развилкадағы облыстық ауруханаға алып барды. Сыртта күтіп жүрмін. Бір уақытта медбике қыздардан күйеуімнің жайын сұрай бастадым. Біреуі аты-жөнін сұрастырып, кері жөнелген. Тез қайтып келді. Сізді дәрігер шақырып жатыр деді. Кабинетке кірдім. Дәрігер ер адам екен.
– Сіз әйелісіз бе, – деді алдында жазып отырған қағаздан көзін алмай.
– Иә...
– Күйеуіңізді мынандай күйге неге түсіргенсіз, қанша күн болған нәр татпағалы?.. Тамақ ішпегендіктен ағзасы әбден әлсіреген...
– ...
– Не істейсіз?
– Базарда сауда жасаймыз...
– Ол жерде тамақ ішетін орын жоқ па, әлде ақшаларыңыз жоқ па деді ол ашулана маған бетін бұрып. Сол кезде орындыққа сылқ ете отыра кеткен мен солқылдап қоя бердім. "Осы ауру жабысқалы күніміз күн емес, түніміз түн емес, ішкеніміз ірің, жегеніміз желім..." деп зарлап қоя бердім. "Енді мұның емі бар ғой, емделу керек" дейді ол. "Емделмейді ғой, мәселе сонда" деймін. "Сіз алаң болмаңыз, біз оны емдеп бір-ақ шығарамыз" деді дәрігер мені сабырға шақырып. Сол кезде мен де: "СПИД емделмейді ғой, оны емдей аламын дейсіз бе" деп турасын айттым.
– Мұны қайдан шығарып алғансыз, -деді ол. Содан барлығын басынан баяндауға тура келді. Сөзімді жақсылап тыңдаған ол күйеуімде ешқандай СПИД жоқ екенін, ондай ауру түрі болса, қан сараптамасынан бірден шығатынын, сондықтан біздің алданғанымызды айтты. Мен бұған сенбедім. "Қайтадан қанын тексеріңіздерші онда" деп жалындым. Бұған қатты ренжіген аға-дәрігер "бұл ара қайта-қайта сараптама жасап, ойнайтын жер емес" деп өзіме ұрсып салды.
Содан кері үйге қайттым. Жүрегім тулап барады. Шынымен СПИД емес шығармыз деп қоямын іштей. Бірақ сонда да тексеру керек алдымен деп ойладым. Ертеңінде таңертең Көк базарға жақын қан тексеретін жерге барып, қанымды СПИД-ке арнайы тексерту үшін тапсырдым. Қорытындысы түсте шығады деді. Түсте келсем, бір қыз аты-жөнімді сұрап, соған сәйкес бір парақты қолыма ұстатты. Онда қою көк сиямен «отрицательный» деп жазылып тұр. Өз көзіме өзім сенбеймін. Әлгі қызға қайтадан жақындап, мұның нені білдіретінін сұрадым. Ол: "Апай бұл Сіз СПИД емессіз деген сөз" деді мені жаратпай. Бұл мәліметтің қаншалықты мен үшін маңызды екенін, ол қайдан білсін. Құдай-ай, алдымнан қазір ата жауым шықса да бетінен сүйіп, аспанға көтерер едім. Бірден күйеуіме телефон шалдым. Ол да мәз-мәйрам. Сөйтсе анадағы дәрігер маған айтқанды оған да айтыпты. Ақыры бұл сенбеген соң қан сараптамаларын өзіне көрсетіп, тазасың депті.
Үйге келіп қызымның мектептен оралғанын асыға күттім. Оны құшырлана өбіп, құшақтамағалы қашан?.. Жаз-жайдарман күндерімізді қатты сағынып қалыппын. Күйеуім асқазанын емдетіп, ауруханадан шықты. Екеуміз әлгі ақылы емханаға бардық. Бірақ жер сипап қалдық. Еврей әйел бірер күн бұрын жұмыстан шығып кетіпті. Біз өз басымыздан өткенімізді айтып, емхана басшысына кірдік. Ол бұл қалыпты жайт секілді бізді суық тыңдады. Бізді моральдық шығын сұрап келіп тұр деген болуы керек. Бірақ ондай бізде ой болған жоқ, тек әлгі әйел-дәрігерді тауып, жазасын берсе, емханасында не боп жатыр, соны білсе дегеніміз ғой. "Біз ешқандай моральдық шығын өтей алмаймыз. Кететін дәрігер кетті, біз оған жауап бермейміз" деп емхана басшысы кесіп айтты. Күйеуім мұндайда полицияға шағымданған дұрыс шығар деді маған сол арада. Полиция дегенді құлағы шалған емхана басшысы біздің кідіре тұруымызды өтінді. Сөйтіп "бала көтере алмай жүр екенсіздер ғой, емдеу жағына кепілдік бере алмаймын, бірақ барлық сараптамаларыңызды бізден тегін өтулеріңізге болады" деді. Оған біз үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, енді бұл емхана есігін қайтадан аттап баспайтынымызды айттық. Баяғы қазақбайшалап «осы емханасымен, әлгі дәрігерімен бірге бәрі кетсін, енді оларды бізге Құдай көрсетпесін, Құдай жазасын өзі береді» дедік.
Ал полицияға бара алмадық. Өйткені СПИД дегенді естісе болды, елдің барлығы сөз түбіне жетпей, нешеме түрлі өсек-аяң тарата бастайды ғой. Ол қызымызға зиян боп тиіп жүрмей ме деп ойладық. Сөйтіп жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырдық. Біздің қолымыздан бар келгені, осы ғана. Міне, осы жантүршігерлік жайт – біздің қоғамның қаншалықты былыққа батқанының, ақшаның құлына айналғанының көрсеткіші. Сау адамды ауру етіп, одан ақша сауған біздің басымыздағы бұл бір жайт емес шығар. Бәрінен бұрын, осындай масқараға ет үйреніп, соншалықты адамдықтан кетіп, біздің азып-тозып бара жатқандығымыз мені қатты қорқытады. Онда да мен баяғы балам үшін қорқамын...
Последние статьи автора