Басқаға «жаным, сені ұмыта алмай жүрмін" деген әйелімді қалай кешірем...
Әйелін қызғанбаған еркек – еркек емес. Мұны мен емес, кезінде үлкен ғұламалардың өзі де айтып кеткен. Бірақ қызғаныштың да орынды болғаны дұрыс-ау. Дегенмен мен бұл ретте тым артық кетіп қалатын секілдімін. Алайда бұған әйелімнің өзі кінәлі, өзі басында «повод» беріп қойды. Енді осы қызғаншақтық мінезімді қоя алмай жүрмін. Тіпті әдетке айналып кеткен секілді. Менің бұл қылығым қаншалықты орынды екенін білу үшін «Алаш айнасына» жан сырымды ақтарғым келді. Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз маған өте қажет болып жатыр, құрметті оқырман. Сондықтан ой бөлісулеріңізді сұраймын.
Менің үйленгеніме үш жылдан асты. Алланың нәсіп етуімен ұлды да болдық. Қуанышымда шек жоқ. Жұмыстан шыға сала дереу үйге қарай асығамын. Себебі, балапаным күнде кешкісін мен есікті ашқаннан «папа» деп құшақтап алады. Оның қылығына тоймай, мейірленіп сүйе бергім келеді.
Бірақ үйге қарай асығуымның екінші бір себебі, үйге кетіп бара жатып басыма неше түрлі жаман ойлар келеді. Құдды бір әйелім менің көзіме шөп салып жатқандай, қазір үйге кіріп қалғанда, екеуін ұстап алатын секілді жаман ойлар мазалап тұрады. Осындай жағымсыз ойлардан көңіл күйім түсіп, үйге жабырқап кіремін. Алайда баламды құшақтап сүйгенде, бәрін ұмытып кетемін.
Жалпы әйелімді қызғану неден басталды? Біріншіден, мен әйелімнің пәктігін алған жоқпын. Онымен кездесіп жүргенде мен оған тиген емеспін, себебі, мүмкін басқа қызды қалап қалсам, оның көз жасына қалып қалмайын деп өзімді-өзім ұстап жүретінмін. Кейін уақыт өте келе, бірте-бірте оған бауыр баса бастағанда, оған деген сезімім ұлғая түсті. Ақырында үйдегілер «үйлен» деп қоймаған соң, бұлай жүре бергенім жөн болмас деп, жүріп жүрген қызыма үйлену туралы ойымды айттым. Ол алғашында қарсы шықты, неге екенін мен басында түсінбедім. Кейін оңаша шақырып ашық сөйлескенде, ол маған бар шындығын айтып берді. Менің алдымда оны басқа жігіт алдап кеткенін, қыз емес екендігін жеткізді. Ол маған тимей жатып, шындықты айтқаны үшін, мәселенің бетін ашып алғаны үшін, оған риза болдым. Себебі, біздің Оңтүстікте баташар тойы өткеннен кейін, ерлі-зайыптылар алғаш қосылғанда, жеңгелер қыздың пәктігіне куәлік беру дәстүрі бар. Егер қыз таза шықпаса, оның арты дауға ұласып, жас келінді қайтарып жіберуге дейін барады. Мен өз басым, осы дәстүрді дұрыс деп есептеймін. Себебі, ұрпақ тазалығы – ең маңызды міндет. Енді біреудің тұнығын басқа біреу лайлап кетсе ол кімге жақсы дейсің? Дегенмен ол маған жылап тұрып шындығын айтқаны үшін, осыдан соң саған үйленуге қарсы болдым дегеннен кейін, оны жылатып тастағым келмеді. Оған дәтім шыдамады. Оның үстіне, несін жасырайын қатты сүйдім, болашағымды сонымен ғана елестетіп қойдым. Ары ойланып, бері ойланып, оған кешіріммен қарап, алатын болып шештім. Үйдегілердің бәріне «мен жас бала емеспін, оның пәктігін өзім алып қойғам, тексермей-ақ қойыңдар» дедім. Сонымен екеуміз үйлендік, екі-үш ай ата-анаммен бірге тұрып, бөлек шығуды ұйғардық. Себебі, оның да, менің де жұмысым қалада болды. Басында менде оған деген күдік жоқ болатын. Бірақ бір емес, екі емес, күнде кешкісін телефонын құшақтап сыртқа шығып кете беретін болды. «Е-е-е, ата-анасымен сөйлесетін шығар, менің көзімше ыңғайсызданатын болар» деп елемей жүрдім. Бір күні темекі тартайын деп далаға шығып қалсам, «Жаным, мен сені сүйемін, сені ұмыта алмай жүрмін, сені ұмыту үшін басқаға үйленсем де, саған деген сезімім басылар емес» деп телефонда «ұрып» отыр. Естімеген адам секілді қасынан өтіп кетіп едім, дереу телефонын қоя салды. Осыдан кейін тыныш ұйықтай алмайтын болдым, түнімен басыма неше түрлі жаман ойлар келіп, шашым ағара бастады. Айтайын десем, нақты ұстап алмаған соң, ол бәрібір мойындамайтынын білдім. Мүмкін мен қате естіген шығармын деп өзімді өзім жұбатып қоямын. Бірақ ана сөз құлағымнан еш кетпей қойды. Содан бастап әйелімді аңдитын болдым. Ұялы телефонын күнде тексеремін, кімге қоңырау шалды, кімнен смс келді, егер біреуден хабарландыру келсе, дереу телефонын бірінші алуға тырысамын. Өстіп жүріп бір күні электронды поштасын ақтардым, «подружкасымен» жазысқан смс-терін оқыдым. «Мен оны сүйемін, оны ұмыту үшін басқа күйеуге тисем де, есімнен кетер емес. Қазіргі күйеуім ол сияқты бола алмайды. Оған деген сезімім тым күшті» деп жазғанын көрдім. Ананы оқып, қаным басыма шапты. Тіпті әйелімді сөзге келместен, бауыздап өлтіріп тастағым келді. Тіпті әйеліме әңгімені неден бастарымды білмеймін. Ашудан дірілдеп, дүкеннен бір шиша арақ сатып алдым. Ешкімге айтпай, үйде қамығып арақты іше бердім. Әйелім жұмыстан үйге кіргенде сұсты болып тұрған түрімді көріп қатты қорқып кетті. Ештеме айтпастан, «мынауың не?» дедім. Әйелім ақталған жоқ, тек жылап отырды. Ашумен ішкен арақ адамды жынды қылып жібереді екен. Мастықпен не айтып, не қойғанымды білмеймін. Бір қарасам, үйде жалғыз жатырмын, әйелім жоқ, үйдің бәрі шашылған, арақтың бөтелкесі, тәрелке, кеселер сынған, басым мең-зең. Көршілерім үйге келіп, «сен ішіп алсаң, жынды екенсің ғой, әйеліңді пышақпен қуып жүрсің» дейді. Бір кезде есімді жиып, досымды үйге шақырып, әйеліме телефон шалсам, соткасы өшірулі тұр. Сосын досым әйелімнің туысының үйіне барып, оны қайта үйге алып келді. Ештеме айтпадым, тек ажырасқым келді. Бұдан кейін онымен бірге тұру мүмкін еместей сезіндім. «Мен саған ренжімеймін, артық кетіп қалсам, мені кешір, екеуміз айрылысамыз, мен бұлай өмір сүре алмаймын» дедім. Ол жылап кешірім сұрады, енді қайталамайтынын айтты. Барынша ақталды. Бірақ оның ішінде менің балам барын ұғып, қайта ойландым. Ақылға салдым. Әрине, өте қиын. Ішім қан жылайды. Бірақ тағы да кешірдім.
Мүмкін мені әлсіз, сорлы деп ойлайтын шығарсыздар. Дегенмен мұндай жағдайда не істеу керек, мен білмеймін. Себебі мұндай жағдай басымнан өмірі өтіп көрмеген болатын. Достарыма да айтуға ұяламын. Тек іштей налимын. Жатсам да, тұрсам да сол бәле есіме түсіп, бақытты отбасы болуға деген арманым су сепкендей басылып қалады. Жүрегім ауырады. Осыдан кейін әйеліме деген қызғанышым одан сайын артып кетті. Сәл бірдеңе болса, бір жігітпен сөйлесіп қойса, тіпті біреуге күліп қараса да, қабағыма бірден қар жауып кетеді. Тіпті осы қызғаныштың кесірінен «сен менің әйеліме неге күліп қарайсың?!» деп туыс інімді де сабап тастадым. Әлі күнге дейін осы ісі жаныма қатты батып жүр. Ұмыта алмаймын. Енді не істеуім керек, баламды қимаймын. Бірақ қызғаншақтығым қазір әдетке айналып бара жатқандай. Тым қатты қызғана беру де жақсылыққа апармайтынын жақсы түсінемін. Дегенмен ойыма сол бір ісі келеді де тұрады. Үйге кіріп келе жатсам да, құдды бір соны басқа біреумен ұстап алатын секілді болып тұрамын. Бұл аурудан қайтып құтылуға болады? Әлде, бәрін тастап, өмірді қайта бастауым керек пе? Не ақыл қосасыздар, ойлы оқырман?!.
Автор: Асқарбек, ОҚО