Бәрі бар, бірақ тоқалмын...
«Жүре берсең көре бересің» демекші өмір сапарында нешетүрлі тағдырларға жолығасың. Біреуіне қызықсаң, біреуіне жаның ашиды. Жуырда Бурабайға барып демалудың сәті түсті. Сонда кісі біткеннің көзіне сүйкімі артқан Жансұлу атты келіншекпен таныстым. Ашық жарқын, кез-келген адамды мінезімен баурап алатын адам екен. Ә дегеннен әңгімеміз жарасып жүре берді. Жатсынбай бірден бар өмір жолын ақтарып тастады. Менің жазғыш екенімді білсе де тартынбады. «Расында жазшы, кейде өзің туралы біреудің пікірін есту де қызық қой» деді. Жансұлудың жан сыры мынау...
 
«Өзің көріп тұрғандай тұла бойым тұнық энергиядан тұра ма, білмейм, мені көрген адам бірден бауыр басып кетеді. Оған мінезімнің де қосар үлесі қомақты. Мектепте де, университетте де жігіт біткен менің соңымда болатын. Бір көргеннен-ақ жүрегін ала жүгіретін жігіт тер әбден мезі етіп бітеді-ақ. Кейде үйден шыққым келмейтін кездерім көп болатын. Өйткені көшеге шықсам көздің бәрі маған қадалады. Кейде қадалған көздердің әсері де ме ауырып та қаламын. Ондайда әжем үшкіріп, түшкіріп, киіміме ілмек тағып береді.
Қойшы, содан әйтеуір оқудың ортасына келгенде Бекен есімді жігіттің етегінен ұстадым. Көз көрім көркі болмаса да, айтарлықтай алып денелі алпамса жігіт еді. Негізі еркек деген маймылдан сәл ғана әдемірек болса болды дейді ғой. Мінезі де ұнайтын. Маған нағыз қамқор бола алатын адам сол ғана сияқты болды да тұрды.
Оның мен дегенде шығарда жаны бөлек. Жаным, жаным деп асты-үстіме түскенде кейде айналадағы адамдардан ұялып кетем. Жігіттерді соңынан шұбыртып жүрген мені өзін таңдайды ау деп дәмеленбесе керек. Ал менің оның қолын қайтармағанымда тіптен есі шығып кетті.
Оның ата-анасының тұрмыстары онша емес, көп тарығып қалатынбыз. Бірақ соның өзіне шүкір деп отырған қарапайым жандар. Екеуміз де оқимыз. Қиналып кеткен соң Бекен қосымша жұмыс істей бастады. Әйтеуір ілдәлдап жүріп жаттық.
Ілініп салынып оқуымызды да бітірдік ау. Бас қосқанымызға үш жылға тақаса да менің аяғым ауырламады. Енемнің қабақ түйісінен ақ бұл үйге келсап бола бастағанымды сездім. Күбір сыбыр көбейді, енем шу шығаратын болды. Ол аз болғандай Бекен де көп ішетінді шығарды. Оның да бар арманы бір бала.
Әрине түсінем, менің де жаныма бататын ауыр жағдай осы екенін олар түсінбейтін сияқты. Ақыры ың-шыңсыз бір бірімізге қадірімізді кетірмейік деп мен ол босағаны тастап өзім кеттім.
Бекен бір рет болса да артымнан іздеп келмеді. Өткен өміріме қайтып қайырылудан үмітім бір жола үзілген соң мен құрбыма еріп бас қалаға аттандым. Жаңа орта, жаңа таныстар, өкінішімді тез ақ ұмытқандай болдым.
Құрбым пысық, қай жерден ақша табуға болады бәрін есептеп жаңа жағдайға тез бейімделгіш. Соның арқасында жұмысқа орналасып, қиналған жоқпыз. Жаңадан ашылған элиталы мейрамхана екен. Екеумізді де даяшылыққа алды. Түр сипатымыз да, дене тұрқымыз да ойларынан шықса керек.
Жаңа жұмысқа тез бейімделіп кеттік. Мұнда ең жақсысы қалталы адамдар келеді. Әрі шайпұл да көбірек түседі. Кейде тіпті бір мырзасымақтар қалған қомақты ақшаны да алмай кетеді. Риза боласың. Кейде біздің бір айлығымыздай болатын сомаға тапсырыс беретіндер де бар. Таң қаламыз. ақшаны қайдан тауып жатыр деп...
Қойшы сонымен не керек, күндердің күнінде мейрамханаға шыттай киінген қасқабас кісілер келді. Қыздардың пыш-пышынан аңғарғаным бірі лауазымды адам, бірі соның қонағы болар. Екеуі де қаражаяу емес. Мен қызмет еткеннен кейін екеуінің де көзі менде болды. Ащы судан сіміріңкіреп алған соң екеуі қырындай бастады. Үп-үлкен адамдар, ұят жоқ екен ғой, деп шошынғам алғашында. Бірақ кейіннен қасқабастың құшағынан табылам деп ол кезде ойламаппын.
Қыр-соңымнан қалмай қойған Қасымбай көкем ақыры мені құрығына іліндірді. Алты қыз болып пәтер жалдап тұратын ек, жеке пәтерге шығарды. Өзім де шаршап, әрі жас емеспін бе еркек құшағын аңсаңқырап жүрген кезім. Қолын қаға алмадым... Әрі жас жігіттердің қолжаулығына да айналғым келмеген.
Мен менсінбей жүрген қасқабас көкем білдей басқарманың бастығы болып шықты. Әрине, оның жасындағы адамның бойдақ болмасы белгілі. Сонда да мен оған бәйбішесінің көз жасына қалғым келмейтінімді айттым. Менің түп-тұқияныма дейін тексерсе керек, Қасекем әбден көңілі толып, айтқанымды орындады. Әйелін қалай көндіргенін білмеймін, үйіне алып барып алдынан өттік. Салиқалы адам екен. Дымы ішінде ештеңе білдірген жоқ. Қанша дегенмен әйел ғой, қызғаныштың қызыл иті ішінде ұлып жатқан шығар, сонда да сабырлық сақтады.
Заңды некеге айтпаса да тұра алмаймыз. Бірақ отбасының алдында арымыз тазалау, басын ашып алдық. Кейін шегінетін жерім жоқ, оның үстіне жүрек лүпілдетер қуанышым да бар. Бұл кезде менің аяғым ауырлап қалған. Жүрегім жарылардай, менен емес пе екен деген күмән да болатын. Бірақ қуанышты едім...
Сонымен бірінен кейін бірін екі ұлды дүниеге әкелдім. Қасекем үлде мен бүлдеге орап тастады. Құндыз ішік менің үстімде, бриллиантым тола. Жүргізуге қорқамын дегеніме қарамай көлік те әперді. Жыл сайын шетелде демаламын, елдегі қымбат орындардан да қалмаймын.
Бір қарағанда арманы жоқ адамдаймын. Бірақ менің де ішіме бүккен сырым бар. Екі отбасының ортасында жүрген ер азаматыма кейде жаным да ашиды. Жаңа жылды бізбен қарсы алса деймін. Бірақ ешуақытта да олай болған емес. Бізге сыйлығын тапсырып болған соң үлкен үйіне асығады. Ал мен оны мәңгілік қасымда байлаулы болуын аңсаймын. Осылай өмірім өтіп жатыр...»
 
 
Автор: Жангүл Көшкенбаева, Сарыағаш