Сəлеметсіздер ме?! Амалы таусылған адам не істерін білмейді екен. Мен осы уақытқа дейін басымдағы жағдайды ешкімге ашып айта бермеуші едім. Енді менде үлкен мəселе болып тұр.
Жолдасымнан кеткеніме 1 айдан асты. Отбасы болмайтынымызға көзіміз нақ жеткен соң ажырастық. Кеткенімнен көп өтпей аяғымның ауыр екенін білдім. 1 балам бар 2 жаста. Қазіргі уақытта іштегі бөпем 7 апта шамасында. Басым қатып отыр, алдыртайын десем Аллаһтың қаһарынан қорқамын. Алдыртпайын десем қазір пәтер жалдап жүрмін баламмен.
Әке-шешем о дүниелік болғандықтан өз төркініме сыймаймын, мына жағдайда тіпті. Екі баланы кейін жалғыз өзім қалай асыраймын. Қазірде жұмыстағы кей жағдайларға байланысты үйдемін. Келесі ай қайта шығамын. Бірақ ол бала-бақша ақысы, үй ақысы, тамақ, жүріп-тұру, киім-кешекті ақтамайтын айлықпен. Тағы 5-6 ай істеп декретке кетсем ары қарай не болмақ? Жөргеақы, баланың бір жасына дейін төленетін жәрдемақымен қашанғы өмір сүрерміз, ары қарай ше?
Жолдасымнан көмек болмасын білемін, алиментті дəл уақытында ала алмайтыныма көзім жетеді, содан оған сенбеймін. Бауырларымның əрқайсысының өз отбасылары, бала-шағасы бар, олардан да көмек күтпеймін.
Кеңес беріңіздерші, не істейін? Менің күйімді басынан кешіп жеңіп өткендер бар ма? Баламды алдыртқым келмейді. Бірақ қорқыныш жеңіп барады.
Жолдасыма енді қайтпайтыныма сенімдімін. Не істейін? Жылап отырып жазып отырмын.
Анам қайтқанына 1,5 жыл болды. Ол кісі болғанда қор қылмас еді.
Қазірдің өзінде нанға тиын таппай қалып жүрген күндеріміз де бар. Қайтемін?
Бұл дүниенің қиыншылығынан қашып арғы дүниеде азабын тартамын ба деп қорқамын.
Ақыл беріңіздерші.
Әсел