Балалы келіншекке ессіз ғашық болып қалдым...
Мен бойдақпын. Жасым 30-ға келді. Осы уақытқа дейін өзіме лайықты ибалы, инабатты, менің ұрпағымды өрбітіп, оларды адамгершілігі мол етіп тәрбиелей алатын жақсы жар іздеймін деп, талай рет басымды тасқа да, тауға да соқтым.
Осылайша болашақ өмірлік серігімді іздеймін деп уақытымның қалай өтіп кеткенін байқамай қалдым. Ақырында баласы бар әйелмен кездесіп жүріп, оған қалай ғашық болғанымды аңдамай қалдым. Енді өз басымнан өткен осы бір жан сырымды «Алаш айнасы» сайтында жариялауды жөн санадым. Мүмкін мұны оқыған ойлы оқырман ол әйелге үйлену-үйленбеуім туралы дұрыс ақыл-кеңес айтар деген үміттемін. Әйтпесе, оны өмірлік жар етсем бе, әлде етпесем де, әбден басым қатып кетті. Сіздер не дейсіздер, оқырман.
Адам баласы балиғат жасына толғаннан кейін, өзінің өмірлік жарын, теңін іздеуге талпынады екен. Мен де осы жар іздеуде не көрмедім десеңізші. Басымды тасқа да, тауға да соқтым. Қаншама қыздармен жүріп, біреуінің көзін ұнатпай, екіншісінің сөзін ұнатпй, үшіншісінің қылығы, төртіншісінің түрі ұнамай, ал өзім қатты ұнатқан қыздар мені менсінбей, әйтеуір неше түрлі қызықтар өтті. Өткен өміріме байыппен қарап отырсам, санамалап қарасам, осы жасыма дейін 14-15 шақты қызбен жүріппін. Біреуімен екі жыл, енді бірімен үш жыл, бір жыл, тіпті 3-4 ай, бір ай-ақ жүрген қыздарым да болды. Ол – ол ма, тіпті бір вечерде бірінші рет кездесіп, «сені сүйіп қалдым, бір көргеннен ұнаттым» деп алдап, «сындырып», аймалап кеткен қыздарым да аз болмапты. Оның бәрін есепке алатын болсам, қанша екенін тіпті ұмытып қаппын. Бірақ бір нәрсені ерекше айтып кетейін, мен жүрген қыздарымның ешқайсысын тек аймалап, сүйгеннен басқа арыға барған емеспін. Олай қыздың болашағына балта шауып, көз жасына қалғым келмейді. Яғни, пәктік алып көрмегем.
Бір күні осылай көңіл көтеріп жүріп, жаны ерекше бір қызбен таныстым. Дұрысы, дос баламның жүріп жүрген қызы «подружкасымен» таныстырды. Басында оған деген соншалықты сезім болған жоқ. Тек егер кет әрі емес болса, ерін мен ерін тигізіп, бір аймалап қалуға болатын қыз. Сонымен не керек, досым екеуміз екі қызды алып, кафеге бардық. Іштік, жедік, биледік, ойнадық-күлдік. Сосын кафе жабылған соң, басқа қалаға бала-шағасымен кетіп қалған ағамның үйіне барып, отырысымызды жалғастырдық. Тағы да іштік, мас болдық. Бір уақытта досым қызын алып, басқа бөлмеге кіріп кетті. Әлгі қызбен оңаша қалдым. Мастықтың күшімен құшақтап, аймалай бастасам, кет әрі емес. Бір кезде шешіндіріп... сонымен не керек, ақыры балқып кетіп, әлгі қызбен жатып қойдым. Бір қызығы, одан кейін ол не жылаған жоқ, не сырын да ақтармады, ертесіне түк болмағандай үйімізге тарқастық. Арада біраз уақыт өткеннен кейін досымның туған күнінде тағы кездестік. Қырсыққанда, ол кезде мен туған күнге өзімнің жүретін қызымды ертіп келгем. Бір отырыста екі қызбен бірге отыру өте қиын екен. Бірін биге шақырсаң, екіншісі көзбен атып, қызғанып тұрады. Екіншісіне ауыссаң, біріншісі тырысып қалады. Сонымен не керек, отырыстың соңында жүріп жүрген қызымды тастап, соңғы кездескен қызбен оңаша кетіп қалдым. Далада талдың астында әңгімелесіп отырғанда, ол маған бәрін айтты. Бір жігітке алданып қалғанын, одан бала көтеріп, босанғанын, содан кейін менімен кездескенін жеткізді. Бір жағынан оны аяп, екінші жағынан шындықты айтқанына риза болып, онымен жиі кездесетін болдым. Тіпті оған қатты бауыр басып, көрмесем тұра алмайтын жағдайға жеттім. Ол кішкентай екі жасар баласмымен де таныстырды. Енді сәбидің не кінәсі бар, ол періште емес пе? Бірақ ойланып қарасаң, әрине оны өз балаңдай қабылдай алмайсың, ол үшін үлкен жүрек керек. Ал ондай ерекше мейірімді жүрек менде бар деп айта алмаймын. Дегенмен ол әйелді өте қатты сүйдім. Достарым: «ол сені дуалап алған, оған жолама. Сен басың бүлінбеген, үйленбеген жігітсің. Сен қатын емес, қыз алуың керек» деп қанша ақыл айтса да, ғашығымды қимаймын. Тіпті оған деген сезімімнің күшті болғаны соншалық, сол үшін достарыммен ұрсып қалған кездерім де болды. Достарым мені күштеп молдаға да оқытқысы келді. Онымен қоймай, ғашығымды ата-анаммен, бауыр-туыстарыммен де таныстырдым. Оның бір баласы бар екенін білгенде бәрі маған қарсы шықты. Бірақ оны өте қатты сүйемін. Оның жаны өте нәзік. Оның жанына тағы да қаяу салғым келмейді. Дегенмен оны жар қылып алуға жақындарымды көндіре алмай келемін. Басым қатып кетті. Тіпті бәрін тастап, онымен оңаша басқа қалаға қашып кеткім келеді. Не істесем болады екен, ой қосып, ақыл-кеңес айтыңыздаршы, аяулы достар. Мүмкін менің басымдағы жағдай басқаның да басынан өткен шығар... Мұндай жолдан «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» қалай шығуға болады? Ақыл қосыңыздаршы, достар... Жауап күтемін!!!
Автор: Батыр, Шымкент қаласы