Байлық деп жүріп, бәрінен айырылдым...
Құрметті «Алаш айнасы» интернет порталы, сіздердің «Отбасы – ошақ қасы» айдарларыңызды оқып отырып мен де оқырманға өзімнің басымнан өткен жағдайларды жазып ой бөліссем деймін.
Жасым 38-де. Қазір жұмыссызбын. Негізгі мамандығым – заңгер. Әңгімені басынан бастасам, мен Оңтүстік жақтың қызымын. Әке-шешем орта таптан шыққан, адал еңбекпен балаларын өсірген еді. Бір отбасында екі ұл, екі қыз болдық. Обалы не керек, әкем барлығымызды оқытты. Жоғары білім берді. Әкем совхозда агроном болған еді. Өмірден кетер-кеткенше бау-бақша егіп соның жемісін көрді. Ал шешем мектепте мұғалім болды. Ол кісі де зейнет жасына шығып, бақилық болғанша бала оқытудан бір шаршамады. Алдымдағы екі ағам да, менен кейінгі сіңілім де мінездері салмақты, ойларын жинақы ұстайтын, үнемі тындырымды болды. Біздің отбасында сәнқойлау, оқудан гөрі қыдырыстауды жақсы көретін, жақсы киініп, жақсы ішінгенді ұнататын мен едім. Әкем өмірден өткен соң бізді шешем бақты. Сондайда мен жетпей жатқан жерімді түгендеп бере алмай қалатын анама ренжіп, «біз неге барлықта-байлықта өмір сүрмедік екен» деп уайымдайтынмын. Менің осы уайымым студент болғанда тіптен өршіді. Қасымдағы құрбыларымның басым бөлігі дәулетті отбасынан шыққан еді. Олардың алды үшінші-төртінші курстарда оқып жүргенде көлік міне бастады. Ал менің үстімде сол бірінші курста алып берген сұр пальто еді. Мені, группаластарым «сұр тышқан» деп те келеке етуші еді.
Уақыт сырғып өте берді. Төртінші курсқа аяқ басқан жылы мен бір кәсіпкер жігітпен таныстым. Сабаққа асығып жолшыбай такси тоқтатып тұр едім, қасыма қымбат көлік келіп тоқтады да, қайда баратынымды сұрады. Жөнімді айтып едім «отырыңыз жеткізіп салайын» дегені. Мұндай көлікке өмірімде отырып көрмеген шығармын. Үстімнен төрт жыл бойы түспеген сұр пальтомның етегін сәл-сәл жиыңқырап көліктің алдына отырдым. Жол үстінде ол кісі менің аты-жөнімді сұрап, танысып отырдық. Осы таныстықтан кейін біздің алғашқы кездесуіміз де басталды. Ол мені оқу орнына арнайы іздеп келіп кездесуге шақырды. Ақырындап біз қыз бен жігіт тәрізді кездесе бастадық. Ол маған түрлі бағалы сыйлықтар бере бастады. Мен де аянып қалмадым, осы жігіттің көңілінен шығу үшін мінезімді жібектей етіп, өзімді барынша қалыпты ұстауға тырысып бақтым. Ол біртінден мені өзінің достарымен таныстыра бастады. Барлығы өңшей ығай мен сығайдың балалары. Бизнестегі ең қарапайым дегені менің жігітім тәрізді. Сөйтіп жүргенде мен қолыма дипломымда алған күні ол маған үйленуге ұсыныс жасады. Мен бақыттан басым айналғаны сонша, анамның ақ батасын алып, үйден ұзатылып шығуды да ойламадым. Мен оған «шешемнің ұзату тойын жасауға шамасы келмейді, сондықтан мені бірден алып қаш» дедім. Ол сөзімді екі етпей солай етті. Негізінде анамның бір тойымды жасап, батасын беріп ұзатуға шамасы келетін еді. Бірақ мен өз туыстарымды ауқатты ата-енеме онша көрсеткім келмеді. Артымнан іздеп келген аға-сіңілілерімді де жақтырмай, бірден «енді бұл үйге келе бермеңдер, мені аса іздемеңдер деп шығарып салдым». Той-томалақ қуанышымызға да анам мен ағаларымды шақырғым келмеген еді, бірақ ата-енем «мұның дұрыс емес, біз құдағиды тануымыз керек қой» деген соң амалсыз шақырдым.
Осылайша Алматы қаласында зәулім-зәулім бірнеше үйі бар, бас-бастарына көлігі бар, ауқатты отбасының жалғыз ұлына келін болып түскен мен бірден өзгеріп сала бердім. Шулап-шұрқырап жатқан артымда не қайын сіңілім, не басқа бауырлары жоқ, бір үйдің билігі қолыма тиді. Атам мен күйеуім бір фармацевтикалық зауыттың серіктестері, қолдарында акция пакеттері бар екен. Енем де сол зауытта бас есепші. Ол зауыттың аты дардай «үлкен кісілердің» бірінікі екенін естігенде тіптен есім шықты. Сөйтіп, бір-ақ сәтте көптен күткен арманыма қолым жетіп байлыққа күмп ете қалдым. Бастапқыда барлығы өте тамаша болды. Үйленгенімізге ай өтпей жатып күйеуім көлік сыйлады. Үстімдегі «шоқпыттарымның» көзін құрттым. Өзімнің туған ұям төркініме барар жолды мүлде ұмыттым. 27 жасымда өмірге бір ұл әкелдім. Ұлым өмірге келген соң бойымды тіптен мақтаныш кернеді. Бұрын тек отбасында тамақ істеумен айналыссам қазір оны да қызметші істейтін болды. Біртіндеп күйеуіме бөлек шығуды айтып қыңқылдай бастадым. Менің көңіл-күйімнің жиі бұзылатыны ата-енеме де әсер етсе керек, күндердің күнінде ол кісілер бізге бөлек шығуға рұқсатын берді. Атам Алматының Медеу шатқалындағы құны 1 миллион доллар тұратын үлкен үйді бізге сыйға тартты. Бөлек шыққаным сол екен, мен өзімді тордан шыққан құстай тым еркін сезіндім. Керек кезінде күйеуімнің «шаңын» қағып сілкілеп алуым жиіледі. Бара-бара күйеуім ішімдікке үйір бола бастады. Тіпті жағдайдың ушыққаны соншалық маған қолын көтеретінді шығарды. Күйеуім ішіп келген күні маған маза жоқ. Түні бойы оның «шерін» тыңдап әбден шаршайтынмын. Бұрын ата-анасымен тұрғанда арақ ішпей түгілі, маған дауыс көтеруге жасқанатын күйеуімді бөлек шыққалы танымай қалатын болдым. Осылай әрі-сәрі күйде жүргенімізде күйеуім тіпті апталап, айлап ішетін болды. Мен бұл кезде отыздан асқам, ұлымды бала-бақшаға беріп, өзім зауытқа жұмысқа шығып кеткенмін. Күйеуімнің енді түзелу-түзелмеуі мені тіпті аса толғандырмады да. Бар ойым «ішкіш» күйеуден құтылып, оның байлығының үштен бірін болсын алып қалу еді. Жасыратыны жоқ күні-түні құдайдан оған өлім тілеген күндерім де болды. «Өліп қалса, байлығы маған қалады» деп ойладым. Ойым тек байлықты иемдену еді. Осылай ырың-жырыңмен он жылдай уақыт өтіп кетті. Бірде кезекті мәрте жұмыстан «тойлатып» келген күйеуім ауырып тұрмын деп жатып қалды. Бір мезетте менің атымды атап, ышқынған дауысын естіп жүгіріп бардым. Барсам көзі ақшиып, өне бойын тер басып, қалшылдап жатыр екен. Жүгіріп барып су әкеліп, қолын уақаладым. Бұл осымен үшінші мәрте орын алып тұрған оқиға еді. Бірақ мен бірде-бірінде жедел-жәрдем шақырмайтынмын. Оған әбден суып кеткенмін бе, білмеймін, шынымен де ол ауырса жүрегім аса селт ете қоймайтын. Тіпті оның ішімдік ішсе бұлай ауыратынын ата-енеме де ескертпейтінмін. Тура осылай ол кешкісін тағы қайтара ауырды онда да, суын беріп, қол-аяғын уқалап тыныштандырдым. Осы оқиғадан кейін күйеуім таңертең көзін ашпады. Оны жүрегі ішімдіктің салмағын көтермегендіктен осылайша күйеуім бақилық болды. Оны ақтық сапарға аттандырдық, қырқын, жылын бердік. Байқасам, біздің үйге келетін ақша көзі азайып барады. Анадай зәулім үйді ұстау да маған ауыртпалық салды. Оның үстіне банктерден алған борышым бір басыма жетерлік. Ата-енемнің қолына көшіп барғым келіп еді, ол кісілер ыңғай бермеді. Ақыры жылдар өте келе жалған құжат жасатып үйді саттым, (үйдің құжаты жасалмаған болатын) 1 млн доллар тұратын үйді 500 мың долларға жарты бағасына бердім. Бір бұл емес, тура осылай өзімнің заңгерлігімді пайдаланып біреулерге ақырын-ақырын құжаттар жасап беріп жүрдім. Сөйтіп жүргенде арада біраз уақыт өткенде үйімді сатып алған адам прокуратураға үстімнен арыз жазды. Обалы не керек, ол кісі «үйдің құжаттары жалған екен» деп бірнеше мәрте маған ескертті. Үйді ондай ақшаға сатып алған адам да мен «ойыншық» қылатын адам емес еді. Ол кісі де үлкен қызметте істейтін. Ол кісі менен заң алдында 500 мың долларды қайтаруымды талап етті. Ал менің оны қайтаратын қауқарым жоқ еді. Алты ай тергеу изоляторында жаттым, одан соң екі жылға жалған құжат жасау бабымен сотталып шықтым.
Міне, менің байлыққа қызыққан тағдырым осылай аяқталды. Ұлымды ата-енем асырауына алған. Тіптен олар маған ұлымды көрсеткілері де келмейді. Ал өзімнің туған бауырларым менен тіптен теріс айналып кеткен. Кезінде оларға қолымда бар болып тұрып көмек қолын да созбадым ғой. Енді олар мені қайтсін?! Осылайша қазір жалғыздықпен жанымды жеп жүрген жайым бар. Не қоғамға, не адамға керек емеспін. Кейде күйіктен мен де ішіп аламын. Жас қыздарға айтарым, байлық қолдың кірі екен. Кезінде менде барлығы болды, ал қазір соның барлығы құмға сіңгендей жоқ. Сондықтан қыздар, байлықтан гөрі адамдықты бірінші орынға қоя білу керек екен. Өкініштісі мен оны кеш ұқтым...
Әлия, Алматы қаласы
alashainasy.kz/