Атырауда жезөкшелікпен айналысқан қыздардың хикаясы
Жақында «Ақ Жайық» редакциясына Атырауда жезөкшелікпен айналысқан қыздар шағымданып келді. Біреуі 19-да, екіншісі 21-де екен.
Осы жылғы тамызда олар тағы үш қызбен бірге сутенерлікпен айналысқан Е. А.-ның үстінен күштеп ұстайды деп полицияға арыз түсірген. Алматылық сутенер қазір Атыраудағы тергеу абақтысында қамауда отырса да, қыздар оның тарапынан қазір де қорқытып-үркітулердің толастамай отырғанын айтады.
Еске салып өтейік, «Ақ Жайық» ІІД қызметкерлерінің Алматыдан келген бес қызды Сәтпаев даңғылының бойындағы жалдамалы пәтерде интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрлеген 48 жастағы сутенерді қолға түсіргендігі туралы ақпаратты жариялаған болатын.
Ол үш бап бойынша айыпталуда: жеңгетайлық, ірі көлемдегі ақшаны қорқытып алу, жезөкшелікпен айналысуға тарту. Сотқа дейінгі тергеу ісі аяқталып қалды, жақында сот ісі басталады.
РИТАНЫҢ ХИКАЯСЫ
- Ол бәрібір бостандыққа шығып кетемін, көздеріңді құртам деп қорқытып отыр. Ал ол босап шықса, ешқайсысымызды тірі қалдырмайды, бізді шынымен де өлтіреді, - дейді Мира мен Арай (осы жерде және әрі қарай қыздардың есімдері өзгертілген).
Айтуларынша, Е. А. олардың жеке куәліктерін тартып алып, қарызға кіргізіп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Көнбесе соққыға жығып, кетемін деген жағдайда анасына не бауырына қандай іспен айналысып жүргенін айтамын деп қоқан-лоқы көрсетіп отырған.
Мира мен Арай редакцияға келіп кеткен соң келесі күні ұялы телефоныма менімен кездескісі келетінін айтып, бір әйел хабарласты. Ол осы бес қыздың ішіндегі ең үлкені әрі Е.А.-мен бірінші танысқан Зоя екен. Онымен және Ритамен басқа жалдамалы пәтерде кездестік.
Рита Алматыдан куәгер ретінде шақырылған екен, Атырауға келген соң ол да Е. А.-ның үстінен жәбірленуші ретінде арыз жазды. Осы жылдың көктемінде Рита Зояның көмегімен Алматыға қашып құтылған. Қыздар сутенермен қалай танысқанын, мұндай жолға қалай түскенін және қалай қашып құтылғандарын айтып берді.
Рита, 23 жаста:
- Өзім көп балалы отбасыданмын. Әке-шешемнің ақшаны не тамаққа, не киімге жеткізе алмай қиналып қалатын кездері көп болатын. Қыз бала қашан да үйін ойлайды ғой, оларды қатты аядым, көмектескім келді. Ағаларым болса да, олардан үміт жоқ еді. Сөйтіп, 18 жасымда ақша табудың жолдарын іздеп жүргенде қыздармен таныстым. Кейін соларға еріп, Алматыдағы Сейфуллин көшесіне тәнімді саудалауға шықтым.
Ританың айтуынша, 2014 жылы Зоя оны өзінің сутенерімен таныстырған. Ол кезде Ританың аяғы ауыр болатын. Сөйтіп олар екеуі Е.А.-ның қарамағында жұмыс жасайды. Ол Ритаға аборт жасатып барып, үйінде тұрып жатқанын, оны емдеп, қамқорлап жүргенін айтып, өзіне 600 мың теңге қарыз екенін, оны қайтаруды талап етеді. Әр қыздан бір түнде 50-60 мың теңге әкелуді талап етеді. Кешікпей сутенер машина сатып алып, клиенттерге өзі таситын болды. Содан кейін әлдебір фотограф танысын әкеліп, қыздарды суретке түсіріп, олардың суреттерін танысу сайтына іліп қояды. Артынан қатарларына қосылған төрт қызға да солай істейді.
- Қазір құрбымның үйінде тұрып жатырмын. Сүйікті адамымды жолықтырдым. Бұйырса, жақында тұрмысқа шығамын. Көп кешікпей ана атанамын. Мен бұл іспен енді, құдай сақтасын, айналыспаймын, - дейді өзінің алдағы өмірін жоспарлаған Рита.
- Жігітің кезінде мұндай жолда жүргеніңді білмей ме?
- Білмейді, әке-шешем де менің мұндай жолда жүргенімді білмейді. Білмесе екен деп тілеймін.
ЗОЯНЫҢ ХИКАЯСЫ
Зоя, 39 жаста:
- Мен Е.А.-мен Қызылордада жүргенде 2007 жылы таныстым, екеуміз де сол жақтың тумасымыз. Ол маған клиент болып келді. Маған бір күні «Алматыға менімен бірге жүр, ақшаны бірге табамыз» деді. Ақымақпын ғой, жас болдым, басымды сұқпайтын жерге сұға беретінмін. Сөйтіп, Алматыға келдік. Е. А. маған пәтер жалдап берді, ақша беріп тұрды.
Сөйтіп, Зоя он жыл бойы сутенеріне жұмыс жасайды. Күніне 50-60 мың ақша тауып келуге тиіс болды. Оған жетпесе бе, қызыл қан қылып сабайтын, әсіресе, бүйректен ұратын. Себебі «товарный вид» бұзылады деп, беттеріне тиіспеуге тырысқан. Бірде ит тепкісін шығарып, бетін пышақпен тіліп жіберген, тыртық содан қалыпты. Оған жұмыс жасаған басқа қыздардың да күні осындай болған. Олардың бірі Алматыға қашып кеткенде, оны тауып алып, «3 млн теңге қарызбын, соны қайтаруға уәде беремін» деп қолхат жаздыртып алған. Сосын қайтармаса, әке-шешесіне немен айналысып жүргенін хабарлаймын деп қорқытқан. Амалсыздан, ол қыз қайтып келіпті.
- Ол қалай ұсталды?
- Тамыздың 24-інен 25-іне қараған түні ұсталды. Сол күні бізді саунаға апарды. Сол жерде қыздардың бірі одан оңбай таяқ жеді. Содан үйге келгенде тағы жанжал басталды. Ол шығып кеткен кезде, біз іштен кілттеніп алып,, полиция шақырдық. Соданк ейін оның үстінен арыз жаздық.
- Жезөкшелікке қалай келдіңіз?
- Қызылордада, әке-шешем қайтыс болған соң. Өзім сабақты нашар оқыдым, тентек болдым. Мен де бұл жолға қыздарға еріп келген болатынмын. Біздер Байқоңыр қаласына жұмыспен келген мәскеуліктерге қызмет көрсететінбіз. Олармен бірге кафелерде отырып, бірге ішкендей болып, олар әбден мас болып қалған соң, әмияндарын тазалап кететінбіз. Сол кездегі жезөкшелік солай болатын. Сондағы басқа сутенеріміз ертең «москвичтер» келеді дегенде, москвич айдайтын таксистер болар деп ойлап жүрдім ғой (күлді).
- Сот біткен соң не істейсіз?
- Маған таяқ өтіп кеткен. Енді мен өліп кетсем де, маған бәрібір. Бірақ, мен тірі тұрғанда мына қыздарды қорғап қалуым керек. Сот біткен соң қыздармен бірігіп, Атыраудан лағманхана ашамыз. Енді маған тыныш өмір керек.
- Ал отбасын құру...
- Отбасын құру үшін бала туу керек. Ал мен бала туа алмаймын.
Қазір менің мақсатым - мына қыздарды аяққа тұрғызу. Осылардың жағдайын жасау, қамын ойлау. Олар менің балаларымдай болсын. Кейін бірнеше жылдардан соң қасымда шүйіркелесіп шай ішіп отыратын бір шал кіргізіп аламын үйге деген ойым бар. Дұрыс емес пе, қанша дегенмен өмірде сыңарың болуы керек қой?
«СӘБИ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ, СӘБИ БОЛҒЫМ»
Арай мен Мирамен (олардың да хикаясын мұқият тыңдадым, бірақ олар менің жазбаларымда қалсын) мен кейін Махамбет-Исатай алаңында кездестім. Мен олардан «қала кішкентай, көшеде клиенттер кездесіп қалып жата ма?» деп сұрадым. Мира клиенттерінің кездесіп қалатынын, көшеде көріп қалғанда, қатты ұялатынын, көшеге шыққанда медициналық маска тағып жүретінін айтты.
- Кейде бала болып кеткілерің келіп тұратын кездерің бола ма?
– Болады, мен бәрін кері бастар едім, мұндай жолға мүлдем келмес едім, - дейді Арай мен Мира.
Олар ара-тұра суицид туралы ойдың мазалайтынын айтады. Кейін «сізбен сөйлескенде өзімізді жеңіл сезініп қалып отырмыз. Сіз бізге адам деп қарап тұрғасын болар. Тағы кездесіп, сөйлесіп тұрсақ бола ма?» деді олар кетерде.
Айнур САПАРОВА