Ақсары қыз әңгімесін баяу бастады. Көзінде мұң бар. Арасында күрсініп қояды.
«Осы атақты адамдарға жай халық қатты қызығады ғой. "Шіркін, қандай керемет адам деп. Теледидардан қалай сөйлейді десеңші! Өлең, сықақтары керемет! Халықтың сүйіспеншілігіне бөленген адам» деп мақтайды ғой. Бірақ сол «халықтың сүйіспеншілігіне бөленген адамдардың» арасында баласын жетім етіп тастап кеткендері де бар екенін айтқым келеді.
Менің анам жас кезінде хас сұлудың өзі болатын. Университетті бітіргенше ешбір жігітке қарамапты. Қызметке тұрғаннан кейін де талай адам қырындаған. Бірақ анам тәкаппар әрі өте көркем болғандықтан ешқайсына илікпеген. Сондай кездің бірінде өзі ақын, өзі жазушы, сөзге шешен бір жігіт кездеседі. Оның түрі кісі қызығарлықтай емес, ер адамға тән мәрттігі де жоқ, өте сараң екен. Ол анамның соңынан екі-үш жыл қалмай жүріп, ақыры аламын деп қоймаған соң анам оны ауылдағы ата-анасына таныстырады. Кемпір-шал қызының теңін тапқанына қуанып, ұзатпақ болғанда әлгінің әйелі, екі баласы бар екені ашылып қалады. Сөйтіп «той жасаймыз» деп алдап жүрген дарынды жігіттен екі қабат болған күйі анам жалғыз қалады.
Ол анамның екіқабат екенін біле сала танымайтын адамдай боп кете барады. Бәрін қысқаша баяндап отырмын ғой. Әйтпесе ол туралы әңгіме көп. Сахнада сөйлегенде ел аузын ашып тыңдайтын, сықақтарын жұрт білетін сол еркекті тіпті өзімнің әкем дегім келмейді. Өйткені, анам бар қиыншылықты мойнына көтеріп мені жалғыз өзі бақты. Мен он бір жасқа келгенде анам сал болып төсек тартып жатып қалды. Мен «Әкем бар ғой бұл дүниеде. Бір күні іздеп келер» деп терезеден күнде сыртқа қарайтынмын. Мұғалім атақты адамдар туралы айтқан кезде менің әкемнің де аты аталатын. Бірақ мен «Ол менің әкем» деп айтуға батылым жетпейтін. Анамның қыз ғұмырын құртып, ауыл алдында абыройына нұқсан келтірген жанды, туған баласына жаны ашымаған пендені қалай әкем деймін.
Ауру анамды бағу үшін мен көше кезіп, дүкендерге кіріп қарызға нан сұрайтынмын. Кейбірі беретін, бір бөлкені, кейбірі дөрекі сөздер айтып намысыма тиетін. Бірақ жұмыс істеуге шамам келмейтін кішкентай қыз болсам да анама тамақ тауып беру үшін Алматының көшелерін ерінбей кезіп, қайыр сұрамасам да дүкендерді жағалап «Ауылдан ағам келгенде қайтарамын. Қарызға нан беріңізші» деп жалынатынмын. Бір бөлке нанға жету үшін Абай ескерткіші алдындағы көшеден тура жүріп, сонау Ақсай ықшамауданына дейін жаяу барған кезім болды. Анамның алыс қалада тұратын жалғыз бауыры бар еді. Сол жылына бір-екі рет келгенде бізге ақша тастап кететін. Мен сол ақшаға жиналып қалған пәтерақыны төлеп, елдан алған қарыздарымды қайтаруға жұмсайтынмын. Сөйтіп мен өмірдің ащы дәмін ерте таттым. Мектеп бітіргенде үстіме киетін жөні түзу көйлек болмағандықтан бітіру кешіне де қатыспадым. Бірақ өзімнің қайсарлығымның арқасында оқуға түсіп, университетті тәмамдадым.
Бірде мынандай оқиға болды. Маған ғылыми жетекші болып келетін бір апай мені "жеке сөйлесуіміз керек" деп үйіне шақырды. Апай кездесуде маған әкем туралы айтты. "Ол біздің үйде қонақта болғанда сені менің қызым деді" деп әңгімесін бастаған ғылыми жетекшім әкеме жолығуымды өтінді. "Ұл-қызын жетім еткен жалғыз ол емес. Ол әйелімен ажырасып, сенің анаңа үйленсе жұмыстан шығарып жіберер еді. Менің Қ. деген құрбым да баспада істеп жүргенде бәленше деген ақынның арбауына түсіп, ұл туған. Баласы қазір отызда. Әйкесінен аумайды" деген сияқты әңгімелерді айтты. Мен жанымды ауыртатын әңгімелерді ұзақ сенер-сенбесімді білмей, тыңдағым да келмей, уақытымның жоқтығын айтып, сыртқа шығып кеттім.
Иә, әкем мені бір рет те іздеп келмеді. Алмаған атақ-марапаты жоқ. Солай бола тұра қаланың бір шетінде аштық пен жоқшылықты көріп жатқан баласы барын есіне алмаған ол қандай әке? Бірде арақ ішіп алып біздің телефон нөмірімізді тауып алып, үйге хабарласып, «Менің қызым қалай? Қызыммен сөйлестірші» депті. Анам екеуміз сөйлеспедік.
Мен титтейімнен іштей мұңлы болып өстім. Жоқшылықты көп көрсем де ешкімнің алдында илікпейтін қайсар болып өстім. Әкемнен кек алу ойымда жоқ. Тек айтпағым, бойжеткен қыздар зиялы болып көрінетін кез-келген еркекке сеніп, бастары айналып қалудан сақтанса деймін».
Ол көзіне үйірілген жасты тежеп, орнынан тұрды. «Тек есімімді айтпай-ақ қойыңызшы. Әкемнің аты да құпия болып қалсын».
Дана Қамшыбек
qamshy.kz