Ғалия көп адамның қолы жете бермейтін КазГУ-дың шет тілі факультетіне оқуға түседі. Ешқашан ауылдан алыс шығып көрмеген оқу озаты Ғалия үшін бұл жаңа өмір, жарқын болашаққа деген сенім, арман қала Алматыны көру болатын. Жатақханаға Ғалияны атасы апарып, орналастырады. Барлығы ойдағыдай жүріп жатты. Бірінші курсты үздік бағалармен аяқтап, жазғы демалысты ауылда өткізеді.
Ауылда бір отырыста Құлбекпен танысады. Екеуінің достығы махаббатқа ұласады. Қыркүйекте Ғалия Алматыға ұшып кетеді. Қысқы демалыс кезінде ауылға келеді. Жаңа жылды Құлбектің достарымен бірге қарсы алады. Құлбек үйленуге ұсыныс жасайды. Ғалия оқу бітіру керектігін айтып, бұл əңгімені қозғаудың ерте екенін түсіндіреді. Құлбек Ғалияның əке-шешесіне, атасына ұнамайтын. Мектеп бітіріп, əскерге барып келген Құлбек ешқайда жұмыс істемейтін, карта ойнайтын. Отбасындағылар да білімсіз, мал асырап, өмір сүретін. Ал Ғалияның отбасында барлығының білімі, жақсы қызметтері бар еді.
Ғалия екінші курсты да үздік аяқтап, ауылға келеді. Құлбек оны алып қашады. Ғалияның əке-шешесі қарсы болса да, Ғалия Құлбекті сүйетінін айтып, қалады. Құлбектің үйінде кішігірім той жасалады.
Құлбек Ғалияны оқуды тастайсың деп, Алматыға жібермей, Ғалияның армандарына балта шабады. Ғалияның туыстары бұл жағдайға қатты ыза болса да, жастардың өміріне араласпайды.
Ғалия тамақты өте дəмді дайындайтын. Ауылдағы мектепке аспазшы болып жұмысқа шығады. Құлбек сол баяғы қалпы жұмыс істемей, карта ойнап, жүз грамдатып жүреді.
Өмірлері осылай жалғасып жатты. Ғалия декретке шығады. Ақшаға қысылғандықтан, Құлбек ауылдың малын бағып, азын-аулақ табыс таба бастайды.
Бірақ ақшаға карта ойнайтын əдетін қоя алмайды.
Бұрын ең жақсы киінетін, үнемі жадырап жүретін Ғалияның қазіргі жағдайы мүлдем басқа еді. Куйеуінің тіршілігінен əбден налы болған Ғалия өз құрдастарынан əлдеқайда үлкен көрінетін болды.
Əке-шешесі мен атасы Ғалияның өмірін көріп, жүректері ауыратын. Бірақ Ғалия ешқашан оларға барып, Құлбекті жамандамайтын. «Құлбек бір сиыр ұтылып қалыпты. Құлбек араққа салынып кетіпті. Құлбек арақты қойып, мал бағып жүр. Құлбек тағы да қарызға белшесінен батыпты. Құлбек трактор ұтып алыпты. Құлбек төбелесіп, түрмеде үш ай отырыпты» т.с.с. əңгімелерді Ғалияның туыстары ауыл адамдарынан жиі еститін.
Жылдар өтіп жатты. Құлбек пен Ғалияның екі қыз, бір ұлы бар. Құлбек ауылдың малын бағады. Ғалия мектепте аспаз. Құлбек баққан мал неге ешқашан бұзауламайтынын, құлындардың неге өлі туылатынын аулдың адамдары білгісі келіп, Құлбектің тірлігін жасырын түрде бақылауға алады. Аз уақыттан соң, бүкіл ауыл шындықты біледі. Бұзаулар да, құлындар да аман-есен дүниеге келеді екен, бірақ Құлбек адамдарға өтірік айтып, малды сатып отырады екен. Барлық ауыл Құлбектің отбасын кінəлап, қарғайды. Ғалияның бұдан мүлдем хабарсыз болғанына ешкім сенбейді. Бірақ Ғалия шынымен куйеуінің қырда не істеп жүргенінен бейхабар еді. Өйткені Құлбек бүкіл ақшаға карта ойнап, жеңіліп отырған.
Бұндай жаңалықты естіген Ғалияның анасының жүрегі сыр беріп, біраз уақыттан соң қайтыс болады.
Құлбектің екі қызы да, жалғыз ұлы да, өкінішке орай, əкесінің істеген тірліктерінің зардабын көреді.
«Жүйелі қарғыс жүйесін табады,
Жүйесіз қарғыс иесін табады» дегендей, балалары осы күні бақытсыз өмір кешіп жүр. Үлкен қызының күйеуі тура Құлбек сияқты біреу болып шығады. Ақырында, қызы ажырасып, екі баламен жалғыз қалады. Екінші қызы да екі рет тұрмыста болса да, күйеуінің соққыларына шыдамай, ажырасады. Жалғыз ұлы өзінен он жеті жас үлкен əйелге үйленеді. Ол əйелдің өз балалары болғандықтан, ол Құлбек пен Ғалияға немере тумайды. Құлбек əлі күнге дейін жұмыс істемейді. Ғалия өмір бойы мектепте аспазшы болып, зейнетке шығады. Жұмыс істемейтін күйеуі мен ұлы Ғалияның зейнетақысын аңдып отырады. Біреуі карта ойнаса, екіншісі арақ ішеді.
Ешқашан Құлбекті жамандамаған Ғалия, əке-шешесін тыңдамай, Құлбекке тұрмысқа шыққанына қатты өкінетін, ешкімге білдіртпей, əке-шешесінің зиратына барып, жылайтын еді.
Қыздар, ата-аналарыңызды тыңдаңыздар. Ата-анасының батасын алмай, тұрмысқа шыққан Ғалияның өмірін қайталамаңыздар.
Тең-теңімен, тезек қабымен болған дұрыс.
Құлбек өз істеген істері үшін зардап шегіп жатқан жоқ, адамдардың қарғысы оның балаларына тиді. ӨМІР – БУМЕРАНГ!.
Жақсылық жасайық, адамдар!
Ақсұңқар Әубәкірова