Асырап алған қызым үшін ауылдан жырақ кеттім...
"Алаш айнасы" интернет-порталы оқырмандары! Тағдырдың жазуымен Алладан тілеп алған жалғыз перзентім үшін туған жерімнен жыраққа көшуге мәжбүр болдым...
Мен жас кезімде бір жігітке алданып аяғым ауыр болып қалған еді. Туған ағамның балалары болмай аға-жеңгем бауырына басып асырап алған еді. Өзім туғаннан екінші топтағы мүгедек жанмын. Кейіннен қырыққа жақындағанда ақылды азаматпен танысып, отау құрдым. Жолдасым өте мейірімді жан. Өкінішке орай бізде бала болмады. Туған қызымды аға мен жеңгем өз қыздарындай бағып-қағып оқытып, тұрмысқа берді. Ал қызым ешқашан менің өз анасы екенімді білген емес. Ағам мен жеңгеме ризамын. Қиындық басыма түскенде мені түсініп, тұрмысқа шыққанға дейін менен қолынан келген жақсылықтарын аяған емес.
Жолдасым екеуіміз ақылдаса отырып, бала асырап алуды шештік. Сонымен бар құжатты жинап, бала асырап алу ниетімен басқа облысқа жетім балалар үйіне бардық. Біздің арызымды қабылдап, тексеріп біз бала асырап алу бақытына жеттік. Екі айлық қызымызға Нұргүл есімін бердік. Осылайша ауылда тұрып жаттық. Үйімізде шаттық орнағандай. Бірде қызымыз алты жасқа келгенде далада ойнап жүріп, бір баламен төбелесіп қалыпты. "Балалы үйдің ұрлығы жатпас" деген емес пе үй- ішінен естіген болуы керек, қызыма "сенің ата-анаң басқа, сен асыранды қызсың"- депті. Қызым ботадай боздап келді үйге. Жолдасым екеуіміз қорқып кеттік. Қызымызды жұбатып, бәрі өтірік екенін айтып ақталып жатырмыз. Бала емес пе ата-ана мейірімін көріп, алданып қалды. Баламыз ойнауға кеткен сайын кеудемізде бір қорқыныш тұрады. Тағы біреу бірдеме деп айтып салар ма екен деп.
Осылайша күндер өтіп жатты. Қызымызды күннен-күнге тәтті қылықтары шығып, біздің жабырқап жүрген жанымызды емдегендей. Нұргүл мектеп табалдырығын аттады. Дүркіретіп туған-туысты жиып жалғыз қызға тілашар жасадық. Асыранды қыз дегенді біліп қояды деген күдігіміз сейіліп, жайлы өмірге бейімделе бастағанбыз. Бір күні қызым мектепте бір ұлмен төбелесіп, ұлды жылатып қойыпты. Нұргүл- есесін жібермейтін тықылдаған өжет қыз еді. Мектепке келген ұлдың адуынды әжесі, ұлының қыздан таяқ жегенін намыс көріп, қызыма:
- Ұлдарды сабағанша, туған әке-шешеңді тауып алмайсың ба?-депті.
Жаны жаралы қызым мектептен келген соң бізбен сөйлеспей, жатып қалды. Алып-ұшып мектепке жеттім. Оқиғаны естіп, үйге келіп жолдасыма жыладым:
- Көшелік бұл ауылдан. Мен қызымның қиналғанын көргім келмейді. Бүгін біреу айтар, ертең тағы біреу бетіне басар! Балапаным шырылдап жаны жараланып бітті ғой!
Қызымызды жұбатып тағы да өтірік екенін айтып, сендіргендей болдық. "Мен сендерге ұқсап тұрмын ия, папамның аузынан түскем, ия",- деп қояды. Нұргүл уақыт өте келе ұмытып кетті. Бірақ мен ұмытпадым, бар ойым- ел көрмейтін жыраққа көшу. Ойымызды аға-жеңгеме айттық. Ол кісілер басқа ауданда тұратын еді. "Көшіп кеткендерің дұрыс",- деп бізді қолдады.
Осылайша бір күнде өмірі көрмеген шалғай облысқа көшіп кеттік. Басында қиналсақ та бәріне көндік. Ақырындап тұрмысымыз да оңалды. Қазір қызымыз төртінші курс студенті. Астана қаласында оқиды. Күні-түні әкесі екеуіміздің жағдайымызды біліп, жаны қалмай хабарласып тұрады. Жуықта тұрмысқа шығатынын айтты. Қимасақ та "Қыз мұраты-кету" деп ақ батамызды бердік. Тойға дайындалып жүрміз. Сол ауылдан кеткеннен бері қызымызда "асыранды баламын" деген ойы болған емес. Ауыл жаққа да былтыр бірінші рет барып қайттық. Ол аралықта қызымыз үшін ешқашан барған емеспіз. Әрине туған ауылыңды, еліңді-жеріңді сағынасың! Бірақ, жалғыз перзентің үшін барлығына көнеді екенсің! Қызыма қызу қандылықпен айтып салған әжейді де кешірдім. Қызымның асыранды балам екенін де ұмытып кеткендеймін.
Құрметті, бір перзентке зар болып жүрген жандар! Уақыт өткізбей ата-анасыз қалған балаларды асырап алуға тырысыңыздар! Қорқатын еш нәрсе жоқ, "жетімді бақытты еткен пендеге бір Алланың ризалығы бар" деген! Дүниеге келген әр бала аналық мейірім мен әкелік сүйіспеншілікті сезінуге тиісті. Қызымыз Нұргүл болмаса біздің өміріміз не болар еді? Бізді бақытты еткен, өмір сүруге ынтықтырған- сәбидің күлкісі, тәтті қылықтары.