Ақшаға айырбасталған ар

Ақшаға айырбасталған ар

Ол кісінің есімі - Мышқыртбай, жасының алпыстан енді асқанын бірден айтып өтейін. Орта бойлы, қызыл шырайлы өңді, тұздай шегір көзді, өзіне лайық қозы қарыны бар Мышқыртбайды кей құрдастары «бәлеқор» деп те атай береді. Шамасы, бұл атаққа кезінде тасада тұрып кейбіреулерге тас ататын жағымсыз әрекетімен жетсе керек.

...Жұмыстан үйге түскі тамаққа келсем, әйелім сені Мышқыртбай көке іздеп кетті деді. Бұл жаңалық маған қорқыныштылау естілді.

- Қандай жұмыспен келгенін айтқан жоқ па? - дедім әйеліме.

- Айтқан жоқ. Бірақ кешке тағы келем деп кетті ғой, - деді әйелім қолын арықтағы суға жуып жатып.

Арада көп өтпей-ақ ол кешкі тамақты ауызға ала бергенде: «Ассалаумағалейкум!» - деп әндете кіріп келді. Қанша дегенмен жасы үлкен кісі емес пе, іштей жақтырмағанмен «жоғары шығыңыз» деп әйелім екеуіміз бірдей ізет көрсеттік.

- Менің келген себебім - саған зор мақала тауып келіп отырмын, - деді ол шегір көздерін маған қадай қарап, әйелім далаға шығып кеткен соң.

- Қандай мақала?

- Кеше қой бағып жүріп сұмдық көрініске тап болдым емес пе? Өте сұмдық... Жасым пайғамбар жасына жақындағанша ондай бәлені көрген жоқ едім. Содан көпке дейін өзіме-өзім келе алмай, сырымды саған айтайын деп әдейі келіп отырмын. Егер тамақ ішіп болсаң жүр, далада біраз отырып қайтайық. Мен саған кеше өз көзіммен көргендердің бәрін айтып берейін. Бұл жерде келіннен ыңғайсыз болар, - деп Мышқыртбай орнынан тұра бастады. Екеуміз аяңдап отырып үйдің аяқ жағындағы қалың бауға қарай бет алдық.

Күздің суық түндерінің бірі. Аспан төрінде сансыз жұлдыздар жымыңдайды. Мышқыртбай екеуміз аяқ-басы кесіліп, мұқият жиналған ағаш кесінділерінің үстіне отырдық. Арадағы аз-кем үнсіздіктен соң «ал, құлағым сізде, бастаңыз» дегендей өтірік жөткірініп қойдым.

- Кеше айына бір келетін қой кезекті өткіздім, - деп бастады әңгімесін Мышқыртбай да менен қалып кетпейін дегендей бір жөткірініп алып. - Қойлар бытырап кетпеу үшін ауылдан алыстау Қараүңгір шатқалына алып бардым. Түске дейін қойлар доланалардың маңына жайылып, өздерімен-өздері болып, мені онша мазалай қоймады. Содан үстіндегі қоржынын алып, есекті жаныма арқандап қойдым. Түс кезінде күн кәдімгідей ысып кетіп, манаурап ұйқым келе бастады. Қойлар топтана жайылып жүр. Айнала құлаққа ұрғандай тып-тыныш. Тек, сарғайған шөпті бырт-бырт жұлған есектің өткір тісінің дыбысы ғана құлаққа шалынады. Осылай дел-сал қалыпта жатып көзім ілініп кеткен екен. Үстімнен басып өткен әлденеден шошып оянсам, жанымдағы тамақты бас салып жеп жатқан ешкілер екен. Оларды алысқа қуып жіберіп, құтты орныма қайта келсем, енді есегім көрінбейді. Жібі де, қаққан қазығы да жоқ. Қойлардың бас-аяғын бір жинап түгелдеп алдым да, есегімді іздеуге шықтым.

Қараүңгір өзенінің төменгі жағында қалың тоғай бар болатын. Сол тоғайды бетке алып, қол-аяғым жерге тимей дедектеп келемін. Шынында да, сенімім алдамапты, қара есек тоғайға кіре берістегі төбеде емін-еркін жайылып жүр екен. Анадайдан келе жатқан мені көріп, екі құлағын тік көтеріп ала қойды. Жанына барып ұстай берем дегенде тоғай арасынан «Джипке» ұқсаған ақ сұр түсі күнге шағылысқан әдемі шетелдік жеңіл машинаны байқап қалдым. Одан сәл әрірек күбір-күбір еткен сөздер шығуда. Есекті жау шаппас деп қоя бере салып, шамалы жүрген ем, машинаның жанында екі адам отыр екен.

Біреуі жап-жас, үлбіреп қалған қыз да, екіншісі қарны қабақтай, бұқа мойын, жуан еркек болып шықты. Олар отырған жер мен тұрған қыраттан еңістеу, сондықтан олардың не істеп отырғандары маған айнадан көргендей анық көрініп тұрды.

Ал жеңіл киінген қыз тіпті жас болып көрінді менің көзіме. Қою қара шашы иығын жауып кеткен, қыр мұрынды, аққұба өңді, үлкен қара көздері жалт-жұлт еткен жасы шамамен он сегіз, он тоғыз­ға жаңа келген қыз шынында да өте көрікті еді. Оның жанындағы қалың қасты, қошқар тұмсықты, бұжыр қараның талай бәлені көрген кексе екені байқалады. Қабақтай қарны мен салбыраған бұғағына қарамай ікпіл-жікпіл әрекетімен қызға барынша бәйек болып, қызмет көрсетіп жатыр. Шөбі сирек, тақырлау жерге төселген газет-дастарханда түрлі шөлмектер мен кесілген колбасалар, бұқтырылып пісірілген тауық еттері, ауыздары жартылай ашылған консерві қалбырлары сіресіп тұр. Жуан еркек ішімдік толы стаканды жайын аузына тоқтаусыз төңкеруде. Ал қыз болса әдеп сақтағандай қылымсып ішпей отыр. Бірақ еркек өлермендікке салынып, сымбатты бойжеткенге қайта-қайта закуска ұсынып, ішпесіне жанын қояр емес.

Мен бар шаруамды жиып қойып, сол жерге қалай отыра кеткенімді өзім де аңғармай қалыппын. Есегім қасымда, не істейін енді. Бір кезде әбден масайған жуан еркек қызды өзімсіне құшақтап бетінен сүймекші болып еді, қыз қолын қағып жіберді. Бұған шамданған еркек болған жоқ, қайта сол жерді басына көтере қарқылдай күліп алды.

- Ой, айналайын, қарындасым сол. Тура мінезіңнің өзімнен аумағанын қарашы. Осындай ер мінезді, қылықты қыздарды сондай жақсы көрем. Кәмила, Кәмилашым менің! Кел, арқаңды уқалап берейінші, жаным...

- Жоқ, керегі жоқ. Әуре болмаңызшы, ағай, - деп Кәмила қанша бұлқынғанмен ыстық ботқаша жабысқан «ағайы» оны тізесіне емін-еркін жатқызып алып арқасының желін үзуге кірісті. Обалы не керек, бұл іске оның әжептәуір икемделіп қалғаны байқалады. Алғаш қанша тулағанмен жас қыздың арқасын жәукемдеп жатқан мес қарын еркек бір кезде өз сезіміне ие бола алмай қалды ма білмеймін, қорбаңдап Кәмиланың үстіне қона кетті.

- Ой, мама! - деп шыңғырған Кәмила оқыс қимылдап қалып, үстіндегі еркекті домалатып түсірді. Бірақ еркек те қайтар емес, көз ілеспес жылдамдықпен тағы да қызды бүре ұстап, астына басып алды. Қыз булығып бір нәрселерді айтып жатқанда ол ес жиғызбастай халде бойжеткеннің жүзіне қадалып сүйе бастады. Кенет шарт еткен шапалақтың даусы шығып, бетін ұстаған еркек қыз үстінен сүйретіліп тұра берді.

- Оңбаған, ұятсыз! - деп сәл болмағанда топыраққа көміліп кете жаздаған Кәмила орнынан тұрып, үсті-басын қаққыштай берді.

- Неге ұялайын? - деді еркек гүжілдеп. - Ұялатындай не істеп қойыппын? Жазығым ауылыңнан жұмыс таппай алдыма сандалып жылап келгенде қызметке алғаным ба? Сен үшін хатшылықта алты жыл істеген балдызымды да жұмысынан алып тастағаным ба? Ұятымның жоқ екенінен-ау, балдызымды жылатып, орнына сені алғаным... Жоқ, сен неге қылымсып тұрсың өзі? Сені адам қылып, бар жағдайыңды жасап отырған кім? Мына мен! Көңіліңді көтерейін деп сонау Шымкенттен осынау ит өлген жерге әкеліп отырғанымда көрсеткен сыйың осы ма маған? Қарай гөр өзін... Байқаймын, әжептеуір желік бітіп қалыпты ғой көкірегіңе... Оның бола қоймас, қымбаттым. Енді мен не айтсам да, сен орындауға тиіссің, білдің бе? Көнбейді екенсің, онда әне жолың ашық...

- Мейлі, өлсем өлем. Бірақ айтқаныңа көнбеймін. Ерегіссем қазір кетемін де қаламын, - деп Кәмила ашуланып орнынан тұрды. Одан әрі долданып киініп жатқан қыздың сыртынан қарап тұрған еркек шыдай алмай жанына келді. Кешірім сұрап, екі қолын жүрек тұсына апарды. Бірақ онысына қыз селт етпеді. Жалынудың жалғасын еркек қайта жалғастырды. Сосын болмаған соң жүгіріп машинасына барды да көкшілдеу түсті дипломатын алып шықты.

- Айналайын жаным, айналайын, алтыным менің! Бір ашуыңды бас­шы. Бір сен үшін мәңгібақи құ­лың болып өтуге дайынмын, Кә­милаш. Басыңды бері бұршы, ке­шірші, жаман ағаңды, - деп тізерлей отырған еркек қыздың арт жағынан құшақтай түсті.

Бірақ бәрібір Кәмила оған селт етпеді. Бұған назаланған еркек шырт еткізіп дипломаттың аузын ашып кеп жіберді. Ой, тоба-ай, оның іші толған ақша... Көк жолақ қағазбен мұқият қапталған ақшаны көрген қыз бір сәт абдырап қалды.

- Міне, Кәмила жаным! Мына ақша сенің жолыңа беріліп тұр. Оқуға түсесің бе, менен кетіп басқа қызметке тұрасың ба, жоқ әлде қа­ладан ойып тұрып үй аласың ба? Ол өз еркің... Бірақ бүгін сен мендік болуға тиіссің. Түсіндің бе, ендеше ойлан жаным, ойлан...

Жанары жасқа шыланып екіұдай сезімде қалған бойжеткен бір кезде жерге қалай отыра кеткенін өзі де сезбей қалғанға ұқсайды. Одан арғысын айтуға аузым бармайды...

Осылайша өң мен түстің арасында мәңгіріп отырғанымда жанымдағы аңыраған есектің даусынан селк етіп, сәл болмағанда жотадан домалап түсе жаздадым.

Төбе басында шоқиып отырған мені және ақырғаны орасан қара есекті олар да көрді. Орнынан ызалана тұрған жуан еркек жерде жатқан джинси шалбарын асыға киді. Сосын көлігіне асығыс кіріп қорапқа ұқсас шағын затты алып шықты. Қыз болса санын жарқыратып, бетін басқан бойда машина ішіне кіріп кетті. Жуан еркек тура менің жаныма келіп, қорап ішінен бір нәрсені суырып алды. Онысы пистолет болып шықты.

- Қане, барлаушы мырза, тұр орныңнан! - деп бұйырды.

Жалмауызға да жан керек қой, маңдайыма кезелген пистолеттен сескеніп, артқа шегіншектей бердім.

- Сен неғып жүрсің мұнда? - деді ол одан әрі тістене түсіп.

- Қой бағып жүрмін, - дедім міңгірлеп.

- Бағып жүрген қойларың қайда? Көрінбейді ғой, шыныңды айт, болмаса мына шүріппені бассам болды, миыңның ақтарылып жерге түсетінін жақсы білетін шығарсың.

- Білем ғой, басеке. Қойларым Қараүңгірде. Мына оңбаған есек қашып кетіп, осы жерден ұстадым емес пе? - деп қорыққанымды онша білдірмей отырып шынымды айттым.

- Қанша бала-шағаң бар? Өзің осы ауылда тұрасың ба? - деді ол одан әрі қадала түсіп.

- Құдайдың берген үш ұл, үш қызы бар. Ол аз десеңіз тоқсанға келген шешем де бар. Әлі бақуат, - дедім оның мені өлтіре қоймасына көзім анық жетіп.

- Жарайды, онда көретін жарығың бар екен. Сені тоқсанға келген анаң үшін аман жіберейін деп отырмын. Бірақ бүгінгі көргеніңді біреуге оттайтын болсаң бар ғой, жерге кіріп кетсең де тауып алып, бірден атып тастаймын, білдің бе? Ал енді жоғалт көзіңді!

Оған қарсы келетіндей менде қан­дай шама болсын? «Жаппар­құлда жан бар ма?» дегендей, есек­ке жайдақ міне сала Қараүңгірге қа­рай митыңдай жөнелдім. Содан кеш­ке дейін өзіме-өзім келе алмай жүрдім.

Міне, осы оқиға еді менің саған айтайын дегенім. Бұрын біз мұндай жезөкшелікке тек жеңіл жүрісті қалайтын қыз-келіншектер ғана барады деп ойласақ онымыз мүлде ағаттық екен ғой. Ақшасы мен басқа да байлықтарды үйіп-төгіп берген соң ол жазғандар адаспағанда қайтеді? Сен осыны газетіңе жаза алмайсың ба? - деп Мышқыртбай көкем әңгімесін сұрау­лы жүзбен аяқтады.

Орынтай КӨМЕКОВ.

zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста