«Апай, саунаға барайық». Интернетте осындай жігіттер жүр
Мен – жасым 40-тан асқан кәдімгі әйел затымын. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді дегендей, әлі де ажарым бар, арықшамын.
40-тан асқан соң қазақ әйелдері шаштарын шорт кесіп тастайтыны бар еді ғой? Мен қимадым. Иығымнан сәл төмен шашым бар. Есейіп қалған екі балам, тұратын жерім бар. Шүкір, тамағымыз бар, киіміміз бүтін, жұмысым бар, бәріне шүкір.
Бірақ, бір әттеген-айым – ажырасқаным. Кез-келген адам бақытты болуды армандайды, бірақ кейде тағдырдың жазуы басқаша болады екен.
Иә, көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген заманауи адам сияқты Инстаграмм, Фейсбук сияқты әлеуметтік желілерде тіркелгенмін. Жаңалықтан мақұрым қалмайын деп. Себебі, бүгінде әлемдегі бар жаңалық теледидардан бұрын әлеуметтік желіге түседі. Желілердегі парақшам ұстамды, суретім тұр. Шектен шығатындай ақпарат жоқ сияқты. Ешкімге тиіспей, өзіңмен-өзің болып жаңалық қарап отырасың. Сондай кезде біртүрлі ұсыныстармен хабар келе қалады.
— «Сәлем»
— «Танысайық!» Қайда жұмыс істейсің?»
Таныстықтың ресми жағы осымен тәмам. Келесісі: «Кездесейік те?» Әдейілеп өтірік түсінбегендей, қайтер екен деп «Жәйшә?», — деп сұрасаң, «Я тебя хочу…» деп дүңк еткізеді. Кейбіреулер сыпайылап қазақша жазады: «сен маған ұнап тұрсың, жақынырақ танысайық», дейді. Астары белгілі ғой. «Ұнап тұрсың, маған келісе сал, соңғы мүмкіндігің шығар», дейді ғой іштей баяғы.
Ал маған ол ұнай ма, менің талғамымда ма? Онда шаруалары жоқ! Одан өзге ұсыныстар да жетеді: «Шарап, сусын алып, саунаға барайық«, «Сен төсекте керемет сияқтысың! Тексеріп көрсек қайтеді?«, «Мен бірінші кездесудегі төсек қатынасын қалыпты жағдай деп есептеймін, сен неге қиналып тұрсың», дейтін жындылар да жүр.
Жоғалтатын ештеңең жоқ, нең кетеді, қыз емессің ғой майысатын! Айтқысы келгені осы да.
«Мәә, күштісің, әдемісің«, – деген комплиментті аямай лақтырады-ау. Біреуі болмаса, біреуі келісіп қалар, дейтін шығар. Тіпті рахмет, мұқтаж емеспін деп бетін қайтарып жатсаң да, «қайтпайтындар» бар.
Олар эротикалық суреттер жіберіп, өзінше «қызықтыруға» тырысады. Ондайлар қара тізімге ілігеді, ғаламтор тілімен айтқанда – бан!
Сонымен, әлгіндей үлкен әйелдермен қызық іздеп жүргендердің парақшасын ашып, суретін жақынырақ қарасаңыз — жас жігіт, қазақ. «Жасың нешеде«, – деп сұрасаң, кәдімгідей үміттеніп, «28-де, бірақ менің түсінігім мол жаным- ау», – деп қояды. Иә, осындай ұсыныс тастайтындар 28 бен 35 жас аралығындағы еріккен жас жігіттер.
Жас қыздарды көндіру қымбатқа түседі, 40-тан асқан әйелдер көнгіш деп ойлайды. Оның үстіне, күйеуі жоқ болса, байсырап жүрген болар деген ой келетін шығар оларға. Жас жігіттің өзіне көңіл аударғанына әйелдер қатты қуануы тиіс деп ойлайтын болуы керек. Нәпсісі басына теуіп тұрған шақтағы бұл жігіттердің кейбірінің ішкі мәдениеті де төмен, ондай еркектер әйелдермен басқаша байланыс орната да алмайды. Осылайша
жылдам және оңай төсек қатынасын іздеген байғұстар осылай әлеуметтік желіге қармақ салып отырады.
Сондықтан әлгіндей сорақы ұсыныстарды оқып, қорланып отырмас үшін алдымен «друзьяға» қабылдамас бұрын парақшасынан жеке мәліметті оқып алу қажет екен.