Әкесі келгенде анасы ырбиып, еркелеп қалады деген оқушы тағы да жұртты күлкіге қарық қылды. Бұл жолы 7 жасар қыз анасына алаңдап, мотивация беретін ақылын айтады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Қыздың анасына ақыл айту сәтінің видеосын оқушының өзі ТікТок парақшасында жариялаған. Балақай алдымен анасына шашын жиып, әдемі боп жүру керектігін айтады. Кейін кеудесін тік ұстап жүру керектігін алға тартады.
"Салонға барып, кірпік жалғап жүрмейсің бе? Баяғыда қақшаңдап жүретін едің ғой. Қазір неге бүйтіп үндемей қалдың? Далаға шық, апалармен әңгіме айт. Басқалардың аналары шығады. Саған айтсам, "Шыққым келмейді. Қазір әкең келеді, шай беру керек" дейсің, — дейді оқушы.
Қызының бұл ақыл-кеңесін анасы да күтпеген сияқты.
Видеоны көрген желі қолданушылары кішкентай оқушының анасына айтқан мотивациясына ерекше риза болып, тіпті көңіл күйлері көтеріліп қалған.
"Анамның маған айтатын сөздері", "Жаным сол, анасын ойлайтыны дұрыс. Өз-өзіңді тастама, қолға ал десей", "Жарайсың", "Қыз анаға жақын ғой. Жаны ашып айтып отыр. Осы қыздың видеоларын көрсем, күле берем" деп жазды желі қолданушылары.