Анама деген өкпем қара қазандай
Адамның өмірі балалық шағымен тікелей байланысты. Сәби күнімізде көрген жақсы-жаман сәттер жадымызда берік сақталып, өміріміздің соңына дейін көз алдымызда ойнақшып тұрады екен... Менің бұған көзім анық жетті.
Ес жиғалы бері анам екеуміздің басымыз бір қазанға сыйған емес. Оған деген өкпем қара қазандай…
Мен үйдің тұңғышымын және ұзақ жылдар бойы жалғыз сәбиі болдым. Десе де, өзге отбасылардағыдай ата-анам мені еркелетіп, махаббатқа бөлей қойған жоқ. Әкем күні-түні жұмыс істеп, біздің киіміміз бүтін болсын деп тынбай еңбек етті. Анам үй шаруасындағы әйел болғандықтан, көбінесе менің тәрбиеммен айналысты. Сәби күнімнен оның соқпағына шыдап келемін. Жеті жасымнан: «ыдысты дұрыс жумадың, үйді қалағанымдай тазаламадың» деп оқтаудың астына алатын. Кейін ойлап қарасам, анам маған ешқашан «Қызым, мұны былай істейсің» деп, бір нәрсені түсіндіріп, үйретпеген екен. Оны қойшы, тіпті «Қызым» деп айтқанын естімегенмін. «Семіріп барасың», «Сен өзіңді сұлумын деп ойлайсың ба?», «Қолыңнан түк келмейді», «Топас», «Өлгенің артық еді» деген сөздерді ғана естіп өстім.
Сабағыма да үнемі көңілі толмайтын. Үй тапсырмасын орындағанда бір нәрсені дұрыс түсінбей қалсам, басымнан ұрып, төбемнен нұқып, менің санасыз екенімді сан мәрте есіме түсіретін. Кейде сөредегі пышақты ала жөнеліп, «дұрыс жауабын айтпасаң, саусағыңды кесемін» деп қорқытатын. Балалық шағым – өмірімнің қиын кезеңдерінің бірі шығар. Біраз жылдан кейін отбасымызда тағы бір сәби дүниеге келді. Анамның сол жылы менің тәрбиеммен айналысуға уақыты да, қауқары да болған жоқ. Шынымды айтсам, сол уақытта оның мінезі жұмсарғандай болды. Ұлын ерекше қатты жақсы көрді. Анамның біреуге кіршіксіз махаббатпен, жылы шыраймен қарағанын сол кезде бірінші рет байқадым. Жүзіндегі күлкісі шынайы екенін сездім. Дегенмен, ешқашан әке-шешемді інімнен қызғанбадым. Керісінше, оларға қуаныш сыйлап, бақытты ететін жанның пайда болғанына қуандым. Бұл сәби әке-шешемнің арасын жалғағандай болды.
Кезінде анам әкеме сүйіп қосылды дей алмаймын. Менің ойымша, сол себепті үйімізде түсініспеушіліктер болып тұратын. Жанжалды көбінесе анам тудыратын. Әйтпесе, әкем қой аузынан шөп алмайтын, жуас кісі. Әрқашан біздің көңілімізге қарап жүреді. Кейде анамның ауыр мінезін көтере алмай қалатын да шығар. Інім дүниеге келген жылы мен біраз есейіп қалған едім. Күндіз сәбидің жөргектерін жуып, тамақ жасап, үй жинап, анамның қолын жылы суға салуға тырыстым. Ал түнде бесік тербетіп, баланың ұйқысын күзеттім. Ініме бір қарағанда ішім жылып сала беретін. Сол жылы сабағыма ерекше қызығушылықпен қарай бастадым. Көп ұзамай оқуымда біршама жетістіктерге жетіп, озат оқушылардың бірі болғаным үшін арнайы мадақтама да алдым. Бірақ сонда да анамның көңілінен шыға алмадым…
Қиналған сәттерімде көзіме жас алып, оңашада өз-өзіммен тілдесетінмін. Анамның мұндай қылықтары жайлы ешбір жанға тіс жармадым. Әлі бала болсам да, оның іс-әрекеттерінің дұрыс емес екенін сезетінмін. Жасөспірім кезімде қиналғаным есімде. Анам менің өмір сүргенімді қаламайтындай көрінетін. Үнемі титығыма тиетін сөздер айтып, жүріс-тұрысымды қатты қадағалайтын. Бір кездері оны шынайы жек көріп те кеттім. Қызының мұңайған сәтінде жанынан табылып, ақыл-кеңес берген құрбымның анасын көргенде таңданып, ерекше тамсанғанмын. Ол бойжеткен қызын сәбише еркелетіп, мейірімін төгіп отырады. Ал мен жүрегім қан жылап, «анам неге соншалықты тасжүрек болды екен?» деп ойланатынмын. Өзге балалар секілді анаммен сыр шертіскім келді. Бірақ сол күйі оның махаббатынан мақұрым қалдым. Уақыт зымырап өтті де кетті. Анамның ауыр мінезіне етім баяғыда үйреніп кеткен. Оның мені кемсітіп, мұқатып көрсеткен «тәрбиесі» өз нәтижесін бермей қоймады. Жоғарғы оқу орнына түскен жылы өзімнің ұяң, ойын ашық айта алмайтын, сөзге шорқақ болып өскенімді байқадым. «Мен әдемі емеспін. Ақымақпын. Қолымнан ештеңе келер емес, маған үнемі елдің соңы болып жүру жазылған» деген ойлар маза бермеді. Оқуға түскен жылы біршама жаны жайсаң жақсыларды кезіктірдім. Олар менің бойымнан, мен көрмеген қырларды байқап, адаммармен ашық-жарқын болуды үйретті. Өзіме деген сенімділік пен қайсарлықты оятты. «Әр нәрсенің шегі бар» демекші, уақыт өте анамның адам айтса нанғысыз сөздерінен әбден қажыдым. Оның айтқандарына қарсы шығып, өз пікірімді білдіре бастадым. Әрине, бұл оған ауыр соққы болды. Осы уақытқа дейін анам тек өзінің іс-әрекеттерін дұрыс деп санаған.
Жылдар өте отбасылық жағдайымыз жақсара түсті. Мүмкін, сондықтан болар, арқасынан біраз жүк түскен әкем, анам екеуміздің арамыздағы кикілжіңді шешкісі келетін. Ал мен болсам, анама деген өкпемді тия алмай, «тым кеш қалдың» деумен болатынмын. Әкем менің жағдайымды жақсы түсінетін. Кезінде тәрбиеме араласпағанына, барынша көңіл бөле алмағанына қаймығатындай көрінеді. Арман-мақсаттарымды орындағысы келді ме екен, әрбір бастамамды қолдап отырды. Сол үшін әкеме деген алғысым шексіз!
Қазір жасым жиырма бесте. Осы уақытқа дейін азды-көпті жетістіктерге жеттім. Оқуымды үздік тәмамдап, шет мемлекеттерді де араладым. Бала күнімнен армандаған мамандықтың иесі болдым. Әрине, бұл жерде әкемнің рөлі аз емес. Тығырыққа тірелген кездері кімге жүгіне алатынымды білдім. Әкем әрқашан ақыл-кеңесін беріп, маған жол сілтеп отырады. Жаратқанның қолдағаны болар, өмірде өз орнымды тауып, бақытқа бөлендім. Барлығы жақсы. Десе де ішімде бір түйін бар. Анам қазір мүлде өміріме араласпайды. Екеуміздің арамыз сол күйі суық. Мен оны қанша жақсы көрсем де, сезімімді ешқашан білдіре алмаспын. Осыншама жылдар бойы неліктен анамның маған жүрегі жылымай қойды? Мен не жаздым? Бұл сұрақтардың жауабын іздесем де, таба алмадым. «Қатыгездік – ата-анадан беріледі» дегенді естігенім бар еді. Ішімде «Мен де анам секілді безбүйрек боламын ба?», «Балаларымның көз жасына қалып, өмірлерінің күл-талқанын шығарамын ба?» деген қорқыныш та жоқ емес.
Syrlasu.kz