Анам арақ ішсе де жақсы көремін...
Құрметті жанашыр ағайын, арақтың кесірінен өмірімнің күл талқаны шықты. Арақ ішкен адамнан иман қашады. Ішімдік бар жерден періште қашады, береке кетеді екен. Соған көзім анық жетті. Бірақ, анам ішімдікке салынған маскүнем болса да мен үшін мәңгілік періште болып қала бермек...
Менің жасым қырыққа жақындады. Әлі үйленген жоқпын. Менің әкем-орыс, шешем-қазақ. Анам нағашы әжем мен атамның кенже қыздары екен. Екі әпкесі және екі інісі бар. Менің жасым алтыға келгенше ата-әжемнің қолында болдым. Ата-әжем сол кездері колхоздың қойын бағатын қойшылар еді. Ол кезде қойшылардың жағдайлары өте жақсы еді. Мен не кием не ішім демедім, барлығы менің көңілімді табуға тырысатын. Менің білуімше, анам мені жас кезінде тапқан. Әкемнің кім екенін білмеймін және ол туралы сөз ешкім қозғаған емес. Анам өте сұлу жан еді. Осылайша мен үш жасқа келгенде анам басқа ауданға бір орыс ағайға тұрмысқа шығып кетіпті. Мектепке баратын жылы мені нағашыларым анамның қолына берді.
Ол кезде ойын баласымын. Орыс ағайды өзімнің әкем екен деп "папалап" өстім. Ол кісі де мені баласындай көрді. Үйде орыс әжем бар. Ол кісі де мені қатты бауырына басты. Өзімнен төрт жас кіші қарындасым бар. Әкеміз бөлек болса да бір туған әкенің баласындаймыз. Осылайша бәрі жақсы сияқты еді, сөйтсем отбасының бір уайымы - анам ішімдікке салынған екен. Не жетпейді не үшін ішеді маған әлі күнге дейін түсініксіз. Әкем орыс болса да ауылдың қазағы болып кеткен қарапайым жан. Ешқашан дауыс көтеріп сөйлеген емес, арақ та ішпейді. Тапқан-таянғанын үйімізге әкеп, мас болып жатқан анамды жуындырып жүргені. Әжем болса анам мас болған күні бізді бағып-қағып, тамағызымды беріп сабаққа дайындайды.
Анам бір күн ішіп екі-үш күн сау жүреді де қайтадан арағына бас қояды. Ауылды аралап арақ іздеп кетеді. Кім беретіні, қайдан алатынын белгісіз, әйтеуір өз "сусынын" оңай тауып алады. Ал арақ ішпеген күні менің анамнан пысық жан жоқ. Өзі сондай мұнтаздай жан. Үйді ішін жылан жалағандай етіп таза ұстайды. Тамақтың да түр-түрін жасайды. Анамды бүкіл ауыл, көршілер өте жақсы көретін. Ешкімге зияны жоқ, ақ көңіл. Кейбіреулер ақылын да айтып жатады, "ия, қойдым" деп келесі күні тағы ішіп жүргені. Анам ішкен күні әкем екеуіміз ауылды аралап, біреудің қорасының артында немесе көшеде ұйықтап жатқан жерінен алып келеміз. Бар балалық шағым іштей уайым мен өртенген ұятты ойлаумен өтті. Бірақ ешқашан анамды жек көрген емеспін. Қарындасым екеуіміз жылап та, жалынып та айттық. Уәдесін береді де ұмытып кетеді.
Мектепте оқып жүргенде бір сыныптасыммен төбелесіп қалғанда, маған "көшеде жатқан алқаш анаңды жинап ал" деген сөзі әлі есімде. Сол кезде өліп қалғым келді намыстан. Тіпті өзімнен екі жас үлкен Азатпен төбелесіп қалғанда, көршім Айзат апай "алқаштың баласы" дегені де кеудемде мұң болып қатып қалды. Елдің аналарына қызығатын едім. Өзімді достарымнан төмен санап тұратын болдым, өйткені менің анам ішімдікке салынған жан.
Осылайша мен мектеп бітірдім. Енді анама қосылып әкем де ішетін болған. Сабақты жақсы оқып, суретшілік өнерім де бар еді. Облыс орталығында сәулет-құрылыс факультеті ұйымдастырған конкурстан менің сызба-жобам бас жүлдені жеңіп алып, университет арнайы грант берді. Қайдан барамын оқуға, қарындасымды аядым. Мен кетсем өлмелі кемпір мен қауқарсыз жас қарындасымның жағдайы не болмақ. Екеуі бірдей ішкен күні отбасымыздың берекесі кетеді. Әжем бұрынғыдай емес мүлдем қартайған. Қолымнан барлығы келетін шебер болғандықтан маған ауылда жұмыс көп. Тапқан ақшамды жинап, үй-жайымыздың іші-сыртын ретке келтіріп, жаңа жиһазға толтырдым. Қора-қопсы мен моншаны жаңадан салдым. Құрдастарым бәрі армандарын арқалап қалаға кеткенде жалғыз өзім сопиып ауылда қалдым.
Қарындасым оқу бітіріп, Алматыға оқуға түсті. Барлық тапқан-таянғанымды соған жібердім. Тіпті іздеп барып та тұрдым. Мақсатым - жалғыз артымнан ерген қарындасымды адам қылу. Осылайша уақыт өтіп қарындасым жақсы жерге тұрмысқа шықты, оқуын бітірді. Анамды емдетіп те көрдік еш пайда болмады. Арақтың кесірінен жүрегі тоқтап қайтыс болды. Бір жылдан соң кәрі әжем төсек тартып жатып қалды. Ол кісінің барлық күтімі маған қарап қалды. Дәретханаға да жете алмай қалды. Ол кісі де көз жұмды. Қазір әкем екеуіміз. Әкем арағын әлі қоймаған. Бірнеше рет ұрып та салдым. Қоймады. Менің өмірім осындай болғанына кейде налып жылаймын. Үйлене қоятын ауылда қыз қайда? Алқаштың баласына кім қызын берсін. Ауылда тіпті елдер еңбегімді пайдаланып қора-қопсығын салдырып, еңбек ақымды да бермей кеткендер көп болды. Барлығы да менің «іздеушісі жоқ алқаштың баласы» деп басынады. Сыныптастарымның барлығы оқыған, отбасылы. Менімен араласатындары некен-саяқ. Жуықта қарындасым хабарласып, "Алматыға кел, жұмыс тауып, жаңа өмір баста» дейді. Мен кетсем далада үсіп өлетін түрі бар әкемді қалай тастап кетемін, алып кетсем ол кісі қайда сыяды. Арағын да қоятын түрі жоқ. Тіпті жалынып, сұрап жүріп ішеді. Арақ отбасымыздың түбіне жеткен арам су. Кейде анамды сағынамын, арақ ішсе де әркімнің анасы өзіне періште! Ішімдікке салынса да қасымда жүргенінің өзі бір бақыт екен ғой!