Амалсыздан азаматтық некені таңдадым...
23 жыл отасқан күйеуіммен ажырастым. Оған себеп – оның ашынасы. Жаныма қатты батқаны – күйеуімнің бар еркелігін де есірлігін де көтерген едім. Тіпті жұмыс та істемеген еш уақытта. Соған қарамастан өзім саудамен айналысып, несиеге көлік алып бердім. Ал ол сол көлігіне отырып алып, көңілдесімен сайран салып жүрген.
«Ажырасу процесі» өте ауыр болды, яғни екеуіміз кәдімгідей төбелесуге дейін бардық. Көлікке таластық, артынша оның көңілдесін тауып алып, онымен қырылыстым. Ал күйеуім жеме-жемге келгенде соны қорғап шықты.
Үш баламыз бар. Екі ұл, бір қыз. Үлкен ұлымыз қазір 25-те. Әке-шешесінің осылай екіге айрылғаны, әлбетте балалардың жандарына қатты батты. Әсіресе екі ұлдың.
Күйзеліске ұшырап, бір жылдай жұмысқа шықпай қойдым. Күні-түні бүктүсіп жатып, тіпті ас та батпады. Осылай қиналып жүргенімде анам марқұм көп көмектесті. Ақылмен де, ақшамен де. Бір күні 10 жастағы қызым жылады қатты. «Қашанғы осылай жатасың?» дегені тура «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильміндегі баланың «саған бала емес, бай керек» дегенімен бірдей болды. Сол кезде есімді жидым.
Араласып жүрген әйелдер көңілімді көтермек болып, ара-тұра кафеге апарып жүргенде бір еркекпен таныстым. Сол кездері ол да әйелінен бөлек тұрып жатыр екен. Шынымды айтсам, мен соны жақсы көрмедім. Рас, мүлде ұнамады деп те айта алмаймын. Бірақ жалғызсырап жүргенімде демеу болды. Алғашында қыз бен жігіт сияқты кездесіп жүрдік. Тығылып.
Мен саудама қайтып оралдым. Арада бір жылдай уақыт өткенде ол «жарыққа» шыға бастады. Дәл қазір ол маған қатты керек. Жұмысы жоқ болғандықтан маған көмектесіп жүреді. Әйтеуір көлігі бар. Ал саудада көлік аса қажет. Соның көлігімен таңғы сағат алтыда базардан базарға тауар тасимыз. Базар тарқағанда тауарларды қоймаға өткіземіз. Ал ұлдарым өкінішке қарай, әкелері сияқты жалқаулау. Таңғы сағат алтыда тұрып, менің тауарларымды әрлі-берлі таситын олар ма? «Іштен шыққан шұбар жылан», қайтейін. Бар тапқан-таянғанымды солардың ауыздарына тығамын. Жұрттан кем болмасын деп киім әперемін. Ал «көңілдесім» байқұс еш ренжімейді. «Сені қатты жақсы көремін, аяймын. Сондықтан да, бәріне көнемін» дегені шындық. Оған өз басым сенемін.
Енді әңгіменің тоқетеріне келсем, балаларым екі күннің бірінде әлгімен алысады. Үлкен ұлым бірде ішіп алып, шу шығарды. «Сені басқа еркектің қойнында жатқаныңды көргім келмейді» дейді. Оны да түсінемін. «Ондай болса, Мараттың жасағанының бәрін істе, қуып жіберейін» дедім. Солай жасадық та. Алайда екі ұлым да сөздерінде тұрмады. Бар-жоғы бір аптадай көмектесіп жүрді де, кейінірек айқайлап-аттандап жатсаң да ұйқыдан тұрғыза алмайтын халге жеттім.
Өстіп жүргенімді естіп Марат базарға келіпті. Жылап жібердім. Таңертеңгісін ұлдарымды орындарынан тұрғыза алмай, қиналып кеткен едім. Сөйтіп Марат өмірімде қайта пайда болды. Ал балаларым баяғы әндеріне қайта басты. Кейбіреулер «ұлдарың ер жетті. Олар енді өз күндерін өздері көрсін. Сенің өз өмірің бар. Ақыры саған жандары ашымайды екен, өз қамыңды өз ойла» деген ақыл айтады. Қалай? Олар менің бауыр еті балаларым ғой. Оларды тентіретіп қойып қалай жайбарақат жүрмекпін? Мен тек солар үшін өмір сүріп жүргенім жоқ па?
Қысқасы, «шақшадай басым шарадай болды». Шынымды айтсам, өмірден шаршадым. Тіпті туған-туысқан, таныс-тамырлардан да қатты ұялатын болдым. Жасы 50-ге тақап қалған әйелдің «сожитель» еркекпен көңіл қосқаны жақсы емес. Оны білемін. Бірақ басқа амалым қане? Мен бір күн саудаға шықпадым ба, сол күні үйде тамақ жоқ деген сөз. Ал әкелерінен еш қайыр жоқ. «Баяғы әйелге қосылып, жағдайы жақсы болып кеткен бе» деп қалмаңыздар, ол қазір ішімдікке салынып кеткен. Бұрындары менің айқайыммен ғана арақ ішпей жүретін. Әйтпесе сол бір жынды суға бейімдігі бар. Шынымды айтсам қатты шаршадым.
Алма, Қызылорда қаласы
alashainasy.kz/